Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Стратегиялық серіктестік нығая түспек
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Сердар Бердімұхамедовке ықылас танытып, ризашылық білдірді. Мемлекет басшысы еліміз Түрікменстанды стратегиялық серіктес және бауырлас мемлекет санайтынын жеткізді.
– Бізді ғасырлардан жалғасып келе жатқан достық, ортақ тарих, тіл мен мәдениет біріктіреді. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық, экономикалық ықпалдастықтың басқа да түрлері, мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқынды дамып келеді. Екі ел серіктестігінің ауқымы мен сапасына көңіліміз толады деп айтуға негіз бар. Бұл ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие. Дегенмен алға қадам басу қажет. Күн тәртібінде өте маңызды мәселелер тұр. Олардың шешімін бірлесіп табамыз деп ойлаймын, – деді Президент.
Өз кезегінде Сердар Бердімұхамедов елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырып, қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
– Сізге түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы, құрметті Гурбангулы Мяликгулыевич Бердімұхамедовтің сәлемі мен ізгі тілегін жеткізуге рұқсат етіңіз. Бүгінде Түрікменстан мен Қазақстанның қарым-қатынасы достық, бауырластық және тату көршілік қағидаттары негізінде дамып келеді. Өзара ықпалдастығымыз саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды қамтиды, – деді Түрікменстан Президенті.
Бұдан кейін келіссөздер екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Әңгімелесу барысында мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, көлік-логистикалық ықпалдастық мәселелері қарастырылды. Энергетика, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, IT, білім мен медицина салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға баса назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алып, Астанаға мемлекеттік сапармен келгені үшін Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты.

– Қазақ пен түрікмен – ежелден достығы жарасқан туыс халықтар. Біздің тарихымыз бен мақсат-мұратымыз ортақ, мәдени-рухани құндылықтарымыз бір. Біз Түрікменстанмен ынтымақтастықты тату көршілік және өзара қолдау рухында барынша нығайтуға айрықша мән береміз. Жарқын болашаққа бірге қадам басу үшін күш жұмылдырамыз. Бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін стратегиялық серіктестікті нығайта түсеміз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент екі ел арасында барлық деңгейде белсенді әрі табысты байланыс орнағанын атап өтті. Екі ел Үкіметі жүйелі жұмыс жүргізіп, ведомствоаралық байланыс нығайып келеді. Елдеріміз көпжақты құрылымдар аясында нәтижелі қарым-қатынас жасайды.
Мемлекет басшысының айтуынша, Астана мен Ашхабадтың өңірлік, халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша көзқарастары мен ұстанымдары ұқсас.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында сауда-экономикалық ықпалдастыққа айрықша назар аударды. Кейінгі 5 жылда өзара сауда көлемі 4 еседен асып, жарты млрд долларға дейін ұлғайды.
Қазақстанда түрікмен капиталы бар 140-қа жуық компания табысты жұмыс істейді. Осы арқылы аталған кәсіпорындар экономикалық байланысты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Қазақстанның Түрікменстанға құйған инвестициясы 120 млн доллардан асты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстың даму қарқынына тоқталды. Президент екі елдің мәдениет күндерін алма-кезек өткізу, көрнекті қайраткерлердің ескерткіштерін ашу іс-шаралары қос халықтың мәдени-рухани мұрасына айтарлықтай үлес қосады деп санайды.
Сердар Бердімұхамедов Қазақстан мен Түрікменстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес мемлекеттер деп атады.
– Мемлекеттерімізді ұрпақтан ұрпаққа аманат болып, көзіміздің қарашығындай сақтап келе жатқан ортақ тарихи тамырластық, мәдени-рухани ұқсастық, салт-дәстүріміздің жақындығы секілді құндылықтар біріктіреді. Саяси-дипломатиялық салада Түрікменстан мен Қазақстан жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы ықпалдастық орнатқан. Атап айтқанда, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, энергетикалық тұрақтылықты нығайту, көлік байланысын ілгерілету, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ортақ, – деді Түрікменстан Президенті.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентінің елімізге сапары екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашып, достық пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға тың серпін беретініне тоқталды.
Бірлескен мәлімдемеге қол қойды
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Мемлекет басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты:
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасында мәдени-гуманитарлық сала бойынша ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасында көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Түрікменстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында зейнетақымен қамтамасыз ету саласы бойынша ақпараттық ықпалдастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Түрікменстанның Әділет министрлігі арасында құқықтық саладағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Түрікменстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында ветеринария саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы мен Түрікменстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Астық дақылдары ғылыми-зерттеу институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасында көлік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жөніндегі 2026–2027 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары;
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Түрікменстанның Денсаулық сақтау және медициналық өнеркәсіп министрлігі арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2026–2027 жылдарға арналған негізгі іс-шаралар жоспары;
- Қазақстан Республикасы Маңғыстау облысы әкімдігі мен Түрікменстанның Балқан уәлаяты әкімшілігі арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Түрікменстанның Ғылым академиясы арасында ғылым саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» ШЖҚ РМК мен Түрікменстанның Телевизия, радио хабар тарату және кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында ақпараттық сала бойынша ынтымақтастық туралы келісім.
