Суретті түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ
Бауыр басқан «Egemen Qazaqstan» газетімен елу жылдан аса сырласпын. Хат тасушы таңертең келгенше асығамын. Қолыма тиген бетте арғымаққа үзеңгі салғандай қуат аламын. Басылымдағы жас журналистердің қалам тартысына сүйсінемін. Сөздері салмақты, ұшқыр ой, алдағы болашаққа деген ынтызар көңіл серпілісін сезінесің. Содан соң көптен бері беріліп келе жатқан журналистер бағанына көз жүгіртіп, олардың талғампаз ойлы қалам сілтесіне сүйсініп, қайталап оқитыным бар.
Жақында пошта бөлімшесіне барып, келер жылдың баспасөзіне жазылдым. Газет құны қымбаттапты. Бағаның көтерілуі заңдылық, қазір баспахана, пошта, қағаз – бәрі қымбаттап жатыр. Бұған таңырқауға болмайды. Өзім «Egemen Qazaqstan» газетіне бір жылға жазылдым.
Алдағы жылдан күтер үміт көп. Газет алыстағы ауылдардың тыныс-тіршілігін тереңірек қозғаса деген тілек бар. Елде баяғыдай мыңғырған мал жоқ. Көп ауыл қаңырап қалып жатыр. Білікті механизатор, шофер атаулы азайды, жастардың бәрі қалада. Қолы жеткендері әртүрлі жұмыс істейді, басқасы – таксиде. Ауылда кәрі-құтан ғана қалды. Соған қарамастан, бүгінде ас, құдайы, мерейтойдың бәрі бәсекеге айналды. Ауылда отырып, қала орталығындағы мейрамханаға тапсырыс беріп, жиған-тергенін шашады. Осыларды көріп, жаның ауырады. Айта берсең, ой, қозғар тақырып көп. Менің айтпағым – осы секілді ауылдың хал-ахуалы сүйікті газетімізде жиі көтерілсе деген тілек.
Ағайынға айтарым, «Egemen Qazaqstan» газетіне жазылуды ұмытпағайсыз. Шынайы ықыласымды бүкпесіз айтып, оқырман қауымға қатардан қалмай, алдағы жылға жазылуды парыз сана дегім келеді. Ал, сен не дейсің, жанашыр оқырман?
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі
Қызылорда