Алқалы жиынға NU Қазақ тілі жəне түркітану департаментінің басшысы, профессор Юлай Шамиль оғлы, әдебиеттанушы, ҰҒА академигі Бауыржан Омаров, тілші-ғалым, ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиев, Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары, PhD Ақерке Абылайхан, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының директоры Болат Мүрсәлім қатысып, жаңа жинақтарға қатысты ойларын ортаға салды.
«Қазіргі әдебиеттану: деколониялық дискурс» атты көлемді еңбек үш тараудан тұрады. Атап айтсақ, «Ұлы даланың асыл сөзі: Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Абай Құнанбайұлы», «Алаш: ғылыми дискурс», «Қазіргі әдебиет». Аталған жинақта қазіргі әдебиет заманауи оксиденталды дискурс тұрғысынан қарастырылған. Алаш әдебиеттануының теориялық қағидалары қазіргі әдебиет пен әдебиеттанудың негізін анықтаушы басты тұғыры деп айғақталған. Абайтану ілімін осыдан 120 жыл бұрын қалыптастырған Алаш әдебиетшілері – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабай, Смағұл Сәдуақасұлы, Сәкен Сейфуллиндердің ұлттық әдебиеттегі отарсыздандыру контенті қазіргі әдебиеттанудың басты дискурсы ретінде анықталған.
Автор кітапта «Әлемдік әдебиетті танытатын әдебиеттану ғылымы бүгін қандай жаңа бағытты ұстануда? Әлемдік әдебиет пен әдебиеттану жаһандану кезінде неге оксиденталды ұстанымға бейім? Нобель сыйлығын алған мәтіндерде оксиденталды ұстаным неге басым?» деген сынды сұрақтарға жауап іздейді.
Қос жаңа жинақ қазақ әдебиеттану ғылымын зерттеуге ынталы әр ізденушіге бағыт-бағдар болары сөзсіз.