Қоғам • Бүгін, 08:40

Тең мүмкіндік алаңы

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарағанды облысы мүгедектігі бар адамдардың саны жөнінен республикада үшінші орында. Қарағанды қаласының өзінде 25 мыңнан астам мүгедектігі бар жан тіркелген. Олардың көпшілігі өз құқығын біле бермейді, мемлекет тарапынан жасалып жатқан тиесілі көмекті толық көлемде алмайды. Қарағандыдағы «Ten Qogam» әлеуметтік бейімдеу орталығы осы бағытта біршама шаруаларды өз міндетіне алған.

Тең мүмкіндік алаңы

Орталық бір терезе қағидатымен жұмыс істейді, мүгедектігі бар жандардың мемле­кеттік органдармен кездесуі осы арада ұйымдастырылады, мүгедектігі бар жандардың өзекті мәселелерін шешуге көмектеседі. Жұмысқа орналасуға жәрдемдесуден басқа, әлеуметтік бейім­делу, заңгерлік, психологиялық көмек көрсету қызметі де бар. Сонымен қоса, мемлекеттік қызметті алуға қажет құжат­тарды рәсімдеуге, әлеуметтік қыз­меттер порталында жеке оңалтудың техникалық құралдарын таңдауға жәрдем­деседі. Жалпы, мұнда азаматтар бір ғана емес, бірнеше мәселемен келеді.

Әсілінде мүмкіндігі шектеулі жанның да бір ғана мәселесі болмайды. Баспана, коммуналдық төлемдер, жеке оңалтудың техникалық құралдарымен қамтылу, психолог, заңгерге сұрақтар секілді мәселелер бірінен кейін бірі туындауы заңды дүние.

– Келген адамның мәселесін тыңдап, оны тиісті маманға жіберемін. Санаторлық-курорттық ем алуға, жеңілдіктер туралы, мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды, халыққа қызмет көр­сету орталығынан алатын қызметтерді түсіндіріп, сол жерге дейін алып баратын кездер болады, – дейді әлеуметтік қызметкер Бауыржан Досжан.

Әлеуметтік бейімдеу орталығының жетекшісі Нияз Сүндеталиев мұнда жұмыс іздеушілермен қатар, жұмыс берушілер де жиі келетінін айтады.

– Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа алуға дайын жұмыс берушілер аз емес. Қазір оларға мемлекет тарапынан айтар­лықтай жеңілдік бар. Мәселен, мемлекет мүгедектігі бар адамның еңбекақысының жартысын субсидиялайды. Ол адамды жұмысқа алған кезде арнайы теру машинасын жарықтандыру, тактильдік нұсқаулық, дыбыстық құралдарды орнату қажет болса, мемлекет оның да шығындарының бір бөлігін өтеп беруге әзір. Көп жұмыс берушілер бұл туралы біле бермейді. «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», әлеуметтік жұмыс орны, басқа да жобалар бұл адамдарды жұмысқа орналас­тыруға септігін тигізеді, – дейді Н.Сүндеталиев.

Орталық мамандары электронды түрде келген мәселелерді жазып алады, содан соң оны шешудің толық алгоритмін көрсетіп, не істеуі керектігі жөнінде бағыт береді. Қандай да бір мәселе туындаса, заңгер мен әлеуметтік қызметкер көмектеседі.

– Біз – қоғам мен мемлекетті байланыстырушы ұйымбыз. Қарағандыда 25 мыңнан астам ерекше жан бар. Оның барлығы қамтылды деуге болмас. Әлі де атқаратын үлкен жұмыстар күтіп тұр, – дейді орталық жетекшісі.

Орталықтың алдағы уақытта қолда­ныстағы әдістерді жетілдіріп, көрсетіп отырған көмек түрлерін тереңдете түсу жоспары бар. Қазір оннан аса маман қызмет көрсетіп отыр. Шақырту болса, орталық мамандары үйге барып, кеңес береді. Келе алмаса, телефон арқылы да немесе мессенджерлерге жазып та қызметкерлерден керек кеңесін ала алады.

