Спорт • 16 Қараша, 2025

Футбол академиясының құрылысы басталды

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев футбол академиясының іргетасына капсула салу рәсіміне қатысып, бұл жобаның өңір спорты үшін маңызын атап өтті, деп хабарлады Egemen.kz.

Футбол академиясының құрылысы басталды

«Бүгін – біз үшін тарихи әрі қуанышты күн. Әулиеата жерінде жаңа футбол дәуірінің басталуын бірге куә болып отырмыз. Жаңа нысан жәй ғимарат емес, болашақ чемпиондардың ордасы, ел намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғайтын жаңа буын футболшылардың жолын ашатын маңызды қадам.

Біздің өңір – қазақ футболының қайнар бұлағы. Осында өсіп, талай жанкүйердің жүрегін жаулаған даңқты спортшылардың есімі біз үшін зор мақтаныш, кейінгі толқынға үлгі. Бүгін капсуланы салтанатты түрде орналастыру – алда күткен үлкен жетістіктердің нышаны. Бұл академиядан ел сенімін арқалайтын дарынды, талапты жас футболшылар өсіп шығатынына кәміл сенеміз. Жаңа академия қазақ футболына тың серпін беріп, бізді жаңа белестерге бастай берсін», дейді Ербол Қарашөкеев.

Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Давид Лория және «Halyk» қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов жаңа академияның қазақ футболын дамытудағы рөліне туралы өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ футбол ардагері Георгий Хутиди мен «Тараз» футбол клубының түлегі, белгілі футболшы Нұркен Мәзбаев жобаны іске асыруға атсалысып жүрген азаматтарға өз алғыс айтты

Құны шамамен 3,5 млрд теңгені құрайтын футбол академиясында жасөспірімдердің кәсіби өсуі мен дамуына ерекше назар аударылмақ. Бұл үшін заманауи материалдық база жасақталып, тәжірибелі жаттықтырушылар жұмыс істейді, ал оқу-жаттығу процесінде ғылыми негізделген әдістемелер қолданылмақ. Жас футболшылардың жайлы өмір сүруі үшін 100 орындық жатақхана салу жоспарланып отыр. Академия 2027 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.