Саясат • Бүгін, 08:10

Алатау – заманауи урбанистика үрдісіндегі шаһар

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте Алатау қаласын дамыту мәселелері талқыланды. Мемлекеттік органдардың басшылары, сарапшылар мен урбанистер қатысқан жиында Мемлекет басшысы жүктеген – қаланы халықаралық іскерлік, инновациялық және технологиялық хабқа айналдыру міндетін іске асыру тетіктеріне баса назар аударылды.

Алатау – заманауи урбанистика үрдісіндегі шаһар

Кеңес мүшелері Президенттің Алатау қаласына даму қарқыны озық қала деген арнаулы мәртебе беру туралы Жарлығы шеңберінде тиісті институционалдық базаны әзірлеу барысы мен инфрақұрылым салу мен инвестициялар тарту жөніндегі шараларды талқылады. «Alatau Сity Аuthority» жаңа мемлекеттік қорының қызметіндегі мәселелер қаралды.

Үкімет басшысына әзірленіп жатқан «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасына қатысты ұсыныстар айтылды, олардың қатарында өзінің жеке  реттеушілік пен әкімшілік экожүйесін құру, құқықтық, басқарушылық инновациялар, мемлекеттік сервистердің цифрлық интеграциясы мен тағы да басқалар бар.

Одан бөлек, құрылыс, энергетика, экология, көлік пен ТКШ салаларында, соның қатарын­да «ақылды» қала технологиясы шең­берін­де де, халықаралық стандарттар мен ин­но­вацияларды енгізу ұсынылып отыр. Кепіл­діктерді қамтама­сыз ету мен инвестор­лар үшін қолайлы жағдайлар жасау туралы іс-шаралар да көзделген. Маңызды бағыттардың бірі – роботтехникалық жүйелерді дамыту мен кеңінен пайдалану, сондай-ақ цифрлық активтердің айналымын реттеу.

Кеңес мүшелері Алатау қаласында инже­нер­лік-инфрақұрылымдық жобалар­ды жүзеге асыру Жол картасын қарады. Пре­мьер-министрдің орынбасары Қанат Бозым­баев бүгінде инженерлік желі­лер­ді жос­пар­лау­дың салалық схемалары бекітіл­генін, бі­рінші кезекте жобасы жасалып, құрылысы салы­натын 30 нысан анықталғанын баяндады.

Мұнда қолданыстағы ғимараттарды реконструкциялау мен жаңа инфрақұрылым нысандарын салу жұмыстары қатар жүр­гізіледі. Жаңа нысандар қатарында бірнеше қосалқы стансалар, су жинау торабы, газ құбырлары, кәріз тазарту құрылыстары, автожолдар мен тағы да басқалар бар. Бұл жұмыстарды келесі жылы бастап кету жос­парланып отыр. Инфрақұрылымдық нысандарды салу кезінде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының тетіктері пайдаланылатын болады. Сондай-ақ EPC+F құралдарын қолдану мүмкіндігі қарастырылады, мұнда мердігер компания қаржыландырудан бас­тап жобаның барлық кезеңіне жауап береді.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтан­ғазиев Алатау қаласының ағымдағы әлеу­меттік-экономикалық дамуы мен жаңа инвес­ти­циялық жобаларды іске қосу бо­йынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

а

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Алатау қаласының бюджеті үш есеге өсіп, 8,8 млрд теңгеге  жетті. 10 айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 17%-ға артып, 115,6 млрд теңгені құрады.  Бұл ретте инвес­тиция көлемі 13%-ға өсіп, бүгінде шамамен 46,4 млрд теңгеге жетті. Пул 21 мыңнан аса жұмыс орнын ашуды көздейтін 41 инвестициялық жобаны қамтиды. Қазіргі уақытта құны 1 трлн теңге болатын 18 жоба жүзеге асырылуда. Бұл – PepsiCo, United Hygiene, «Молочная долина», АСП арена, QazQon Hub, АВЗ, Исткомтранс сияқты басқа да ірі компаниялардың логистика, АӨК, тамақ пен жеңіл өнеркәсіп салаларындағы жаңа өндіріс орындары.

