Еске салсақ, «Silk Way Star» жобасы биыл Қытай мен Қазақстан арасындағы келісім негізінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Өнер додасын келесі жылы Қытай тарапы өткізеді. Бұл туралы ОКҚ алаңында «Jibek joly» телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған мәлімдеді. Ол алдағы уақытта жобаны жеңімпаз елде өткізу туралы ұсыныстар түссе, бұл бастаманы екі тарап та қолдауға дайын екенін айтты.
«Жоба 12 елдің аясында шектелмейді. Өйткені көптеген Азия мемлекеті бар. Азияда мәдени тұрғыда біріктіретін ортақ алаң жоқ. Мәселен, биыл қатыспаған Жапонияның өзі соның бір мысалы. Оларды да қоса алсақ, ел саны айтарлықтай артады. Сонымен қатар араб елдері де қызығушылық білдіріп отыр. Күні кеше финалға Кувейттің елшісі қатысты. Бұл бастамасы ғана, жобаның деңгейі алдағы жылдары өседі», деді Еркежан Күнтуған.
Ресми бөлім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауымен ашылды. Оны Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оқыды.
Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде Silk Way Star – Азия елдері арасындағы рухани өзара іс-қимылды дамытуға және халықтар арасындағы достықты нығайтуға бағытталған бірегей бастама екені баса айтылды.
Айта кетейік, финалда Малайзия, Грузия, Қытай, Армения, Моңғолия, Өзбекстан, Қазақстан өкілдері өнер көрсетті. Олардың әрқайсысы шығарманы ана тілінде орындап, өз халқының салт-дәстүрі, әртүрлі стилі, мәдени кодтары арқылы сахнаны саяхат алаңына айналдырды.
Жоба жеңімпазы Мишель Джозеф баспасөз жиынында өзіне қолдау білдірген барша көрерменге алғыс айтып, толқулы сәтімен бөлісті.
«Ең алдымен, маған дауыс беріп, мені қолдаған жандарға алғысымды білдіремін. Әсіресе қазақ еліне көп рахмет. Негізі Қазақстан мен Моңғолия бір-біріне жат емес. Екі елдің тарихы мен мәдениеті ұқсас бауырлас ел деп нық айтуға болады», деді Мишель Джозеф.
Сондай-ақ ол Қазақстанды жатсынбайтынын және қазақ тілінде ән шырқауға ықыласты екенін айтты. Тіпті байқауда өзімен қатар өнер көрсеткен қазақстандық қатысушымен бірігіп, жаңа туындыларды шығаруға ниеті бар екен.
«Өнер додасы Қазақстанда өткен соң осы елде менің қолдаушыларым пайда болды. Қазақтың тілі мен мәдениеті өте бай. Болашақта осы тілді толық меңгеріп, ән шырқау ойымда бар», деді ол.
Еске салсақ, Мишель Джозеф дәстүрлі ұртын дуун ән мақамын заманауи жанрлармен, соның ішінде поп, R&B және фанкпен үйлестіре білді. Ол моңғол, ағылшын тілдерінде ән шырқайды.
Айта кетейік, «Silk Way Star» мегажобасы әділдігімен есте қалды. Онда өнерпаздарды бағалау тәсілі ашық, яғни дауыстың 50 пайызы қазылар алқасында, ал тең жартысы көрерменге тиесілі болды. Әншілерді алыс-жақын елдерден 508 мың адам бағалады.
«Jibek joly/Silk Way» телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуғанның айтуынша, аталған өнер додасы бес мемлекетте тікелей эфирде өткен. Жоба финалын 120 млн көрермен тамашалаған.
«Сіздер «Jibek joly» телеарнасынан қазақ тілінде көрсеңіздер, біздің «Silk Way» телеарнасында алты тілде тарады. «Еуровидение» секілді конкурстың барлығы әрбір елде сол елдің тілінде таратылады. Комментаторлар қойылады, солар аударып беріп отырады. Дәл осы жұмысты біздер жасадық. «Silk Way Star» арнасында тікелей эфиріміздің сигналын қабылдап алып жатқан сырт елдердің барлығы синхронды аударма арқылы қырғыз, өзбек, ағылшын, түрік тілдерінде осы жобаны көрсетті», деді телеарна басшысы.
Әлемнің ең үлкен сахналарын бағындырған Димаш Құдайберген шоудың дайындық деңгейін жоғары бағалап, «Silk Way Star» жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, жобаның ауқымы мен кәсібилігі ерекше екенін атап өтті.