Саясат • Бүгін, 07:30

Қазақстан – Түрікменстан: Ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашылды

10 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

«Ақорда» резиденциясында Президент елімізге мемлекет­­тік сапармен келген Түрікмен­стан Президентін қарсы алды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов бір-біріне делегация мүшелерін таныстыр­ған соң, Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шыр­қалды. Бұдан соң Мемлекет басшылары келіссөз залына өтті.

Қазақстан – Түрікменстан: Ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашылды

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Стратегиялық серіктестік нығая түспек

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Сердар Бердімұхамедовке ықылас танытып, ризашылық білдірді. Мемлекет басшысы еліміз Түрікменстанды стратегиялық серіктес және бауырлас мемлекет санайтынын жеткізді.

– Бізді ғасырлардан жалғасып келе жатқан достық, ортақ тарих, тіл мен мәдениет біріктіреді. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық, экономи­калық ықпалдастықтың басқа да түрлері, мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқынды дамып келеді. Екі ел серіктестігінің ауқымы мен сапасына көңіліміз толады деп айтуға негіз бар. Бұл ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие. Дегенмен алға қадам басу қажет. Күн тәртібінде өте маңызды мәселелер тұр. Олардың шешімін бірлесіп табамыз деп ойлаймын, – деді Президент.

Өз кезегінде Сердар Бердімұхамедов елі­мізге мемлекеттік сапармен келуге шақы­рып, қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

– Сізге түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы, құрметті Гурбангулы Мялик­гулыевич Бердімұхамедовтің сәлемі мен ізгі тілегін жеткізуге рұқсат етіңіз. Бүгінде Түрікменстан мен Қазақ­станның қарым-қатынасы достық, бауырластық және тату көршілік қағи­даттары негізінде дамып келеді. Өзара ықпалдастығымыз саяси-дип­ло­ма­тия­лық, сауда-экономикалық және мә­дени-гуманитарлық салаларды қам­ти­ды, – деді Түрікменстан Президенті.

Бұдан кейін келіссөздер екі ел делегация­ларының қатысуымен кеңейтіл­ген құрамда жалғасты. Әңгімелесу ба­рысында мемлекет басшылары екі­жақты ынтымақтастықтың басым бағыт­тарын талқылады. Атап айтқанда, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, көлік-логистикалық ықпалдастық мәселе­лері қарастырылды. Энергетика, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, IT, білім мен медицина салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға баса назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алып, Астанаға мемлекеттік сапар­мен келгені үшін Сердар Бердімұ­хамедовке алғыс айтты.

п

– Қазақ пен түрікмен – ежелден дос­тығы жарасқан туыс халықтар. Біздің тарихымыз бен мақсат-мұратымыз ортақ, мәдени-рухани құндылықтарымыз бір. Біз Түрік­менстанмен ынтымақтастықты тату көр­шілік және өзара қолдау рухында ба­рынша нығайтуға айрықша мән бере­міз. Жарқын болашаққа бірге қадам басу үшін күш жұмылдырамыз. Бауыр­лас халық­тарымыздың игілігі үшін страте­гия­лық серіктестікті нығайта түсеміз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент екі ел арасында барлық деңгейде белсенді әрі табысты байланыс орнағанын атап өтті. Екі ел Үкіметі жүйелі жұмыс жүргізіп, ведомствоаралық байланыс нығайып келеді. Елдеріміз көпжақты құрылымдар аясында нәтижелі қарым-қатынас жасайды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Астана мен Ашхабадтың өңірлік, халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша көзқарастары мен ұстанымдары ұқсас.

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында сауда-экономикалық ықпал­дас­тыққа айрықша назар аударды. Кейін­гі 5 жылда өзара сауда көлемі 4 есе­ден асып, жарты млрд долларға дейін ұлғайды.

Қазақстанда түрікмен капиталы бар 140-қа жуық компания табысты жұмыс істейді. Осы арқылы аталған кәсіпорындар экономикалық байланыс­ты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Қазақстанның Түрікменстанға құйған инвестициясы 120 млн доллардан асты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстың даму қарқынына тоқталды. Президент екі елдің мәдениет күндерін алма-кезек өткізу, көрнекті қайраткерлердің ескерткіштерін ашу іс-шаралары қос халықтың мәдени-рухани мұрасына айтарлықтай үлес қосады деп санайды.