Түрікменстан Президенті «Алтын Қыран» орденімен марапатталды
Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовтің жаңа тұрпаттағы беделді саяси қайраткер, Түрікменстанның мемлекеттілігін, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен халықаралық аренадағы орнын дәйекті түрде нығайтып келе жатқан прогрессивті, мықты көшбасшы ретіндегі рөлін атап өтті.

– Сіз түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы, аса құрметті Гурбангулы Мяликгулыевич Бердімұхамедовтің келешекке арналған стратегиялық бағдарын сенімді түрде жалғастырып келесіз. Сіздің салиқалы басшылығыңызбен Түрікменстан экономикасы керемет қарқынмен дамуда. Еліңізде өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы белсенді түрде жаңғырып жатыр. Энергетикалық әлеуетті нығайту және технологиялық трансформация бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Баянды бастамаларыңыздың арқасында бауырлас Түрікменстанда ірі әлеуметтік жобалар жоспарлы түрде жүзеге асырылып, ғылым-білім саласы соны серпін алып, халықтың әл-ауқаты жақсара түсті. Бұл жетістіктің бәрі шынайы құрметке және жоғары бағаға лайық, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ашхабадтың дипломатия, бейбітшілік пен тұрақтылық мекені ретіндегі халықаралық беделі мен мәртебесін арттыру жолындағы Түрікменстан басшылығының күш-жігеріне ерекше тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Түрікменстанның 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы деп жариялау туралы бастамасын БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауы елдің жауапты әрі белсенді ұстанымын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентінің бауырлас елдер арасындағы достықты, өзара түсіністік пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесіне жоғары баға берді.
– Қазақ-түрікмен қарым-қатынасының келешегі жарқын екеніне сенімдімін. Осы келіссөздер қорытындысы – осыған айқын дәлел. Қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылуы көп жоспарлы серіктестігімізге тың серпін беріп, қазақ-түрікмен ынтымақтастығының жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашатынына күмән жоқ, – деді Мемлекет басшысы.
Сердар Бердімұхамедов Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақстандықтарға алғыс айтты.
– Бұл марапатты Түрікменстан халқына көрсеткен құрметіңіз, елдеріміз арасында ғасырлардан жалғасып келе жатқан берік достық пен тату көршіліктің белгісі ретінде қабылдаймын. Екі мемлекет халықаралық аренада тығыз әрі нәтижелі ықпалдастық орнатқан. Ынтымақтастығымыз өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуде өзара түсіністіктің, бірліктің және қолдаудың жоғары деңгейін көрсетіп келеді, – деді Түрікменстан Президенті.
Бейтарап саясат жүргізудің маңызы ерекше
Бұдан соң екі ел басшысы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Сердар Бердімұхамедовтің қазақ жеріне мемлекеттік сапарының мәні айрықша деп санайтынын, Түрікменстан Қазақстан үшін маңызды әрі сенімді серіктес, бауырлас ел екенін атап өтті.
– Қос халықты шынайы достық, ортақ тарих пен рухани-мәдени құндылықтар біріктіреді. Осындай мызғымас тұғыры бар қарым-қатынасымыз стратегиялық әріптестік рухында қарқынды дамып жатыр. Екі ел арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог қалыптасты. Сауда-экономика саласындағы байланыс жылдан жылға күшейіп келеді. Мәдени-гуманитарлық бағыттағы ықпалдастық нығая түсті. Біз аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсене атсалысып келеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедов пен бауырлас түрікмен халқын Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығымен құттықтады.
– Бейтарап саясат жүргізу Түрікменстанның халықаралық аренадағы беделін биіктетіп, бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздік қағидаттарына бейіл екенін көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.
Президент келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібінің кең көлемді мәселелері талқыланып, ықпалдастықтың басым бағыттары белгіленгенін жеткізді. Әуелгі кезекте сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге назар аударылды.
– Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында елдеріміз арасындағы тауар айналымы жыл сайын жарты млрд доллардан асады. Биылғы көрсеткіштерге де көңіл толады. Құрметті Түрікменстан Президентімен бірге өзара сауда көлемін 1 млрд долларға дейін ұлғайту үшін қажетті шараларды қолға аламыз. Осы мақсатта Қазақстан тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жұмыс жоспарын қабылдауды ұсынды. Екі елдің бизнес өкілдерін қолдау үшін Сауда үйлерін ашу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ қос мемлекеттің қалалары арасында тікелей коммерциялық әуе рейстерін ашу мәселесін қарастыруға келістік, – деді Президент.