Орталыққа келушілер әсіресе, психо­логтің көмегіне көп жүгінеді екен. Мүгедектігі бар адамдардың көп жағдайда психологиялық кедергілерге тап болатыны рас.

– Қоғамның қабылдамауы жиі ұшы­расады. Біз адамға психологиялық қорған жасауға көмектесеміз. Қоғамдық байланыстарды дұрыс қабылдай алуды үйрену керек. Кім не десе де, алған бетінен таймай, мақсатына қарай ілгерілей беру керектігін айтамыз. Проблеманы жылы жауып қоюға да болмайды, оған мән бермегенімізбен, ол өздігінен жойылып кетпейді. Мүгедектігі бар адам проблеманы өзінің денсаулығы мен психикалық жағдайына зиян тигізбейтіндей тұрғыда реттей алуы керек. Мұны тренингтерде, қажет болса жеке қабылдауларда айта­мыз. Тренинг түрлі тақырыпты қозғайды. Жұмыс берушімен кездесуде өзіңді ұстау, өз қорқыныштарыңды жеңе білу, ұжымда, қоғамда, отбасында өзіңді ұстау, сенімділікті арттыру, басқа да тақырып­тарды талқылаймыз. Орталыққа күніне кемі он адам келеді. Нақты маған бір-екі адам, кейде одан көп болуы да мүмкін, – дейді психолог Камила Тоқжұманова.

Заңгер қызметіне күнделікті жүгіне­тіндер көп.

– Мүгедектік тобын ауыстыру, тұрғын үй кезегіне тұру, мүлікті бөлу сынды мәселелерге қатысты құқықтық көмек сұрай келеді. Соңғы кеңесіміз несиелеуге қатысты, несиені жабу жөнінде болды. Мүгедектікке қатысты берілетін жәрдемақыдан несие қарызы ұсталып келген. Заң жүзінде мемлекеттік жәрдем­ақыдан өндіріп алуға болмайды. Біз келген адамның атынан прокуратураға шағым жазуға көмектестік. Жұмыс орнында жұмыс беруші адамның құқықтарын бұзса, ол адамның біздің орталыққа келіп, кеңес алуға мүмкіндігі бар, – дейді орталық заңгері Айнаш Иргибаева.

Аймақ басшысының бастамасымен осындай орталық Балқаш, Теміртау қала­ларында да ашылды. Орталық мүге­дек­тігі бар жандарға мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекер қызметін әрі қарай жетілдіре береді.

Бұған дейін орталық жетекшісі облыс әкімінің мүгедектігі бар жандардың мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі ретінде барлық деңгейдегі әкімдердің мүгедектігі бар адамдар жө­ніндегі кеңесшісінің болуы туралы бас­тама көтерген еді. Бүгінде барлық қала, аудан әкімдері жанында мүгедектігі бар адамдардың мәселелері жөніндегі кеңесші бар.

– Аудан, қала әкімдігі деңгейінде шешілмеген мәселелер бізге келіп түседі. Егер облыс деңгейінде шешілмесе, мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы үйлестіру кеңесіне жолданады. Онда мен Қарағанды облысы бойынша өкілмін. Бұл әдетте республикалық бюджет шеңберіндегі мәселелер, өзгерістерді қажет ететін нормативтік-құқықтық актілер, заңдар, министр бұйрықтарына қатысты мәсе­лелер. Сонымен қатар облыстағы бірқатар басқармамен бірлескен телеграм чаты жұмыс істеп тұр. Онда мүгедектігі бар кез келген адам өзінің мәселесі туралы жазуына болады. Арыз-шағым, талап-тілектер міндетті түрде қаралады, – деді Н.Сүндеталиев.

 

Қарағанды облысы