Сурет: nazarmedia.kz
Байқау 11 жыл бойы Қауымдастыққа мүше елдер жастарының инновациялық белсенділігін арттыруды мақсат етеді. Финалдық кезеңнің ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов бұл жоба шығармашыл жастарды жақындастырып, жаңа идеялардың ортақ алаңына айналып отырғанын айтты.
– Өте рәміздік жағдай – бұл ірі гуманитарлық жоба Ұлттық музей ғимаратында өткізіліп отыр. Бұл да – бір тарихи кезең. Мұнда әр елден бас қосқан қатысушылар үздік жобаларын таныстырып жатыр. Әрқайсысы әр саладағы өзіндік мәселелерді шешуді көздейді, – дейді вице-министр.
Байқасақ, қазір әлем елдері біртіндеп пластиктерден экологиялық өнімдерге бет бұрып жатыр. Осыған орай көрмеде Өзбекстаннан келген стартаперлер «Еco-casseta» деп аталатын органикалық тыңайтқыштан жасалған гүл отырғызатын ыдыстарын ұсынды. Жоба үйлестірушісі Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, бұл өнім ауыл шаруашылығында жиі кездесетін мәселелерді оңтайлы шешуге бағытталған.
– Пластик ыдыстағы көшеттерді отырғызу кезінде тамыр жүйесі зақымдалып, салдарынан өсімдік әлсіреп, тіпті кейбіреуі солып қалады. Ал «Eco-casseta» ыдыстары топыраққа сол күйі көшетімен бірге көміледі. Кейін ол 25–30 күн ішінде толықтай ыдырап, топырақты табиғи тыңайтқышпен байытады. Мұнда органикалық материал ретінде торф қолданылып отыр. Бұл – халықаралық деңгейде ең пайдалы табиғи тыңайтқыштардың бірі. Сондықтан экологиялық ыдыстар таза өнім өндіргісі келетін шаруалар үшін де, тұрмыстық деңгейде көшет өсіретін тұрғындарға да өте қолайлы. Бастама Орталық Азиядағы экостандартты дамытуға, қалдық көлемін азайтуға, жасыл экономиканы қолдауға үлес қосады, – дейді ол.
Қазіргі цифрлы дәуірде қауіпсіздік те маңызды. Бұл ретте Беларусьтен келген Александр Винокуров көпшілікке өзінің «VinSafe» жобасын таныстырды. Компьютерлік бағдарламалық жүйе зиянды файлдарды анықтап, деректерге рұқсатсыз қол жеткізуге жол бермейді және сыртқы құрылғылардан келетін кибершабуылдан қорғайды.
– 10-сынып оқып жүрген кезде ұлттық балалар технопаркіне ақпараттық қауіпсіздік бағыты бойынша арнайы оқудан өттім. Зиянды файлдармен жұмыс істеп, осы тақырып төңірегінде біраз зерттеу жүргіздім. Сөйтіп, 11-сыныпта осы жобаны жасап шықтым. Жүйенің негізгі алгоритмдері «Kaspersky Lab» компаниясының тәсілдеріне ұқсас базаға негізделген: сигнатуралық талдау, машиналық оқыту және файлдардың мінез-құлқын бақылау. Алайда онда әр функция бөлек бағдарламалар арқылы іске асады. Ал біздің жүйеде мұның бәрі бір бағдарламалық платформада біріктірілген. Әрі интернетке немесе өзге жүйелерге мүлде қосылмайды, яғни толығымен жеке оқшауланған. Бұл жасанды интеллектінің технологияларын қолдану кезінде жаңа қауіп түрлеріне әлдеқайда жылдам бейімделуге жағдай жасайды, – дейді жоба авторы.
Отандық жобалардың да өз ерекшелігі бар. Мәселен, финалдық кезеңге іріктелген «Eco Alem» жобасы үстел ойыны арқылы экологиялық мәдениетті көтеруді көздейді.
– Интернеттің дамыған заманында балалар мен жастарды лекциялар мен тренингтер көп қызықтыра бермейді. Сондықтан бұл жобада білімді ойын арқылы жеткізу қарастырылған. Мақсат – қатысушыларды қоқысты дұрыс сұрыптауға үйрету, қайта өңделетін қалдықтар туралы, сұрыптау жолдарын және экологиялық зиянды заттар туралы мағлұмат бере отырып, қоршаған ортаны таза ұстауға баулу. Ағартушылық бастама тек балалар мен жасөспірімдерге ғана емес, ересектерге де қолжетімді. Бұл үстел ойынында қазақи құндылықтар да насихатталады, – дейді «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Ақнұр Тұрдалиева.
Жалпы, көршілес мемлекеттерден 100-ге жуық жоба түсті. Оның ішінде білім, медицина, ЖИ, өнеркәсіп салаларына бағытталған тың идеялар бар.
– 8 мемлекеттен қонақтарымыз келді. Олармен бірлесе отырып, жаңа жобаларды көреміз, пікір алмасамыз, тәжірибе алмасамыз. Бізге тиімді бастамаларды өзімізде қолданатын боламыз. Сонымен қатар ТМД-ға мүше мемлекеттердің Жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысын өткіздік. Жиында халықаралық жастар ынтымақтастығының стратегиясы, 2026 жылға арналған жұмыс жоспары секілді бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелері талқыланды, – дейді Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров.
Іс-шара «Aqyl tech» жобасы аясында «TechnoWomen» ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған. Байқау қорытындысында IT бағыты бойынша Әзербайжаннан Омер Эйвазлы мен Мурад Гасымов, Беларусьтен Александр Винокуров, Өзбекстаннан Нумонжон Иброхимов, медицина және денсаулық сақтау бағытында Армениядан Ани Арутюнян, Қазақстаннан Бақытжан Сариев, Тәжікстаннан Сунатулло Шарифов, білім бағытында Армениядан Роза Церунян, Қазақстаннан Асанәлі Шоманов, тиімді табиғи пайдалану бағытында Әзербайжаннан Бану Ибрагимова, Қырғызстаннан Нураида Зайнишова мен Оксана Оморкулова, әлеуметтік салада Қазақстаннан Сәлімжан Сәбитов, Ресей Федерациясынан Федор Масловтың жобалары үздік деп танылды.