Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Осының барлығын ескеріп отырған Денсаулық сақтау министрлігі әдеттегідей тұмауға қатысы жоқ вирустардың да айналымына мониторинг жүргізіп жатыр екен. Нәтижесінде, ел бойынша 3 мыңнан астам үлгі зерттелген. Соған сүйенсек, елде риновирус, парогрипп, аденовирус, боковирус, коронавирус, РС вирусының айналымы анықталған. Яғни ресми ақпаратқа сенсек, биыл ел аумағында бұрын айналымда болмаған тұмаудың жаңа түрлері анықталмаған.
Қазір елде жедел респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) ауырып жатқандардың 66%-ы – балалар болса, 34%-ы – ересектер. Кейінгі аптада елде ЖРВИ-дің 183 мың жағдайы тіркелген. Ал өткен аптада оқушылар арасында ЖРВИ-дің 6 мыңнан астам жағдайы және тұмаудың 13 жағдайы анықталыпты. Эпидемиялық маусымда емханалардың жұмысы күшейтілді. ЖРВИ-мен және тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі жағдайында алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының жұмысы күшейтілген режімге көшті. Емханаларда фильтр кабинеттері жұмыс істейді. Эпидемияға қарсы режімнің барлық талабы сақталады. ЖРВИ және тұмаумен ауыратын науқастардың шамамен 80%-ы амбулаториялық жағдайда емделіп жатыр.
Статистикаға зер салсақ, жыл сайын елімізде ЖРВИ-мен 3-4 млн адам, тұмаумен 2 мың адам ауырады екен. Биыл эпидемиялық маусым басталғалы елде ЖРВИ-дің 1,5 млн жағдайы тіркелген. Жалпы, еліміздің кейбір аймақтарында вирустық инфекциялар күшейді дегенмен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 20%-ға төмен деседі. Осыған қарамастан кейбір өңірдегі мектептерде ЖРВИ-мен ауыратын оқушылардың үлесі 30 пайыздан асып, уақытша онлайн оқуға ауысты.
Әлеуметтік желілерде «Гонконг» деп аталатын вирусқа қатысты түрлі ақпарат тарап жатқанынан бәріміз хабардармыз. Аңғарғанымыз, жаңсақ ақпараттардың салдарынан халық арасында тұмаудың жаңа ерекше штамы пайда болды деген түсінік қалыптасыпты. Шынтуайтында, «Гонконг» тұмауы вирустың жақында пайда болған түрі емес, бұрыннан бар. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев баспасөз мәслихатында осы жөнінде түсінік берді.
– Жедел тарап жатқан жалған ақпарттарға байланысты ресми түсініктеме бергім келеді. Шын мәнінде, «Гонконг» деп аталатын А (H3N2) тұмауы жаңа вирус түрі емес, бұрыннан бар. Нақтыласақ, тұмаудың бұл түрі алғаш рет 1968 жылы анықталған. Сол кезден бастап тұмау әлем бойынша үнемі айналымда болды. Біздің ел аумағында вирустың осы түрі көп жылдан бар. Оны мерзімді маусымдық эпидемиялық үдерістің бір бөлігі деп түсінген дұрыс, – деді Т.Сұлтанғазиев жағдайдың анық-қанығын баяндап.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, бүгінде алғашқы буын деңгейінде медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін 995 мобильді бригада ұйымдастырылған. Олар пациенттердің үйіне барып, медициналық көмек көрсетеді. Сондай-ақ 1 800 фильтр кабинеті жұмыс істейді. Осындай кабинеттің жартысынан көбі жүкті әйелдер мен балаларға арналған. Шұғыл медициналық көмекті 1 600 жедел жәрдем бригадасы көрсетеді.
– Инфекциялық стационарлар мен мамандандырылған ауруханаларда стационарлық көмек көрсету үшін 11 мыңға жуық төсектік орын, оның ішінде 2 мың резервтік төсектік орын орналастырылды. Бүгінде 8 мыңнан астам пациент ауруханаға жатқызылды. Республика бойынша төсектік орын қорының 76%-ы бос емес,– дейді Тимур Сұлтанғазиев.
Спикер хабарлағандай, денсаулық сақтау ұйымдарында вирусқа қарсы және қызуды басатын препараттар, жеке қорғаныс құралдары мен дезинфекциялық құралдардың қоры жеткілікті. Білім беретін ұйымдарда, балабақшаларда оқушылар мен қызметкерлердің аурушаңдығы және сабаққа қатысуына байланысты күнделікті мониторинг жүргізіледі. ЖРВИ және тұмау белгілері бар балаларды анықтау үшін таңертең фильтр ұйымдастырылады. Сондай-ақ орталық және өңірлік деңгейде түсіндіру жұмыстары үздіксіз жалғасып жатыр екен.
– Инфекциядан мейлінше қорғану үшін қарапайым алдын алу шараларын ескерген жөн. Яғни адамдар көп жиналатын жерлерге, әсіресе, жабық бөлмелерге баруды шектеген жөн. Үй-жайларды үнемі желдетіп, антисептиктер мен дезинфекциялық майлықтарды пайдаланған дұрыс. Сосын, қолды жиірек жуған абзалырақ. Тұмау немесе ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдырып, ұйымдасқан ұжымдарға жібермеу керек,– деп тұмаудан сақтанудың жолдарын айтты Т.Сұлтанғазиев.