Фото: Дауд Абу Алкас, Reuters
Оның айтуынша, көп жылдық қозғалыс шектеулері мен соғыс салдары ондаған жылдық прогресті күйретіп, Газаны да, Батыс жағалауды да құлдыратты.
«Жағдай аса алаңдатарлық. Газа тарихта болмаған экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатыр», деді ол.
Газадағы ЖІӨ 83 пайызға төмендеді
UNCTAD деректеріне сәйкес, 2024 жылы Газаның ЖІӨ алдыңғы жылмен салыстырғанда 83%-ға құлдыраған. Жан басына шаққандағы ЖІӨ жылына 161 долларға дейін төмендеген – бұл тәулігіне 50 центтен де аз, әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Сектор экономикасының көлемі 2022 жылғы деңгейдің небәрі 13%-ын құрайды.
UNCTAD-тың палестиналық халықты қолдау бағдарламасының жетекшісі, аға экономист Мутасим Элаграаның айтуынша, дағдарыс Газаны 70 жылға артта қалдырды.
«2022 жылдан бері Газаның экономикасы өз құнының 87 пайызын жоғалтты. Жан басына шаққан ЖІӨ 22 жыл бұрынғы деңгейге түсті. Бұл соңғы ондаған жылдағы ең ауыр экономикалық дағдарыс», деді ол.
Оның айтуынша, жұмыссыздық деңгейі жалпы есеппен 50%-ға жеткен, ал Газада 80%-дан асып кеткен.
Батыс жағалау да құлдырап барады
Батыс жағалау да тарихтағы ең күрделі экономикалық төмендеуді бастан өткерді. 2024 жылы ЖІӨ 17%-ға, жан басына шаққан кіріс шамамен 19%-ға азайды.
UNCTAD бағалауынша, тұрақсыздықтың күшеюі, қозғалысқа қойылған қатаң шектеулер, қоныстардың кеңеюі және Батыс жағалаудағы ауылшаруашылық жерлерінің 60%-ына қолжетімділіктің жоғалуы «экономикалық өсімді ондаған жыл бойы тұншықтырып», қалпына келу мүмкіндіктерін айтарлықтай тежеп отыр.
Мореноның айтуынша, Палестинаның қаржылық жағдайы «тарихтағы ең нашар деңгейде».
Білім беру жүйесі күйреді
Баяндамада Газадағы барлық мектеп пен ЖОО-ның қирауы балаларды білім алу мүмкіндігінен айырғаны айтылды. Сарапшылардың айтуынша, мұның зардабын бірнеше ұрпақ көреді.
«Білім беру, дағды қалыптастыру жүйесі және адами капиталдың бүкіл іргетасы талқандалды. Газа 70 жылдық дамуын жоғалтты», деді Мутасим Элаграан
БҰҰ, ЕО және Дүниежүзілік банктің бірлескен бағалауы бойынша Газаны қалпына келтіру үшін 70 млрд доллардан астам қаражат қажет.
Қираған нысандарды толық тазарту 22 жылға созылуы мүмкін, ал жарылмаған оқ-дәрілерді жою 10 жылға дейін ұзайды.