Сердар Бердімұхамедов Қазақстан мен Түрікменстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес мемлекеттер деп атады.

– Мемлекеттерімізді ұрпақтан ұр­паққа аманат болып, көзіміздің қара­шығындай сақтап келе жатқан ортақ тарихи тамырластық, мәдени-рухани ұқсастық, салт-дәстүріміздің жақындығы секілді құндылықтар біріктіреді. Саяси-дипломатиялық салада Түрікменстан мен Қазақстан жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы ықпалдастық орнатқан. Атап айтқанда, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, энергетикалық тұрақтылықты нығайту, көлік байланысын ілгерілету, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ортақ, – деді Түрікменстан Президенті.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентінің елімізге сапары екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашып, достық пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға тың серпін беретініне тоқталды.

 

Бірлескен мәлімдемеге қол қойды

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Мемлекет басшыларының қатысуы­мен ресми делегация мүшелері бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты:

  1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасында мәдени-гуманитарлық сала бойынша ынтымақтастық туралы келісім;
  2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасында көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  3. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Түрікменстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында зейнетақымен қамтамасыз ету саласы бойынша ақпа­раттық ықпалдастық туралы келісім;
  4. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Түрікменстанның Әділет министрлігі арасында құқықтық саладағы өзара түсіністік және ынтымақ­тастық туралы меморандум;
  5. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруа­шылығы министрлігі мен Түрікмен­станның Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында ветеринария саласы бойынша ынтымақтастық жөнін­дегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  6. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық аграр­лық ғылыми білім беру орталығы мен Түрікменстанның Ауыл шаруашы­лығы министрлігі Астық дақылдары ғылыми-зерттеу институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  7. Қазақстан Республикасы мен Түрік­менстан арасында көлік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жөніндегі 2026–2027 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары;
  8. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Түрікменстанның Денсаулық сақтау және медициналық өнеркәсіп министрлігі арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2026–2027 жылдарға арналған негізгі іс-шаралар жоспары;
  9. Қазақстан Республикасы Маңғыстау облысы әкімдігі мен Түрікменстанның Балқан уәлаяты әкімшілігі арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техни­калық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  10. Қазақстан Республикасы Прези­денті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Түрікменстанның Ғылым академиясы арасында ғылым саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;
  11. Қазақстан Республикасы Прези­денті Іс басқармасының «Қазақстан Республикасы Президентінің телера­диокешені» ШЖҚ РМК мен Түрік­менстанның Телевизия, радио хабар тарату және кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында ақпараттық сала бойынша ынтымақтастық туралы келісім.

 

Түрікменстан Президенті «Алтын Қыран» орденімен марапатталды

Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовтің жаңа тұрпаттағы беделді саяси қайраткер, Түрікменстанның мемлекеттілігін, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен халықаралық аренадағы орнын дәйек­ті түрде нығайтып келе жатқан прогрессивті, мықты көшбасшы ретіндегі рөлін атап өтті.

сс

– Сіз түрікмен халқының Ұлт көш­бас­шысы, аса құрметті Гурбангулы Мяликгулыевич Бердімұхамедовтің келешекке арналған стратегиялық бағдарын сенімді түрде жалғастырып келесіз. Сіздің салиқалы басшылығыңызбен Түрікменстан экономикасы керемет қарқынмен дамуда. Еліңізде өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы белсенді түрде жаңғырып жатыр. Энергетикалық әлеуетті нығайту және технологиялық трансформация бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Баянды бастамаларыңыздың арқасында бауырлас Түрікменстанда ірі әлеуметтік жобалар жоспарлы түрде жүзеге асырылып, ғылым-білім саласы соны серпін алып, халықтың әл-ауқаты жақсара түсті. Бұл жетістіктің бәрі шынайы құрметке және жоғары бағаға лайық, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ашхабадтың дипломатия, бейбітшілік пен тұрақтылық мекені ретіндегі халық­аралық беделі мен мәртебесін арттыру жолындағы Түрікменстан басшы­лығының күш-жігеріне ерекше тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуын­ша, Түрікменстанның 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы деп жариялау туралы бастамасын БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауы елдің жауапты әрі белсенді ұстанымын көрсетеді.

Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентінің бауырлас елдер арасын­дағы достықты, өзара түсіністік пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесіне жоғары баға берді.

