Суретті түсірген – автор
Әдетте ауыл тұрғындары журналистерді қандай да проблемасын шешіп беру үшін шақырар еді. Бұл жердің азаматтары аядай ғана ауылдың жеткен жетістігін ауыз толтыра айтқысы келіпті.
Украинка ауылына кіре беріп едік, қос қапталындағы қарқын алған құрылысқа қарап риза болыстық. Бірыңғай сәулетті шағын баспаналарды «Восток молоко» ЖШС басшылығы жұмысшыларына арнап салып жатыр десті. Төргі жақта ескі мәдениет үйін сүріп тастап, орнына жаңасын және көтерген. ІІ-дүниежүзілік соғысқа арналған обелиск те кәсіпкердің көмегімен жаңаланыпты. Шынтуайтына келсек, ауылдың шырайын кіргізіп отырған осынау жалғыз кәсіпорын. Жарнамалаудан аулақпыз. Ақиқаты сол. Басшысы Сейілжан Сайлаубаевтың қарапайымдылығы сондай, ауылға жақсылық жасау парызым деп, сұхбат беруден басын ала қашқан. Өндіріс ошағы туралы тіпті жақ ашқысы келмеді. Алайда, «Восток молоко» кәсіпорны сүт өнімдерінің жүзден астам түрін шығарады. Шикізаттың азды-көпті бөлігі көрші елден келсе, белгілі бір бөлігімен кәсіпорын қарамағындағы сауын ферма қамтып отыр. Таңғалғанымыз, бұл фермадағы 500-600 сиырды робот сауады. Роботталған технологияны екі-ақ адам басқарады. Қораның тазалануы да автоматтандырылған. Қора дейін десең, айнадай жарқырап жатыр.
– Қарапайым тілмен айтсам, сауын автоматтандырылған құрылғы арқылы жүзеге асады. Уақыт таяғанда науаға түйіршікті жем түсіп, сиырлар соған ұмтылады. Кезегімен қоршауға кіреді. Оларды ауылдағыдай қуалап, қарасанның астына алмайсың. Бәрі заманауи басқарылады. Мойындарындағы қарғыбауы арқылы сиырдың денсаулығы қадағаланып отырамыз, – дейді ферма жетекшісі Нұрболат Социалов.
Аталған серіктестікте Украинка ауылынан ұзын саны 150-дей адам жұмыс істейді. Сүт-тауарлы фермасы үшін қат мамандар азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтылады. Тіпті баспана да беріледі. Ферма жетекшісі Нұрболат Социалов отбасымен осы ауылға Тарбағатайдан көшіп келіп, баспаналы болған. Үйі жайлы, жылы. Кәсіпорын басшысы тағы бірнеше үй көтеріп жатыр. Бұған дейін соққан мәдениет үйі де ауылдың қақ ортасында жарқырап тұр. Мереке-мейрамның бәрі сонда тойланады.
– Біздің мәдениет үйіміз нағыз мәдениеттің ортасы болса екен дейміз. Көп жыл клубсыз отырған ауыл үшін бұл үлкен қуаныш болды. Концерт, көрме секілді іс-шараларды осында өткіземіз. Сонымен қатар клубқа жапсарлас кітапхана мен медициналық пункт те жұмыс істеп тұр. Осының бәрі Сейілжан Жиренұлының арқасы. Бүтін бір ауылға жағдай жасап отырған азаматқа «Қазақстанның Еңбек Ері» секілді атақ берсе де жарасады, – деп, алғысын білдірген ауылдық клубтың меңгерушісі Марина Бурковская.
Ол кісіге ауылдықтардың алғысы шексіз. Ұшыраса кеткен әр тұрғын ауылдың ертеңіне нық сеніммен қарайды. Оның үстіне, Ертістің жағасындағы құйқалы жерден көшкісі жоқ. Қазіргі күнде Украинка ауылында 353 түтін бар десек, соның жартысы «Восток молоко» кәсіпорнында жұмыс істейді. Айтқандай, бұл өндіріс ошағының өнімдері ауыл тұрғындарына жеңілдетілген бағамен ұсынылады. Еліміздің әр ауылында осындай кәсіпорын болса, халықтың әл-ауқаты әлдеқайда жоғары болар ма еді дерсіз.
Округті аралай жүріп, өңірдің өткені мен бүгінін бес саусақтай білетін ақсақал Қабдығали Мағауияұлымен тілдестік. Еңбекке ерте араласқан ол небәрі 29 жасында ІІІ-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған екен. Бүгінде Украинка ауылының әлеуетін арттыруға үлес қосып келе жатқан Сейілжан Сайлаубаевпен де қызметтес болған. Ол да Сейілжан Жиренұлының ұшан теңіз еңбегін айтып, таңдай қағып отыр. Айтуынша, әне-міне жұмысы тұралап қалады деген сүт-тауарлы фермасын қайта аяқтандырып, бүгінде еліміздің маңдайалды кәсіпорнына айналдырған. Сол заманда базары тарқай бастаған кәсіпорынды сақтап қалмағанда, аққулы мекен бүгінгідей гәккулі болар ма еді?
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы,
Украинка ауылы