Тарихы терең мағынаға толы, ұлттық дәстүр мен бірлік құндылықтарын насихаттайтын, түрлі ұлт өкілдерін ортақ мәдениет пен отансүйгіштік идеясына топтастырған жобаның мақсаты айқын.
Марафонның Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойы құрметіне арналуы бекер емес. Бұл институт елдегі ұлтаралық келісім мен азаматтық бірліктің рәмізіне айналды. Ұлы дала ежелден өркениеттер тоғысатын мекен ғана емес, өзара үндесетін, халықтар бір-біріне ағайын атанатын кеңістік болғаны рас. Ұлы дала мекенінде түрлі этнос ғасырлар бойы қатар өмір сүріп, бір нанды бөліп жеп, ортақ тағдырға мойынсұнып, туған жерге деген сүйіспеншілікті бірге ұстанып келді.
Бүгінде «Ұлы дала жорығы» сайыс қана емес, құрмет пен сенімге бастайтын бірегей жобаға айналды. Ал марафонға Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» атты интернационал командасының қатысуы – осы рухани мәні зор сөзіміздің жарқын дәлелі.
Марафонның атауы – «Жорық». Бұл жерде біле-білгенге терең мағына бар. Тарихқа үңілсек, бұрын бұл сөз әскери жорықты білдірген. Ата-бабаларымыздың ерлікке толы жанқиярлық әрекеттері еске түсетін. Ал дәл бүгінде «Жорық» бейбіт өмірдің мәйегі, рухани-ағартушылық мәнге айналды.
Сонымен бұл жай ғана сапар емес. Бұл – ішкі саяхат пен туризмнің өрісі. Бұл – дәстүр мен ұлттық құндылықтарды паш ететін ерекше мүмкіндік. Себебі ауыл-ауылдарға барып, сол жердің салт-дәстүрімен танысу, араласудың мүмкіндігі мол. Торғайдан Арқалыққа дейінгі жолды еңсеру арқылы әрбір қатысушы өз топырағымен, тегімен, тарихымен қайта байланыс орнатқандай әсерде болғанына күмәнім жоқ.

Әр қазақ қасиетті Торғай өңірін қазақ руханиятының алыптары Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлы тұлғалардың кіндік қаны тамған қасиетті жер деп біледі.
Алаш алыптарының қоғамдық-саяси өмірін ағартушылық бағытта ғана қабылдау жеткіліксіз. Олар шынайы рухтың, еркіндік пен әділетке ұмтылған, ұлтты оятуға бел буған кемеңгер тұлғалар еді. Ал Міржақып Дулатұлының туған ауылына барып, баба рухына тағзым ету, Амангелді Иманов пен Кейкі батырдың кесенелеріне зиярат жасау – бүгінгі ұрпақ арасындағы рухани сабақтастықтың жарқын бір көрінісі.
Расында, бұл марафон – рух пен жігердің зертханасына айналды. Биыл 500 шақырымдық қашықтықты Қазақстанмен қоса, Қырғызстан мен Ресейден келген қатысушыларды қамтыған 18 команда еңсерді. Қырғызстан құрамасы жеңісті лайықты түрде иеленді. Бұл жеңіс спорттық тұғыр ғана емес, әділ бәсеке, ашықтық пен бауырластық рухының жарқын көрінісі болды.
Қостанай облысының командасы құрметті үшінші орынды иеленді. Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда бұл үлкен жетістік еді. Яғни спортшылар мен аттарды баптаудың сапалық деңгейге көтерілгенінің айғағы.
Сондықтан «Ұлы дала жорығы» өздігінен «дала зертханасы» деп аталмайды. Мұнда тек физикалық төзімділік емес, ұлттық мінез-құлық, рух та шыңдалады.
Марафон отандық жылқы тұқымдарының ерекше қасиеттерін айқындады. Қостанай, Адай, Жетісу, Әулиеата, Найман торы сынды жылқы тұқымдары қайта жанданып, назарға ілігіп, елдің мақтанышына айналды. Олардың төзімділігі мен шапшаңдығы – ұлттық абыройдың, рухтың айнасы.
Бүгінде жылқыларды марафонға дайындау әдістемесін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Марафон идеясының дәл осы Торғайда туындауы бекер емес. Бұл өлке – халқымыздың талай тарихи беттерінің бастауы болған киелі мекен. 2022 жылы «Joryq» федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков пен оның командасы алғашқы рәміздік жорығын жүзеге асырып, Торғайдан Созаққа дейін 1000 шақырымды еңсерді.
Содан бері бұл бастама спорттық шара ретінде ғана емес, тұтас бір мәдени құбылысқа айналып, адамдарды біріктіретін дербес қозғалысқа ұласты.
Жоба ең жоғары деңгейде қолдауға ие болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марафонға жоғары баға беріп, оны жастардың рухани және патриоттық тәрбиесі үшін аса маңызды, бірегей бастама деп атап өтті.
2026 жылы «Ұлы дала жорығы» қайтадан Қостанай облысына оралады. Бұл жолы Арқалық қаласының 70 жылдығына арналған мерекелік іс-шара ретінде ұйымдастыру көзделіп отыр. Президент Арқалықтың келешегіне ерекше мән беру керек деген болатын. Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағытында автокөлік жолын салу жұмыстары бар. Осыған орай биыл мамыр айында Премьер-министр Олжас Бектенов Арқалыққа жасаған жұмыс сапарында «Орталық – Батыс» күре жолының құрылысын бір ай мерзімде бастау жөнінде нақты тапсырма беріп, маусым айында Арқалық пен Торғайда автодәліз құрылысы басталды. Одан бөлек әуежай, мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандардың салына бастауы зор сенім береді.
Осы ретте «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошановқа ерекше алғыс айтқымыз келеді. Ерлан Жақанұлы «Ұлы дала жорығы» идеясына алғашқы күннен сеніп, қалыптасуы мен дамуының барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
Жобаны жаңа серпінмен дамытуда ерекше қолдау көрсетіп, белсенді қатысқаны үшін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа алғысымыз зор. Осы арқылы жоба халықаралық маңызға ие болды.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз. Марафонды ұйымдастыруда ынтымақтастық пен белсенділік танытты.
Алдағы жылдарда да ұлттық дүниемізді насихаттау жолындағы бірегей жоба ерекше бағытта жалғасады. Осы ретте көпшілік қауым ұсыныстар мен тілектерін жолдап, белсенділік танытады деп ойлаймыз.
Ералы ТОҒЖАНОВ,
Премьер-министрдің кеңесшісі,
«Joryq» ат спорты федерациясы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы