Қоғам • Бүгін, 09:52

Автолизинг бағдарламасы көпшіліктің сұранысын өтей ала ма?

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда желтоқсаннан бастап жеке тұлғаларға арналған жаңа автолизинг бағдарламасы іске қосылады, деп хабарарлайды Egemen.kz.

Автолизинг бағдарламасы көпшіліктің сұранысын өтей ала ма?

Қазақстандағы жеңіл автокөліктер мен жеңіл коммерциялық көліктерге арналған лизинг қызметтерінің көлемі соңғы жылдары ауытқып отыр. Finprom.kz дерегінше 2018 жылы нарық көлемі 4,5 млрд теңгеден асса, 2019 жылы ол 1,6 млрд теңгеге дейін азайды. 2020 жылы керісінше күрт өсім байқалып, көрсеткіш 11,2 млрд теңгеге жетті. Алайда шарықтау кезеңінен кейін сектор қайта құлдырап, 2024 жылы жылдық көлем 1,1 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Ауылдық жерлердің үлесі де айтарлықтай құбылып отырды. 2018 жылы ауылға тиесілі үлес шамамен 13% немесе 592 млн теңгені құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш небәрі 0,1%-ға дейін төмендеді. Кейін үрдіс біртіндеп қалпына келіп, 2023 жылы ауылдық аумақтардың үлесі 3,7%-ға, ал 2024 жылы 15,5%-ға дейін өсті.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында жеңіл автокөліктерді лизингке беру көлемі 846,1 млн теңгені құраған, ал 2025 жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 11,6%-ғай өсіп 944,4 млн теңгеге жетті. Дегенмен ауылдық секторда жағдай керісінше: көрсеткіш 153,3 млн теңгеден 46,7 млн теңгеге дейін төмендеп, 3,3 есе қысқарды, ал ауыл үлесі 18,1%-дан 4,9%-ға дейін азайды.

Жеке тұлғалар есебінен көрсетілетін лизинг қызметтері жылдар бойы төмен деңгейде қалып, нарықты негізінен корпоративтік сегмент қамтамасыз етті. 2018 және 2019 жылдары халық қатысқан лизинг көлемі небәрі 32 млн және 28,4 млн теңгені құрады, ауылдық аймақтарда мүлде қызмет көрсетілмеді. 2020–2021 жылдары бұл бағытта күтпеген өсім тіркеліп, халық үлесі тиісінше 23% және 27,7%-ға дейін жетті, ал көлем 2,6 млрд және 2,2 млрд теңгені құрады. Алайда ауылдағы көрсеткіш бірнеше жүз мың теңгеден аспады. 2022 жылы халықтың үлесі қайта 12,3%-ға дейін төмендеп, 2023–2024 жылдары 3%-ға де жетпеді. 2023 жылы халық есебінен көрсетілетін барлық лизингтік қызмет тек ауылдық жерлерге тиесілі болды, дәл осындай жағдай 2024 жылы да қайталанды.

2025 жылдың қаңтар–маусым айларында жеке тұлғалар есебінен лизинг көлемі 3,8 есе өсіп, 84,9 млн теңгеге жетті, ал нарықтағы үлесі 2,1%-дан 9%-ға дейін артты. Дегенмен бұл көрсеткіштер тұрақты трендтің қалыптасқанын білдірмейді, себебі ауылдық аймақтардың үлесі қайта нөлге жақындады. Бұл нарықтың хаотикалық сипатын көрсетеді: кей жылдары сұраныс тек қалада, келесі жылдары тек ауылда қалыптасады.

Жалпы алғанда, жеке тұлғаларға арналған автолизинг нарығы әлі де тар және тұрақсыз. Нарық көлемі кей жылдары миллиардтаған теңгеге жетсе, кейде ондаған миллионға дейін төмендейді. Сондықтан желтоқсанда іске қосылатын жаңа бағдарлама дер кезінде қабылданған бастама болып отыр. Қолданыстағы деректер көрсетіп отырғандай, арнайы қолжетімді бағдарлама болмаған жағдайда тұрмыстық автолизинг қалада да, ауылда да тұрақты дамуға қабілетті емес.

Бағдарлама ауылдық жерлер үшін де маңызды рөл атқаруы мүмкін. Егер лизингтік компаниялардың өңірлік филиалдары белсенді түрде қатысса, тозығы жеткен жеңіл автопаркіні жаңарту мүмкіндігі артады. Бірқатар облыстарда 20 жылдан асқан көліктердің көптігін ескерсек, бұл ауылдар үшін аса өзекті мәселе болып отыр.