Қазіргі уақытта көлік-транзит саласы стратегиялық басымдыққа ие. Бұл орайда Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізінің маңызды буыны ретінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағдары ерекше рөл атқарады.
– Биыл он айда тасымал көлемі 1,5 млн тоннаны құрап, 14 пайыз ұлғайды. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік үдерістерді жеңілдету шаралары қабылданып келеді. Шекара маңының инфрақұрылымы белсенді түрде дамып, өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр. Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы бағыты бойынша жол инфрақұрылымдарын ұштастыру мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Контейнерлік тасымалды жандандыру үшін Каспийдегі Ақтау, Құрық, Түрікменбашы порттарының көлік-логистикалық әлеуетін толық пайдалануға уағдаластық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған қоса келіссөздер барысында Ауғанстан арқылы өтетін Оңтүстік Азия бағытындағы теміржол желісін тарту перспективасы талқыланды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы ықпалдастықтың маңызды саласы саналатынына тоқталды.
– Қазақстан бидайын түрікмен нарығына жеткізу көлемін арттыруды жіті талқыладық. Сонымен қатар өсімдік майы, макарон және ет-сүт өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар. Түрікменстан-Ауғанстан шекарасында астық терминалын салу перспективасын пысықтадық, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, энергетика саласындағы бірлескен жобаларға баса мән берілген. Қазақстан түрікмен газын Қытайға тасымалдауда ұзақ жыл бойы сенімді серіктес болып келеді. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар газды қайта өңдеу, көгілдір отын жеткізетін инфрақұрылымды дамыту жобалары аясындағы ықпалдастықты жалғастыруға уағдаласқан. Оған былтыр қол қойылған Газ саласын дамыту бойынша стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі келісім негіз бола алады.
Еліміз мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру және ІТ технологияларды енгізу ісіндегі тәжірибесін ескере отырып, түрікмен тарапын аталған салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Бұдан кейін екіжақты қарым-қатынасты өрістетуде мәдени-гуманитарлық байланыстар ерекше орын алатыны айтылды.
– Қазақ халқы Астанада өткен Түрікменстанның Мәдениет күндері мен түрікмен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдығына орай ескерткішінің ашылуын жылы қабылдады. Ашхабадта Абайға ескерткіш қойылуы халықтарымыздың достығы мен бір-біріне құрметінің тағы бір символы болды. Фестивальдар, гастрольдер, басқа да бірлескен іс-шаралар өткізу арқылы мәдениет саласында жан-жақты ықпалдастық орнату қажет екеніне тоқталдық. Ғылым-білім беру және жастар арасындағы байланысты дамыту перспективасы жан-жақты талқыланды. Түрікменстанда отандық жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсындық, – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөздер барысында президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша ұқсас ұстанымда екенін растаған.
– Өңірлік, сондай-ақ жаһандық ауқымда тұрақтылық, қауіпсіздік және орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін түрікмен тарапымен тығыз ықпалдастық орнатуға әзірміз. Консультативтік кездесулер өткізу, сондай-ақ Каспий теңізінің проблемасы жөнінде ықпалдастық орнату өте өзекті. Қазақстан Ашхабадтың бастамасы бойынша жарияланған Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы аясында Түрікменстан өткізген іс-шараларды жоғары бағалайды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Президент Сердар Бердімұхамедовтің сапары Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестікті нығайтуға зор үлес қосатынына сенімді екенін жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл сапар екі ел қарым-қатынасының тарихи кезеңіне бастау болады.
Сердар Бердімұхамедов мемлекеттер арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі кеңейтуге қатысты Түрікменстанның ұстанымымен бөлісті.
– Екіжақты күн тәртібін талқылау барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән берілді. Өзара сауда-саттық аясын кеңейту және әртараптандыру, сондай-ақ өнеркәсіп кооперациясы саласында бірлескен ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін инвестициялық саясатты жандандыру мәселелері қарастырылды. Бұл ретте екі мемлекеттің бизнес қоғамдастықтары арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтудың маңызы зор. Энергетика – екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі. Түрікменстан бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруға дайын. Сонымен қатар еліміздің электр энергиясы мен химия өнеркәсібіндегі серіктестікті нығайтуға айтарлықтай мүмкіндігі бар. Көлік және логистика өзара ықпалдастығымыздың стратегиялық сипатқа ие бағыты саналады. Қазіргідей күрделі геосаяси және геоэкономикалық ахуал кезінде Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік бағдарындағы көлік-транзит дәліздерінің жұмысын жандандыру аса өзекті, – деді Түрікменстан Президенті.