Moody’s берген бұл бағалар «Отбасы банктің» тұрақты, сенімді және жауапкершілігі жоғары қаржы институты екенін көрсетеді. Бүгінде банк активтер көлемі бойынша елдегі екінші деңгейлі банктер ішінде 4-орында, ал меншікті капитал бойынша 5-орында тұр. Биыл банк өнімдерінің арқасында 62 363 отбасы баспаналы болып, қоныс тойын атап өтті.
Тағы біраз азамат үшін мұндай игілікке қол жеткізу мүмкіндігі әлі де бар. «Отбасы банк» қазіргі уақытта «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдап жатыр. Өтінім қабылдау 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін жалғасады. Осы кезең аяқталған соң қатысушылар пулдары қалыптасып, одан әрі кредиттік өтінімдерді қабылдау, тұрғын үй іздеу және қарыз беру кезеңі басталады. Бүгінде бағдарламаға 19 580 өтінім сәтті тіркелді. Оның ішінде 3 119 өтінім тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтардан түскен.
«Наурыз» бағдарламасына қатысушылардың басым бөлігі – 35 жасқа дейінгі жастар. Тұрғындардың ең көп таңдайтын қалалары – Алматы, Астана, Шымкент. Биылдың өзінде бұл бағдарлама 7 404 отбасының қоныс тойын тойлауына мүмкіндік берді.
Банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында қарыз беруді де белсенді түрде жалғастырып келеді. Бұл – бүгінде еліміздің барлық өңіріндегі көптеген азамат үшін ең қолжетімді және кеңінен қолданылатын негізгі құралдардың бірі. Осындай тұрақты әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі банктің кредиттік портфелінен айқын көрінеді. «Отбасы банктің» үлесі еліміздегі бүкіл ипотекалық портфельдің 51%-ын құрайды. Ал жалпы кредиттік портфель көлемі 3 885 454 миллион теңгеге жетті.
Қазір тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне еліміздің 3,3 млн азаматы сенім артып отыр.
Жеке тұлғаларға болашақтағы баспанасы үшін қаражат жинауға мемлекет те қолдау көрсетеді. Жыл сайын мемлекет депозит сомасының 20%-ына дейінгі сыйлықақыны (максималды 200 АЕК) есептеп береді. 2025 жылы да бұл мүмкіндік сақталады. Жыл соңына дейін, яғни 31 желтоқсанға дейін, депозитке 786 400 теңге салсаңыз, максималды сыйлықақы ретінде 157 280 теңге алуға болады.