Фото: Қырмызы Жұмағалиқызы
Кейінгі жылдары Астанада 21 медициналық нысан пайдалануға берілген. Десе де жыл сайын тұрғындар санының өсуіне байланысты медициналық мекемелерге сұраныс артып келеді.
Сұранысты өтеу мақсатында осы жылдың соңына дейін «Нұрлы жол» теміржол вокзалының жанында ауысым сайын 350 келушіні қабылдауға қауқарлы жекеменшік клиника ашу жоспарланған. Клиника тұрғындарға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде медициналық көмек көрсетеді.
Ал келер жылы «Самұрық-Қазына» қорының қаражаты есебінен №2 қалалық көпсалалы ауруханасында қабылдау-диагностикалық кешенінің, Сарыарқа ауданында 250 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы аяқталады.
Сондай-ақ Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында балаларға арналған 200 орындық травматология орталығы салынады.
«Алдағы үш жылда 11 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Алматы ауданында перинаталдық орталық, жаңа заманауи көпсалалы аурухана, жаңа әрі толыққанды 6 емхана (екеуі – мемлекеттік) және жедел медициналық көмек көрсететін 3 қосалқы станция пайдалануға беріледі», деді Жеңіс Қасымбек.