Денсаулық • Бүгін, 09:25

Бала денсаулығына зиянды өнімдер сөрелерде самсап тұр: Ахуалды қалай түзейміз?

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұтыну нарығында балалар денсаулығына зиян әрі сапасы күмәнді өнімдердің көбейіп кетуі ата-аналар мен денсаулық сақтау саласы мамандарын алаңдатып отыр. Бұған мемлекеттік бақылау күшейіп, қоғам тарапынан жауапкершілік артпаса, жағдай ушыға беруі мүмкін. Президенттік іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты «Уды тоқтайық – Қауіпсіз балалық шақ: тұтыну сапасын бақылау және контрафактіден қорғау» атты дөңгелек үстел басында сарапшылар осы өзекті мәселені талқыға салды.

Бала денсаулығына зиянды өнімдер сөрелерде самсап тұр: Ахуалды қалай түзейміз?

Парламентаризм институты директорының орынбасары Ләззәт Сүлейменнің сөзінше, балалар денсаулығына қауіп төндіретін өнімдер мәселесі – ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер.

«Бүгін бізге кешенді жүйе құру қажет: бақылау, алдын алу, ағарту және экономикалық шараларды біріктіру – кезек күттірмес мәселе», дейді ол.

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, балалардың қауіпсіздігі мен сапалы өнімге қол жеткізуі заңнамалық тұрғыдан қорғалатын мәселе. Қоғам тарапынан да бақылау күшеюі керек.

з

Ал Мәжіліс депутаты Нұргүл Тауқызы энергетикалық сусындар, фастфуд және құрамында қант, тұз, жасанды қоспалары бар өнімдердің зиянын айта келе, елімізде 6-9 жас аралығындағы балалардың 21%-да артық салмақ немесе семіздік бар екенін, жасөспірімдердің 40%-дан астамы энергетикалық сусындарды тұрақты түрде тұтынатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, өнімдердің арнайы таңбалануы мен отандық пайдалы өнім өндірісін дамыту қажеттігін айтты.

«Астана» медицина университеті, нутрициология кафедрасының доценті Сауле Тәржібаеваның сөзінше, дұрыс тамақтану саласында алаңдатарлық үрдістер көп. Ол балалар мен жасөспірімдер арасында тыныс алу жолдары, ас қорыту жүйесі, жүйке жүйесі, сондай-ақ инфекциялық және паразитарлық аурулар көбейгенін жеткізді. Сонымен қатар тәтті сусындарды тұтыну 10,9%-дан 16,7%-ға өскен, күнделікті тұтыну 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдерде 67,8%-ға жеткен, ал қыздар арасында 65,5%-ды құрайды.

«TechnoWomen» ұйымының төрайымы Әзиза Шөжеева өз сөзінде дүкендерде ашық әрі бақылаусыз сатылатын зиянды өнімдердің балалар үшін оңай қолжетімді екенін айтты. Ол өткен жылы осындай өнімдерді қолдану нәтижесінде 24 баланың ауруханаға түскенін жеткізді. Оның алдын алу үшін мұндай өнімдерді міндетті түрде маркировкалау қажет екенін атап өтті.