Спорт • Бүгін, 10:45

Геннадий Головкин жаңа қызметінде істі неден бастайтынын айтты

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күні кеше Геннадий Головкин Римде өткен Конгресте Халықаралық World Boxing федерациясының президенті болып сайланды, деп жазады Egemen.kz.

Геннадий Головкин жаңа қызметінде істі неден бастайтынын айтты

фото: olympic.kz

Орта салмақта екі дүркін әлем чемпионы және 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері даңқты отандасымыз Олимпиадалық спорт түрі бойынша халықаралық федерацияны басқаратын тұңғыш қазақстандық атанды. 

Геннадий Головкин осы жауапты қызметі барысында еңсеруді көздеп отырған жоспарын ортаға салды. 

«Сіздердің қолдауларыңызбен World Boxing ұйымына деген сенімді қалпына келтіру үшін барымды саламын. Бірлесе отырып халықаралық олимпиадалық комитеттің толыққанды мақұлдауына қол жеткізе аламыз. Бокстың тек Лос-Анжелес-2028 Олимпиадасында ғана емес алдағы барлық Олимпиада ойындарындағы орнын нық қалыптастырамыз», деді ол.

Келер жылдан қойылған мақсаттарды жүзеге асыруға кірісетінін айтқан отандасымыз World Boxing федерациясының президенті ретінде 4 басты ұстанымды айқындағанын тілге тиек етті.

«Спортшылар – басты орында, екінші – әділдік, үшінші – инновациялар, төртінші – қаржылық тұрақтылық және даму. Әр қадам жайында ұйым мүшелерін хабардар етіп отырамыз. Мен адал, нәтижелі еңбектенетін басшылық құрамды жасақтаймын. Көшбасшы болу адамдардың үстінен қарап тұру емес, олармен бірге болу. Енді әрекет ететін уақыт келді», деді Геннадий Головкин.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтағанын хабарлаған болатынбыз.