Білім • 27 Қараша, 2025

Батырлар жырын толғады

80 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Ұлытау облы­сы, Сәтбаев қала­сында алғаш рет «Кі­тап оқитын ұлт» жо­басы аясында облыс­тық «Жүз жол жыр» байқауы өтті.

Батырлар жырын толғады

Байқаудың мақ­са­­ты – өскелең ұр­­пақты кітап оқу­ға,­ хал­қымыздың рухани асыл мұрасына деген сүйіс­­пен­шілігін ояту оқу­шы­лар­дың шығар­ма­шылық пен зият­керлік қабілетін да­­мытып, қазақ хал­қының батырлық эпостарын наси­хаттау. Жыр додасының іріктеу кезеңі қыр­күйек айында өткен еді. Жо­баның авторы Абай Ораз­дың айтуынша, өңірді аралап кітапқұмар, зерделі жет­кіншектерді іздеген. Сайысқа Ұлытау облысынан 4–16 жас аралығындағы 118 бала қа­тысты. Байқаудың талабы бойын­ша қатысушылар «Алпамыс батыр» жырының мазмұнын толық біліп, өз жасына сай жырдан үзінді жатқа айтуы қажет. Сондай-ақ жырдағы көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, мазмұнға байланысты қойылған сұрақтарға жауап береді.

«Алпамыс батыр» жыры­ның түрлі нұсқасы бар. Сон­дықтан сайысқа қатысушылар 1990 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Төрт батыр» кітабына кірген «Алпамыс батыр» жырын жаттады. Жас ерекшелігіне сәйкес жыр жаттау төрт топқа бөлінді: 4–7 жас (50–80 жол), 8–11 жас (100–130 жол), 12–15 жас (150–170 жол), 16–20 жас (200–230 жол). Жеткіншектер өнерін белгілі қаламгер, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлім­жанов бастаған қазылар ал­қасы бағалады.

Байқау барысында әр жас шамасындағы балалар өте бел­сенділік танытты. Олар жырды айтқанда образға кіріп, түрлендіріп, тыңдаушыларын үлкен әсерге бөледі. Айталық, жаңа­арқалық Әли Аманжан атты бала «Алпамыс батыр» жырын толық жаттап, жұртты таң­ғалдырды. Ең кішкентай қа­тысушы Сәтбаев қаласынан кел­ген төрт жасар Айзере Әбіл­қасымға көрермен сүйсіне қара­ды. 5–7 жас қатысушылар арасында Балшайым Көршіхан, Ғалым­жан Байшат, Қауқар Баш­­пай, Көркем Дастан есімді бала­лар балдай тілімен, сақ жауын­гері­нің киімін киіп сах­наға жар­қырап шығып, елді аузына қаратты.

Сондай-ақ мәдени шарада белгілі жыршы Баянғали Әлімжанов «Манас» жырынан үзінді айтса, танымал әнші Серік Оспанов Ақтамберді термесін төгілт­ті.

Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегер­леріне І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом, сондай-ақ ынталандыру сыйлық­та­ры берілді. Жүлде жас ерек­ше­лігіне сәйкес тағайын­дал­ды. Өңірдегі меценаттар мен ұлттық өнерді қолдаушы аза­мат­тар қосымша жүлде та­ғайын­­дады.

Ұлытау ауданының Шең­бер ауылынан келген Иса Шам­бұлхан (8 жас) мен Таң­шолпан Дулатқызы (16 жас) бас бәйге иеленді. Балаларды баптаған әр мектептен келген жетекшілер де олжалы оралды. Оларға Баян­ғали Әлімжанов өз қолтаңбасымен «400 тәтті тақпақ» пен «Абылайхан мен батырлар» кітабын тарту етті.

 

Ұлытау облысы