Саясат • Бүгін, 08:45

Жапон жұртының елеулі көмегі

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жапонияның «Kusanone» (Шөп тамыры) гранттық бағдарламасы өңірлерге көмек беруді жалғастырып жатыр. Осы ретте олар Шығыс Қазақстан облысының аутизм дертіне шалдыққан балаларға қаржы бөлді.

Жапон жұртының елеулі көмегі

Сурет: kz.emb-japan.go.jp

Елшілікте өткен іс-шарада Жапонияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Ииджима Ясумаса мен Өскемен қаласындағы «Страна чудес» оңалту-дамыту орталығы» ҚБ төрағасы Анна Ипатова гранттық келісімшартқа қол қойды.

Жапония елшісі қаржылай қолдауға ие болған орталықты құттықтай отырып, «Kusanone» бағдарламасы қарапайым ха­лықтың өмірін жақсартуға, сондай-ақ Жапония мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Орталық басшысы грант қар­жысына балаларды үйлерінен оңалту орталықтарына тасымалдайтын көлік алуды жоспарлап отырғанын айтты.

«Аутист балалармен қоғамдық көлікке міну біраз қиындық туғызады. Менің балам осындай дертке шалдыққан, сондықтан осындай балалары бар ата-аналарды жақсы түсінемін. Оларды дамыту қажет, сол себепті оңалту, дамыту орталықтарына күнде қатынауға тура келеді. Такси немесе жеке көлікпен апарамыз, таксимен шығын көп, ал жеке көлік бәрінде бола бермейді. Сондықтан алдымен көлік мәселесін шешуіме тура келіп тұр», деді ол.

Грант сомасы – 64 069 доллар көлемінде. «Страна чудеске» нақты қанша қаржы берілетіні жобаны жүзеге асыру барысында жасалатын келісімшарттарға байланысты болмақ.

Елші Ииджима Ясумаса «Kusanone» бағдарламасына тоқ­талып өтті.

«Kusanone» – Жапония Үкіметінің адам қауіпсіздігін қам­тамасыз ету жөніндегі шағын ауқымдағы әлеуметтік жобаларға қайтарымсыз көмегі. Оның мақ­саты – халықтың қарапайым топтарына жәрдемдесу, олардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етіп, әлеуе­тін арттыру арқылы жергі­лікті тұрғындардың әлеумет­тік дамуын қамтамасыз ету. Бағдарламаға жергілікті билік органдары, медицина, білім беру мекемелері, үкіметтік емес, қоғам­дық ұйымдар, қоғамдық қорлар қатыса алады. Жоба денсау­лық сақтау, білім беру, әлеумет­тік қамтамасыз ету, экология, қор­шаған ортаны қорғау, кедейлікпен күрес, т.б. салаларға арнал­ған», деді елші.

Аталған бағдарлама елімізде 1997 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақытта 8 266 005 долларды құрайтын 122 жоба іске асқан.