«Айналым қаражатына 3,5 млрд, инвестицияға 7 млрд теңгеге дейін берілетін қаржылық қолдауды шағын және орта кәсіпкерлік нысандары пайдалана бастады. Ақтөбе облысында осы бағдарлама арқылы 70 жоба қаржыландырылды», дейді «Даму» қоры Ақтөбе филиалының директоры Айнагүл Ниязова.
«Даму» қорының жергілікті филиалы өңірде «Өрлеу» бағдарламасына қатысып отырған бірнеше кәсіпорынның жұмысын көрсетті. Солардың қатарында Ақтөбе полиэтилен құбырлары зауыты, «Наным» серіктестігі, «Easy» атауымен тұрмыстық химия шығаратын «Epsilon Group» серіктестігі бар. Бұл кәсіпорындар жеңілдетілген несие алып, мемлекет қолдауын өндірістік цехтарды жаңартуға және жаңа қондырғылар сатып алуға жұмсаған.
Ақтөбе полиэтилен құбырлары зауыты 2011 жылы іске қосылған. Жылына 20 000 тоннадан аса өнім шығарады әрі оны елдің әр аймағына таратады. Кәсіпорында заманауи өндірістік желілер, теміржол тұйығы, арнаулы техникасы бар автопаркі, қоймалары мен зертханасы жұмыс істейді. Өндіріс цехында «Krauss Maffei Technologies GmbH» компаниясының әр көлемде құбыр дайындайтын 3 желісі орнатылған.
«Біздің кәсіпорында әртүрлі өлшемде, орташа, жоғары қысымға шыдас беретін су, газ, кәріз құбырлары шығарылады. Жарамдылық мерзімі 50 жылға дейін созылып, жер астында шірімейді, бүлінбейді. Өндірістен шыққан құбырлардың әрқайсысына өз зертханамызда сынақ жүргізіліп, сапа және сәйкестілік сертификаты беріледі. Жұмыс ерте көктемнен бастап желтоқсанның соңына дейін тоқтамайды. Өйткені құбыр төсеу жұмыстары жылы мезгілдерде жүргізілетіндіктен, мердігерлердің жұмыс кестесіне сай шығарамыз. Қыста бір ай демалып, жабдықтарды жөндейміз, цехтарды тазалаймыз. Бұл күндері жер қазу, құбыр төсеу жұмыстары саябырлағандықтан, бізде де жұмыс көлемі азайды. Кәсіпорында 40 адам еңбек етеді. Жұмыс қызған уақытта үш ауысыммен жұмыс істейміз», дейді өндіріс басшысы Жомарт Жаймағамбетов.
Елдің әр өңірінде полиэтилен құбырларын шығаратын зауыттар көбейсе де, олардың бәрінде ортақ мәселе бар. Кәсіпорындар арзан әрі сапалы шикізатқа әлі күнге дейін зәру. Құбыр жасауға қажет полипропилен этил және пропан қосындыларынан тұрады. Ал бұл шикізатты елімізде шығаратын жалғыз өндіріс орын – Атырау облысы Қарабатан кентіндегі «Kazakhstan Petrochemical Industries» зауыты. Алайда мұндағы полипропилен жоғары қысымға төзетін құбыр жасауға жарамайды.

Кәсіпкерлер қазір қажетті шикізатты сырттан тасиды. Бұрын Әзербайжаннан, Швециядан жеткізген. Кейін Қазан қаласынан алдырған. Бүгінде Ресейдің Новосібір қаласынан әкелінеді. Өндірушілер ел ішінде өзіміздің сапалы полипропилен өндірілсе деген ниеттерін айтты. Себебі сырттан келетін шикізат қымбаттаса, дайын өнімнің құны да соған қарай өседі. Тауар бағасы әрдайым шикізатқа тәуелді. Өндірістегі маман тапшылығы да сезіледі. Жалақысы тұрақты, әлеуметтік пакеті бар жұмыс орны болғанына қарамастан жас мамандардың келуі сирек. Кәсіпорын басшылығы колледждерде оқитын мұнай-химия мамандығының студенттерін тәжірибеден өтуге шақырып отыр. Үйретуге де дайын. Бірақ құбыр өндірісіне қызығатын жастар әлі аз.
