Қоғам • Кеше

Сәтбаев қаласында индустриялық аймақ құрылады

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сәтбаев қаласында экономиканы әртарап­тан­дыруға, тиімділігі жоғары өндірістерді дамытуға, ішкі-сыртқы инвестицияларды тар­туға бағытталған рес­публикалық маңызы бар индустриялық аймақтың құрылысы басталды.

Сәтбаев қаласында индустриялық аймақ құрылады

Индустриялық аймақ 12 гектар жерге салынады. Басқарушы компания «Ұлытау әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ болмақ. Ауқымды жоба биыл басталды.

Индустриялық аймақты құрудағы негізгі міндет – қаланың өндірістік әлеуетін арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашып, Сәтбаев қаласы тұрғындарын жұмыспен қамтуға серпін беру.

Қазір инженерлік-ком­му­никациялық инфра­құ­рылым жұмыстары басталды. Сәтбаев қаласы әкімдігі индус­триялық аймаққа қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға ар­налған үш жобалау-сметалық құжат әзірледі. Оның ішінде екеуіне ЖСҚ мерзімінің өтуіне байланысты түзету енгізіледі.

Қолданыстағы «Сәтбаев қала­сындағы индустриялық парктің инженерлік-коммуни­кациялық инфрақұрылымын салу» жобасымен Ұлытау облы­сының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мемлекеттік сатып алу конкур­сын өткізді. Нәтижесінде, «Наз» ЖШС-мен 802,4 млн теңге көле­мінде шарт жасалды. Құжатта құрылысты 2025 жылғы қарашадан бастап, 2026 жыл­ғы маусымда аяқтау жоспарланған.

а

Біз индустриялық аймаққа бөлінген жерде жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен таныстық. Жоба аясында индустриялық аймаққа дейін жүргізілетін электрмен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 35 кВ (483 м) және электрлік қосалқы станса 35/6 кВ – 1 дана, су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы – 1727,8 м, кәріз желілерінің жалпы ұзындығы – 1352,4 м, жылу желілерінің жалпы ұзындығы 482 метр болмақ.

«Бұл аймаққа 12 гектар жер бөлінген, оны 50 гектарға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар. Басқарушы компания ретінде Ұлытау әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы белгіленді. Биыл инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылым желілерін тарту жұмыстары басталды. Қазір «Наз» компаниясы суық су желілерін тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Индустриялық аймақтың басты мақсаты – біздің өңірімізге келетін шетелдік және отандық инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Инженерлік – коммуникациялық инфра­құ­рылым мемлекет есебінен жүр­гізіледі. Облыстық, жергі­лікті бюджеттен қаржылан­дыры­лады», дейді Сәтбаев қала­сы әкімінің орынбасары Ерлан Серікұлы.

Биыл жыл соңына дейін энергиямен, сумен, жылумен жабдықтау қолға алынбақ. Ал­дымен сумен жабдықтау жұмы­сы басталған. Бұл – ке­лесі жылы да жалғасын табатын ауыспалы жоба саналады. Сонымен қатар әкімшілік қы­зығушылық танытқан инвес­торлармен келіс­сөздер жүр­гізіп жатыр. Осы өңірде нендей нысандар салынатыны ал­дағы уақытта белгілі болады. Инженерлік – коммуникация-лық инфрақұрылым құрылысы қараша айында басталды. Құ­рылыс жұмысы 2026 жылдың маусымына дейін аяқталуға тиіс. Одан кейін екі жобалық-сме­талық құжаттама бар. Ол – жол, теміржол тұйығы және оны абаттандыру. Осы жұмыстар да қоса атқарылады. Бұл құ­рылыс алдағы жылы басталады.

Индустриялық аймақтың инфрақұрылымымен танысып көрдік: қуаты 2,9 МВт-ға дейін, кернеуі 35 кВ-ға дейінгі энергия­мен жабдықтау, тәулігіне 57,8  текше метр көлемінде сумен жабдықтау, сағатына 2,8 Гкал жылумен жабдықтау, тәулігіне 96 текше метр кәріз жүйесі, ұзындығы 145 м және 151 м автокөлік кірме жолдары, 5 вагонға арналған, ұзындығы 1,7 км теміржол тұйығы келешекте Сәтбаев қаласының игілігіне айналмақ.

а

Жұмыс басында жүрген мердігер компанияның өкілі, осы жобаның басшысы Жеңісхан Батырханұлы құрылысты межелі мерзімде аяқтауға күш салатынын жеткізді. «Біздің жұмысымыз – құбыр тарту. Осы нысандағы инженерлік жүйе төрт бөліктен тұрады. Атап айтқанда, электр қуаты, су, кәріз және жылу желілері. Су жүйесін тарту шаруасын орталап қалдық, жылдың соңына дейін аяқтаймыз. Қалған жұмысты 2026 жылдың маусымына қарай тиянақтаймыз», дейді Ж.Батырханұлы.

Жұмыс қызу жүріп жатқан аумақтағы мердігер компания Алматы қаласынан келген. Барлығы 12 адам жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде нысанның басшысы, инженер, бригадир, жұмысшылар, механизаторлар бар. Сәтбаев қаласы техникамен қамтамасыз етіп отыр. Құрылыс жұмысына қажетті жабдықтар қолжетімді. Орнатып жатқан құбырларды Қарағанды облысының Саран қаласынан алдырған.

Индустриялық аймақ Сәтбаев қаласының өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа инвестициялық жобалардың іске асуына және жұмыс орындарының артуына мүмкіндік береді. Жоба өңір экономикасының тұрақты дамуына әрі жаңа өндірістердің қалыптасуына серпін бермек.

 

Ұлытау облысы