Аймақтар • Бүгін, 08:45

Мәшһүр Жүсіп ауылындағы оң тірлік

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ауыл әкімі – ауылдың дамуындағы негізгі қозғаушы күш. Баянауылдың шеткі елді мекендерінің бірі Мәшһүр Жүсіп ауылы кейінгі жылдары түрленіп, келбетінің арта түсуін жергілікті жұрт ауыл әкімі Сәбит Кенжалиннің іскерлігімен байланыстырады. Жас әрі әлеуеті мол басшы биыл көптің қолдауымен екінші мерзімге сайланды.

Мәшһүр Жүсіп ауылындағы оң тірлік

Орталығына әулие Мәшһүр Жүсіптің есімі беріл­ген Жаңажол ауылдық окру­гін­дегі соңғы өзгерістерді байқамау мүмкін емес. Мұнда кейінгі бес жылда ауыл хал­қы­ның тұрмысын арт­ты­ру­ға, көріктендіруге маңыз беріліп, іргелі іс тындырылды. 2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында орта мектеп пен медициналық пункт күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңаша келбетке ие болды. Ауыл ішіне асфальт салынып, жарық шамдары орнатылды. Қазір түнгі уақытта самаладай жарық болып тұрады. Кейін орталықтандырылған ауызсу жүйесі тартылып, округке қарасты барлық ауылда (Мәшһүр Жүсіп, Қарашоқы, Бүркітті) ұялы байланыс қосылды. Мұнда бүгінде жалпы саны 600-дің үстінде халық бар.

– Бозбала шағымызда ел үл­кендері ауылға билік өкіл­дері келсе, көбіне жеке мәсе­ле­мен барып жолығатын. Қазір ауыл халқы әкімдерге ортақ, қоғамдық мәселелермен келеді. Тек кейде ауылдан үй салуға жер алу үшін азаматтар хабарласады. Бұл жағдай ел тұрмысының артқанын білдірсе керек. Әрине, жетім балалар асырап отырған, көпбалалы отбасылар бар­шы­лық. Оларға жөнімен көмек көрсетіледі. Қазіргі адам­дар­дың ойы – ауылды түлету, жаңа­дан жұмыс орындарын құ­рып, ауылды одан әрі жайлы ете түсу, – дейді Сәбит Мұратұлы.

Келер жылы ауылға оп­тика­лық талшықты желі тар­ты­лып, ауыл халқы сапалы ин­тернет көзіне қосылады деп күтіліп отыр. Жуықта аудан әкімі халықпен кездесуінде көтерілген тағы бір мәселе – жергілікті қоқыс полигонының маңайын қоршау. Ол бойынша сметалық құжаттар әзірленіп, бюджетке өтінім жіберілген. Ол да келер жылы шешімін табады деген сенім зор. Биыл Қарашоқы ауы­лы­ның көшелеріне асфальт төселіп, жарық шамдары қойылды. Аумақта 38 шаруа қожалығы, 6 жеке кәсіпкерлік, 1 ЖШС мал шаруашылығымен шұғылданады. Мәшһүр Жүсіп ауылынан 18 шақырым жерде Жарлыкөл деп аталатын көл бар. Оны «Болашақ» шаруа қожалығы жалға алып, бүгінде тұқы, ақ амур, алабұға, мөңке балықтары, шаян өсіріледі. Көлде балық қоры мол болуына байланысты әуесқой балықшылар бір шеті Павлодар мен Қарағанды, бір шеті Астанадан үзбей келіп жатады.

а

Биыл ауылға жақын жер­де­гі 2 355 гектар лимандық жер қалпына келтірілді. Бұл алқаптар сонау кеңес заманынан бері бұзылып, пайдаланусыз жатып қалған. Енді ауыл халқы лимандарға ала жаздай төрт түлігін жайып, қысқа қажетті мал азығын шауып алады. Екінші тұрғыдан лимандар жазғытұрым Ащысу өзені арқылы мол су лап қойғанда кішігірім суқоймасының рө­лін атқарады. Қызыл судың көп бөлігі осы жерде іркіліп, қалып қояды. Нәтижесінде, бұрынғыдай автожолдар мен елді мекендерге тасқыннан қауіп төнбеуі керек. Жақын жылдары мұнда көпжылдық шөптерді егу көзделіп отыр. Нәтижесінде, кәдімгідей қорық пайда болып, 2 адам қосымша жұмыс орнымен қамтылады. Осылайша, инженерлік құрылыс ауыл экономикасына жаңа серпін сыйламақшы.