Біз барған келесі кәсіпорын – «Наным» серіктестігі болды. Бұл серіктестік 2014 жылдан бері отызға жуық нан-тоқаш өнімін шығарып келе жатқан наубайхана. Олар биыл «Даму» қоры арқылы екінші деңгейлі банктен алынған 12,6% мөлшерлемелі несиені айналым қаражатын толықтыруға әрі наубайхананы жаңғыртуға жұмсаған. Жаңа пештер сатып алып, өндірістің тынысын кеңейткен.
«Кәсіпорында 80 адам еңбек етеді. Үш ауысымда жұмыс істейміз. Кәсіпорын күніне үш тоннаға дейін нан-тоқаш өнімдерін шығаратын болса, соның ішінде екінші сорттағы ұн қосылған әлеуметтік нанымыз сұранысқа ие. Одан басқа түрлі тоқаш, батон, тәтті бөлкелер шығарамыз. Таңертеңгілік 4300 дана әлеуметтік нанды пештен шыққан бойы өз көлігімізбен дүкендерге таратамыз. Біздегі бір әлеуметтік нанның салмағы – 950 грамм, бағасы 110 теңге. Айына 80 тонна ұн сатып алуға мемлекеттен дотация алып отырмыз. Бұл жерде субсидияланған ұн бағасы килограмына 120 теңгеден берілді. Біз осы қаржыны әлеуметтік нан пісіруге жұмсаймыз. Ұнды Ақтөбедегі «Жаңа Әлжан» және «Рамазан» комбинаттарынан сатып аламыз», дейді «Наным» ЖШС директоры Сергей Жильцов.
Ақтөбе қаласының іргесіндегі Сазды елді мекенінде орналасқан «Epsilon Group» ЖШС өндірістік базасында жылына 3 мың тоннадан астам өндірістік химия және тұрмыстық химия бұйымдары өндіріледі. Кәсіпорынның «EASY» тауар белгісімен шығарылатын ыдыс жууға арналған, майды кетіруге арналған, қол жууға арналған сұйықтықтары, киім жууға арналған кондиционері, ағартқыштары мен тұрмыстық техниканың қағын тазартатын құралдары Ақтөбе облысында ғана емес, Қызылорда, Көкшетау, Талдықорған, Ақтау, Атырау қалаларында да таныла бастаған.
«Жұмысты 2015 жылы әртүрлі деңгейде ластанған мұнай, газ, кәріз қондырғыларын тазартуға арналған реагенттер шығарудан бастадық. Ал тұрмыстық химия бұйымдарын осыдан екі жарым жыл бұрын қолға алдық. Қазір жылына 2500 тонна өндірістік, 500 тонна тұрмыстық химия бұйымдарын шығарып отырмыз. Кір жууға арналған кондиционер, ыдыс жууға арналған сұйықтықтар, сұйық сабындар, майлы, өте қатты ластанған заттарды кетіретін қоспалар жақсы сұранысқа ие болғандықтан, болашақта оның аясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Осы өнімдерді өндіруге қажетті шикізат елімізде аз болғандықтан, Мексикадан, Германиядан, Ресейден алдырамыз. Өзімізден тек «Аралтұз» комбинатының тұздарын тұрмыстық химия мен реагенттер өндіруге қосамыз», дейді «Epsilon Group» ЖШС химик-технологі Айдос Жамидолла.
Серіктестік иесі айналым қаражатын толықтыруға «Даму» қорының кепілдігімен несие алған. Оның кепілдік мөлшері қарыз сомасының 55%-ын құрайды. Осы қаражатқа облыс орталығындағы Өндірістік аймақтан жер алып, тұрмыстық химия бұйымдарын шығаратын цех салып жатыр. Мұнда толық автоматтандырылған өндіріс іске қосылмақшы.
Өнім шығаратын жергілікті шағын және орта кәсіпорындар үшін жеңілдетілген несие қаражаты даму кілті және өндірісті жаңартуға қажетті құрал болып қала береді. Кәсіпкерлер қаржылық қолдаудың арқасында өндірісті кеңейтіп, жаңа технологиялар енгізіп, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік алып отыр.
Ақтөбе облысы