Айтулы шығарма Мәскеуден шақырылған маман – қазақ қызы Гүлназ Балпейісованың отандық сахнадағы алғашқы жұмысы емес. Бұған дейін М.Ю.Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекетік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры және Қарағандыдағы С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрындағы «Ақылдың азабы», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ұлпан», «Қарагөз» спектакльдерінен кейінгі кезекті тың тәжірибесі. Спектакль әлемге әйгілі тұлға – көру, есту, сөйлеу қабілетінен айырылған Хелен Келлердің тағдыры мен оған өмірдің есігін қайта ашқан Энн Салливанның ұстаздық миссиясына құрылған. Балпейісованың режиссерлік шешімінде осы екі кейіпкердің арасындағы қайшылық, ішкі күрес һәм біртіндеп табысқан рухани байланыс негізгі драмалық арқауға ұласады. Осылайша, қойылым өмірбаяндық деректердің сахналық нұсқасы ғана емес, адам болмысы жөніндегі кең тынысты философиялық толғамға айналады. Уильям Гибсон мен Хелен Келлердің автобиографиялық желісіне сүйене отырып, режиссер өз сараптауында көрерменді адамның іштей өсуінің, рухани жарыққа ұмтылуының жаңа қырларын ашуға жетелейді. Ол туралы Гүлназдың өзі былай толғанды:
– Қойылымда әлеуметтік, адамгершілік һәм ішкі әлемге қатысты барлық маңызды тақырыптар бар. Негізгі ой – адамға аяушылық таныту емес, оған тең дәрежеде қарау. Шынайы күш – құрметте, – дейді ол. Режиссердің айтуынша, қоғамда жиі байқалмайтын, «жабық есіктердің» артында қалатын адамдардың мәселесі – спектакльдің басты өзегі. Гүлназдың пікірінше, кез келген шектеу – кемшілік емес, адамды басқа қырынан тануға мүмкіндік.
Қойылымның басты ерекшелігі – Хелен рөлін «Қанаттылар» инклюзивті театрының есту қабілеті төмен актрисасы Гүлнар Есентаеваның орындауы болды. Режиссер бұл шешім спектакльді шынайы етуге бағытталғанын айтады.
– Спектакльдің ең бағалы тұсы – шынайылығы. Біз рөлді кәсіби түрде әрі өз тәжірибесінде сезіне алатын адамға тапсыруды жөн көрдік. «Қанаттылар» театрының актрисасы Гүлнар Есентаева осы талапқа сай болды. Ол әлемді басқаша сезінеді, дыбысты еден арқылы, вибрация арқылы қабылдайды. Осыны түсіну бізге басқа бір әлемнің есігін ашқандай болды. Актерлер үшін де бұл — үлкен мектеп. Олар Гүлнармен бірге қозғалыс пен ымның, тыныс пен ырғақтың тілін қайта ашты, – дейді Г.Балпейісова.
Сонымен қатар спектакльге сурдотіл маманы Айдана Жапарова қатысып, сахналық әрекеттің эмоциялық реңкін ым тілі арқылы жеткізіп отырды. Оның айтуынша, инклюзивті қойылым – тек қолжетімділік емес, бірлестік.
– Әртүрлі мүмкіндігі бар актерлер бір сахнада кездескенде, спектакль шынайы өмірге айналады. Мен үшін бұл үлкен өнер мектебі болды. Театр актерлерінің кәсібилігі, рөлге кіріп кету жылдамдығы, сахнадағы еркіндігі мені таңғалдырды. Сурдотіл маманы ретінде менің міндетім – тек аудару емес, актердің эмоциясын дәл жеткізу. Себебі есту қабілеті төмен көрермен үшін эмоция – мәтіннен де маңызды. Қойылым барысында актерлер менің қимылымды да бақылайды, ал мен олардың ырғақ, темп, пластикасын сезінемін. Бұл — бірлескен үлкен жұмыс, – дейді ол.
Режиссер Гүлназ Балпейісова мен сценограф Канат Мақсұтов құрған көркемдік әлем – қарапайымдықтың ішінде күрделі символика жасырылған кеңістік. Ал сахналық шешімдегі жарық пен түнектің диалектикасы Хеленнің ішкі әлемін айқын көрсетеді. Сахналық шешімдердің барлығы минималистік стильде орындалған. Декорацияның әр элементі символдық мәнге ие: бос кеңістік – ішкі күресті, жарық – кейіпкердің көңіл күйін, ал дыбыс – оқиғаның тынысын жеткізеді.
– Жарық актерлермен бірге «тыныстайды», дыбыс кейде кейіпкердің жалғыздығын, кейде үмітін білдіреді. Ал үнсіздік көрерменді өз сезімін тыңдауға жетелейді, – дейді бұл шешімі турасында режиссердің өзі.
Спектакльдің музыкалық табиғаты оның драмалық өзегін тереңдетіп, Хеленнің үнсіз әлемінде тулаған сезімдерге үн берді. Әуен бірде ауыр тыныспен тұншықса, бірде үміт сәулесіндей жарқырап, кейіпкердің жан қақтығысын көрерменге дәл жеткізді. Қойылымда сондай-ақ хореографиялық шешім де ерекше көркемдік мәнге ие. Пластикалық қозғалыстар бас кейіпкер Хеленнің ішкі арпалысын көрінбейтін деңгейден көрінетін бейнеге айналдырып, көрерменнің көз алдында оның ішкі күресі мен ерік-жігерінің қақтығысын жанды суретке айналдырды. Әр қимыл – жүрек соғысының ырғағындай әсерлі.
Ал актерлік ансамбль жұмысы бөлек әңгіме. Спектакльде Хелен рөлін сомдаған актриса Гүлнар Есентаева кейіпкер бейнесіне толық беріліп, сахнада шын мәнінде көрерменіне ой саларлық образ жасай алды. Оның дене қозғалысындағы дәлдік, сезімнің пластикалық берілуі, тіпті тыныс алуының өзі кейіпкердің оқшау әлемін дәл сезіндірді.
Иә, «Сотворившая чудо, или Что такое любовь» драмасы – адамның ең үлкен жеңісі өз ішіндегі түнекті жарыққа алмастыру екенін көрсететін көркем әрі терең қойылым. Спектакль – махаббаттың емдейтін, тәрбиелейтін, өмірге қайта әкелетін ұлы күш екенін дәлелдейтін сахналық туынды. Тоқетерін түйсек, режиссер Гүлназдың сөзін, сурдотіл маманы Айдананың сезімін тыңдай отырып, бұл спектакльдің басты құпиясын түсінгендей боласың. Олар бір әлемді екінші әлеммен тоғыстырған жоқ, олар екі әлемнің арасына көпір салды.Сахнада жарық қозғалғанда – жүрек қоса қозғалды.Үнсіздік орнағанда – сыр ашылды. Актерлер қолын созғанда – көрерменнің жан дүниесіне тиіп өтті. Демек бұл қойылымның мақсаты – көрмейтіндерге жарық сыйлау емес, көріп жүрген бізді өмірге басқа көзбен қайта қарауға үйрету деп түйдік. Спектакльдің басты құндылығы да осында, біздіңше.