Мәшһүр Жүсіп ауылы биыл «Ішімдіксіз ауыл» атанды. Ауылдағы екі дүкеннің иесі ішімдік атаулыны сатудан бас тартып, билікпен, құқық қорғау органдарымен арнайы меморандумға отырған. Ұрлық деген атымен жоқ. Ел азаматтарының бірігуімен мешіт те жөнделіп, имандылыққа ұйып жүргендер көбейе түскен. Ал 2022 жылы қазақ энергетикасының атасы Шапық Шөкиннің атына ашылған мұражай бүгінде келімді-кетімді меймандар жиі баратын орынның біріне айналған. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 8 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Тағы бір жетістік, ауыл хал­қының таза­лық­қа мән бере­тінін байқаған облыс экологтері жыл сайын ұйым­дас­тырылатын аймақ­тық «Үлгілі ауыл» байқауында жеңімпазға бері­летін жүлденің бірін Мәшһүр Жүсіп ауы­лына тағайындап, нәтижесінде 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табыс етіл­ді. Бұған қоса бонустық трансферт бөлін­ді. Бұл байқау Мемлекет басшысының на­за­­рын­­дағы «Таза Қазақстан» экологиялық ак­ция­­сы аясында ұйымдастырылғанын атап өтейік.

– Осы қызметке келген күнімнен бастап әулие бабамыз Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлының шарапатын сезінемін. Қан­дай тәуір іс бастамайық, жолымыз бо­­лып жүріп кетеді. Ғұламаның шөбе­­ресі Абай Шәрәпиевтің бас болуымен Мәшһүр Жүсіптің қонысы болған Сары­бұ­лақ­та ағаш отырғызу, көріктендіру жұмыс­тары үзбей жүріп жатыр. Тек биыл демеу­шілер қаражатына 170 түп қарағай, жеміс ағашы отырғызылды. Тіпті ол жерге күн панельдері қойы­лып, оған жал­ғанған сорғы жас көшеттерге тамшылату арқылы су жеткізіп тұра­ды. Атамыздың кесенесі басында мәжіліс залы салынды. Қара күз түскенше апта сайын ауылымызда сенбілік ұйым­дастырылады. Бір қуан­тарлығы, келер жылы әкімдікке су жаңа қызметтік көлік беріледі. Бұған дейін ауылдық медпунктке де жаңа жедел жәрдем көлігі алынған. Мұндай игіліктер біздің жұмы­сы­мызды алға бастырады, – дейді ауыл басшысы.

Ауыл балалары мен жастары – спортшыл. Волейболдан көптеген шебер ойыншы өсіп шығып, еліміздің белгілі командаларында ойнап жүр. Атап айтқанда, Серік Асқар «Атырау» волейбол клубының, Айзат Азмахан «Ұшқын-Көкшетау» клубының – белді ойыншылары.

Мектеп оқушыларының роботтехникаға әуестігі де көрген жанды тамсантады. Физика және информатика мұғалімі Асқар Аюпов балаларды роботбағдарламалау тіліне талмай үйретіп жүр. Ал ауыл  тұрғындары бала­ларының сабақтан бос уақы­тын­да пай­далы әрі келешегі зор ғылым түрімен шұғыл­данатынына дән риза. Мұнда біраз жыл­дан бері роботтехника сабақтары тек инфор­матика пәні аясында ғана оқытылып қой­май­ды, апта сайынғы үйірме түрінде де жал­ғасып келеді. Түрлі механикалық тетік­тер мен жаңа технологияларды жасанды ин­тел­лектімен байланыстыратын қолдан­ба­лы өнерге бой ұрған жас ұрпақтың қазірде қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Ауылдық мек­теп ішінен құрылған командалар рес­­пуб­­ликалық, облыстық роботтехника турнирлерінде топ жарып жүр.

Айрандай ұйыған Мәшһүр Жүсіп ауылының бүгінгі тірлігі – осы. Келешекте әкім мен ауыл адамдары бірлесіп, сырттан келетін туристер үшін қызмет көрсету орындарын ашуды да мақсат етіп отыр. Келер жылы мұнда аспан астындағы этно­графиялық музей құрылады деп жоспарланған. Мәшһүр ата ауылындағы жоба-жос­парлар орнымен орындалып, қазақтың тағы бір ауылының жұлдызы жарқырай берсін деген тілек айтамыз.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Мәшһүр Жүсіп ауылы