Экономика • Бүгін, 08:07

Биыл рекордтық астық жиналды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Ертіс-Баян өңірінің фермерлері 900 мың тоннаға жуық картоп жинады. Бүгінде өнімнің 10%-ы сыртқы елдерге экспортталған.

Биыл рекордтық астық жиналды

Павлодар облысының астық өсірушілері жиын-терінді жоға­ры нәтижемен аяқтап жатыр. Биыл тағы да рекордтық астық жиналды. Диқандар 836,8 мың гектар алқаптан 1 млн 105,8 мың тонна дәнді дақыл жинап, қамбаға құйып жатыр. Орташа өнімділік гектарына 13,2 центнерді көрсетті.

– Ауыл шаруашылығы да­қыл­дарынан ең жоғары өнім­ді­л­ік картоптан түсті – гектары­нан 296 тонна, сондай-ақ гектарынан 13,7 центнер бидай, 10,9 центнер қарақұмық жиналды. Диқандар қазірдің өзінде 357 мың тоннадан астам бидайды Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Түрік­менстан, Әзербайжан мемле­кеттеріне экспорттады, – дейді өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әділ Исин.

Картоп дақылы 30,2 мың гек­тардан жиналып, жалпы көлемі 894,8 мың тонна өнім қамбаларға құйылған. Павло­дар картобы сапасымен ерек­ше­ленеді әрі елімізбен қатар, көршілес мемлекеттерде жоғары бағаланады. Жергілікті фермерлердің өнімін қазірдің өзінде сырт елдерден сатып алып жатқандар бар.

– 88 534,8 тонна картоп сыртқа экспортталды. Оның ішінде негізгі экспорттаушы ел – Өзбекстан, олар 85,9 мың тонна картоп сатып алды. Ал Ресейге 1512 тонна, Түрікменстанға 1020 тонна, Қырғызстанға 22 тонна жөнелтілді, – деп қосты бас­қар­ма басшысы.

Облыстағы егін шаруа­шы­лығын қолдауға жалпы сомасы 6,1 млрд теңге субси­дия бөлінген. Қаражат мине­рал­ды тыңайтқыштар мен пес­тицидтердің, ауыл ша­руашы­лығы тауарын өн­дірушілерге су жеткізу қыз­метінің құнын субсидия­лауға, басымды өсім­дік шаруашылығын дамытуды субсидиялауға, тұқым шаруа­шылығын дамытуды қолдауға бағытталған. Қазір егін шаруашылығын субсидиялауға қосымша бюд­жеттік қажеттілік 7,98 млрд теңгені құрап отыр.

 

Павлодар облысы