– Қазақ-түрікмен қарым-қатына­сының келешегі жарқын екеніне сенімдімін. Осы келіссөздер қоры­тын­дысы – осыған айқын дәлел. Қол жеткі­зілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылуы көп жоспарлы серік­тестігімізге тың серпін беріп, қазақ-түрік­мен ынтымақтастығының жылна­ма­сындағы жаңа кезеңге жол ашатынына күмән жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

Сердар Бердімұхамедов Қазақстан­ның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапат­тағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақстандықтарға алғыс айтты.

– Бұл марапатты Түрікменстан халқына көрсеткен құрметіңіз, елдеріміз арасында ғасырлардан жалғасып келе жатқан берік достық пен тату көршіліктің белгісі ретінде қабылдаймын. Екі мемлекет халықаралық аренада тығыз әрі нәти­желі ықпалдастық орнатқан. Ынтымақ­тастығымыз өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуде өзара түсіністіктің, бірліктің және қолдаудың жоғары деңгейін көрсетіп келеді, – деді Түрік­менстан Президенті.

 

Бейтарап саясат жүргізудің маңызы ерекше

Бұдан соң екі ел басшысы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Сердар Бердімұхамедовтің қазақ жеріне мемлекеттік сапарының мәні айрықша деп санайтынын, Түрікменстан Қазақстан үшін маңызды әрі сенімді серіктес, ба­уырлас ел екенін атап өтті.

– Қос халықты шынайы достық, ортақ тарих пен рухани-мәдени құндылықтар біріктіреді. Осындай мызғымас тұғыры бар қарым-қатынасымыз стратегиялық әріптестік рухында қарқынды дамып жатыр. Екі ел арасында жоғары деңгей­дегі саяси диалог қалыптасты. Сауда-эконо­мика саласындағы байланыс жылдан жылға күшейіп келеді. Мәдени-гума­ни­тар­лық бағыттағы ықпалдастық нығая түсті. Біз аймақтық қауіпсіздік пен тұрақ­тылықты қамтамасыз етуге белсене атсалысып келеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедов пен бауырлас түрікмен халқын Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығы­мен құттықтады.

– Бейтарап саясат жүргізу Түрікмен­станның халықаралық аренадағы беделін биіктетіп, бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздік қағидаттарына бейіл екенін көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.

Президент келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібінің кең көлемді мәселелері талқыланып, ықпалдас­тықтың басым бағыттары белгіленгенін жет­кізді. Әуелгі кезекте сауда-экономи­калық байланыстарды кеңейтуге назар аударылды.

– Бірлескен күш-жігеріміздің арқа­сында елдеріміз арасындағы тауар айналы­мы жыл сайын жарты млрд доллар­дан асады. Биылғы көрсеткіштерге де көңіл толады. Құрметті Түрікменстан Прези­дентімен бірге өзара сауда көлемін 1 млрд долларға дейін ұлғайту үшін қажет­ті шараларды қолға аламыз. Осы мақсат­та Қазақстан тауар айналымын ұлғай­ту жөніндегі жұмыс жоспарын қабыл­дауды ұсынды. Екі елдің бизнес өкілдерін қолдау үшін Сауда үйлерін ашу тура­лы шешім қабылдадық. Сондай-ақ қос мем­лекеттің қалалары арасында тікелей ком­мерциялық әуе рейстерін ашу мәсе­лесін қарастыруға келістік, – деді Президент.

Қазіргі уақытта көлік-транзит саласы стратегиялық басымдыққа ие. Бұл орайда Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізінің маңызды буыны ретінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағдары ерекше рөл атқарады.

– Биыл он айда тасымал көлемі 1,5 млн тоннаны құрап, 14 пайыз ұл­ғайды. Тариф­терді оңтайландыру, әкім­шілік үдеріс­­тер­ді жеңілдету шаралары қабыл­­данып ке­леді. Шекара маңының инфра­құрылымы белсенді түрде дамып, өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр. Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақ­стан шекарасы бағыты бойынша жол инфра­құрылымдарын ұштастыру мәсе­лесі біртіндеп шешіліп келеді. Контей­нерлік тасымалды жандандыру үшін Каспийдегі Ақтау, Құрық, Түрік­менбашы порттарының көлік-логис­тикалық әлеуетін толық пайдала­нуға уағдаластық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған қоса келіссөздер барысында Ауғанстан арқылы өтетін Оңтүстік Азия бағытындағы теміржол желісін тарту перспективасы талқыланды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы ықпалдастықтың маңызды саласы саналатынына тоқталды.

