Футбол • Бүгін, 14:51

Тимур Турлов «Шахтёр» футбол клубын сатып алды

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандының «Шахтёр» футбол клубын Freedom Holding Corp. тобына кіретін, кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компания сатып алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тимур Турлов «Шахтёр» футбол клубын сатып алды

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Жаңа футбол экожүйесі және 18,5 млрд теңге инвестиция

Қарағанды облысының әкімдігі мен Тимур Турлов өңірде жаңа футбол экожүйесін құру жұмыстарын бастап кеткен. Бұл мақсатқа жалпы 18,5 млрд теңге бөлінген:

  • 12 млрд теңге – жаңа футбол академиясын салуға;
  • 6,5 млрд теңге – балалар-жасөспірімдер мен бұқаралық футболды дамытуға.

Ірі жобалар: ALGA!, Freedom BFL және заманауи академия

Қарағанды облысының футбол қауымдастығы (QOFA) президенті хабарлағандай, Тимур Турловтың қолдауымен бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олар:

  • Мектептік ALGA! жобасы – 2029 жылға дейін 40 мыңнан астам мектеп оқушысы мен 3600 студентті қамтиды, футбол бастамалары 100-ден астам оқу орнында іске асырылады;
  • Ресми балалар-жасөспірімдер лигасы Freedom BFL; 
  • Заманауи «Шахтёр» футбол академиясының құрылысы және өңірді кешенді дамыту стратегиясы.

Академия облыстағы бұқаралық және кәсіби футболды дамытудағы басты нысанға айналып, орталығында балалар-жасөспірім футболы, инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік бастамалар орналасады.

Академия шамамен 10 гектар жерді алады. Жоба аясында жыл бойы дайындық жасауға арналған жабық манеж, толық өлшемді жаттығу алаңы, екі қабатты әкімшілік-бөлме кешені, медициналық орталық, бассейн, сауна, асхана және  тәрбиеленушілерге арналған жатақхана қарастырылған. Барлық нысандар жылы дәліздер арқылы байланыстырылып, аумаққа воркаут-зона, тренажерлар, саябақ және автотұрақ орнатылады.

Негізгі құрылыс жұмыстарын 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

Жаттықтырушылар үшін халықаралық тағылымдамалар мен UEFA лицензияларын алу мүмкіндігін қамтитын біліктілікті арттыру бағдарламалары енгізілген. Жаңа жоба тек қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де жүйелі түрде спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Басқа клубтарға кімдер иелік етеді?

Осылайша, «Шахтёр» соңғы жылдары жеке иелікке өткен клубтардың қатарына қосылып отыр. Бұған дейін «Қайсардың» инвесторы – «TAU Group Ltd» өкілі Исламғали Қозбақов, «Қызылжардың» жаңа иесі – кәсіпкер Сергей Кан, «Жеңіс» клубының инвесторы – кәсіпкер Михаил Ломтадзе, ал, «Ақтөбе» футбол клубының жаңа инвесторы – Нұрлан Артықбаев болғаны мәлім болды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарлауынша, «Астана», «Атырау», «Ордабасы», «Тұран», «Каспий» футбол клубтары да жекеше­лендіруге ұсынылған ұйымдардың тізімінде тұр.