– Қазақстан бидайын түрікмен нарығына жеткізу көлемін арттыруды жіті талқыладық. Сонымен қатар өсімдік майы, макарон және ет-сүт өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар. Түрікменстан-Ауғанстан шекарасында астық терминалын салу перспективасын пысықтадық, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, энергетика саласындағы бірлескен жобаларға баса мән берілген. Қазақ­стан түрікмен газын Қытайға тасымалдау­да ұзақ жыл бойы сенімді серік­тес болып келеді. Келіссөздер қорытын­дысы бойынша тараптар газды қайта өңдеу, көгілдір отын жеткізетін инфрақұрылымды дамыту жобалары аясындағы ықпалдастықты жалғас­тыруға уағдаласқан. Оған былтыр қол қойылған Газ саласын дамыту бо­йынша стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі келісім негіз бола алады.

Еліміз мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру және ІТ технологияларды енгізу ісіндегі тәжірибесін ескере отырып, түрікмен тарапын аталған салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Бұдан кейін екіжақты қарым-қатынас­ты өрістетуде мәдени-гумани­тарлық бай­ланыстар ерекше орын алатыны айтылды.

– Қазақ халқы Астанада өткен Түрікменстанның Мәдениет күндері мен түрікмен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының 300 жыл­дығына орай ескерткішінің ашылуын жылы қабылдады. Ашхабадта Абайға ескерткіш қойылуы халықтарымыз­дың достығы мен бір-біріне құрметінің тағы бір символы болды. Фестивальдар, гас­трольдер, басқа да бірлескен іс-шара­лар өткізу арқылы мәдениет сала­сын­­да жан-жақты ықпалдастық орнату қажет екеніне тоқталдық. Ғылым-білім беру және жастар арасындағы байланысты дамыту перспективасы жан-жақты талқыланды. Түрікменстанда отандық жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсындық, – деді Мемлекет басшысы.

Келіссөздер барысында президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша ұқсас ұстанымда екенін растаған.

– Өңірлік, сондай-ақ жаһандық ауқым­да тұрақтылық, қауіпсіздік және орнық­ты дамуды қамтамасыз ету үшін түрік­мен тарапымен тығыз ықпалдастық орнату­ға әзірміз. Консультативтік кездесулер өт­кізу, сондай-ақ Каспий теңізінің проб­ле­масы жөнінде ықпалдастық орнату өте өзекті. Қазақстан Ашхабадтың баста­масы бойынша жарияланған Халықа­ралық бейбітшілік және сенім жылы ая­сында Түрікменстан өткізген іс-шара­ларды жоғары бағалайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Президент Сердар Бердімұхамедовтің сапары Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестікті нығайтуға зор үлес қосатынына сенімді екенін жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл сапар екі ел қарым-қатынасының тарихи кезеңіне бастау болады.

Сердар Бердімұхамедов мемлекеттер арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі кеңейтуге қатысты Түрікменстанның ұстанымымен бөлісті.

– Екіжақты күн тәртібін талқылау барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән берілді. Өзара сауда-саттық аясын кеңейту және әртараптандыру, сон­дай-ақ өнеркәсіп кооперациясы са­ласында бірлескен ауқымды жоба­лар­ды жүзеге асыру үшін инвести­циялық саясатты жандандыру мәселе­лері қарастырылды. Бұл ретте екі мемлекеттің бизнес қоғамдастықтары арасын­дағы іскерлік байланыстарды нығайтудың маңызы зор. Энергетика – екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыт­тарының бірі. Түрікменстан бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғас­тыруға дайын. Сонымен қатар еліміздің электр энергиясы мен химия өнеркә­сібіндегі серіктестікті нығайтуға айтарлықтай мүмкіндігі бар. Көлік және логис­тика өзара ықпалдастығымыздың страте­гиялық сипатқа ие бағыты саналады. Қазіргідей күрделі геосаяси және геоэкономикалық ахуал кезінде Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік бағдарындағы көлік-транзит дәліздерінің жұмысын жандандыру аса өзекті, – деді Түрікменстан Президенті.