Жалпы ауданы 97,9 мың гектарды құрай­тын еліміздегі ең ірі Аlatau АЭА құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 24 мың гектардан астамы қала сыртында орналасқан әрі АӨК өнім­дерін қайта өңдеудегі маңызды жобалар­ды қамтиды. Осы өндіріс орындарына кепіл­діктерді сақтау мен жаңа кәсіпорын­дарды іске қосу мақсатында жаңа өнер­кәсіптік-логистикалық АЭА құру туралы әкімдіктің ұсыныстары қаралды. Болашақ­та бұл Алматы облысында индустриялық, логистикалық, туристік әрі энергетикалық кластерлердің дамуына ықпал етеді.

Бас жоспарды жүзеге асыру аясында Алатаудың сәулет келбеті мен заманауи қала құрылысына қатысты шешімдерге ерекше назар аударылды. «Caspian Group» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Цхай Iconic building іскерлік орталығының көрнекті ғимараты құрылысын қамтитын, Gate District ауданында жаңа іскерлік аудан­­ды дамытатын жобаны таныс­тыр­ды. Биылғы қыркүйек айында мемле­кет басшыларының қатысуымен өткен Қазақ-қытай іскерлік кеңесі аясында атал­ған жоба бойынша үшжақты келісімге қол жеткізілді.

Алатау қаласы озық технологиялар трансфері мен инновацияларды кең ауқым­да таратуды қамтамасыз етеді. Алатау қала­сы жалпы құқықтың жаңа жүйесі мен ынталандырудың арнайы режімдерін енгізу­дің нәтижесінде халықаралық корпорация­лар үшін бірегей жағдай жасамақ. Бұл туралы «Asia Infrastructure Solutions Singapore» компаниясының төрағасы, Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Хэн Файн Вонг мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа қала шетелдік бизнеске таланттар мен капиталды еркін тартуға мүмкіндік беретін түбегейлі өзгеше жұмыс моделін ұсынады. Бұл үдерісте «Астана» халықаралық қаржы орталығымен тығыз интеграцияланатын Gate District қаржы кластері ерекше рөл атқармақ.

«Бұл жергілікті ішкі жалпы өнімнің өсуіне елеулі үлес қосады деп ойлаймын. Көп­теген өзге де жағдайлардағы сияқ­ты бірнеше мәрте мультипликативті әсер беруі мүмкін. Мұның бәрі қаржы индус­трия­­сының қай секторын таңдап алаты­ны­мыз­ға байланысты. Біз PropTech-ті, сон­дай-ақ крип­товалюталар мен жаңа цифр­лық ак­тив­терді бағдар етеміз. Бұл қазір Қазақ­стан­ның басқа еш жерінде жоқ индуст­рияның жаңа түрі», деді Хэн Файн Вонг.

Алатау сондай-ақ Smart City және «төмен биіктіктегі экономика» саласын дамыту үшін де негізгі платформа ретінде қарастырылып отыр, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары мен робот­тандырылған таксилерді пайдалану бастамалары бар. Осы мақсаттарға арнайы реттеу режімі қолданылады.

«Егер бұл жоба Алатау қаласында «құмсалғыш» форматында сәтті жүзеге асса, оны ел көлемінде таратуға болады. Бұл елдің ішіндегі қызметті айтарлықтай жандандырады. Мысалы, цифрлық активтер саласында жер мен жылжымайтын мүлікті токенизациялаудың жаңа түрлері пайда болады, бұл шетелдік және жергілікті инвесторлар үшін қолайлы», деген Хэн Файн Вонг, қаланың халықаралық сауда үшін стратегиялық маңызы туралы да айтты. Алатаудың Қытай мен Еуропа арасындағы жолдардың түйіскен жерінде орналасуы батыс Қытайдан шығатын жүктерді, босамай жатқан шығыстағы порттарына апармай, тіке тасымалдауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберінде жұмыс істеп жатқан отандық компаниялар үшін кең ауқымды перспективалар туғызады.

Жалпы, Алатауда тұрғын үй құрылысы қазір оң қарқын көрсетіп отыр. Биыл 103 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықаралық сарапшыларды тарту мен әлемнің жетекші мегаполистері тәжірибесін зерделеу арқылы қаланың дизайн-коды мен кешенді көлік схемасы әзірленіп жатыр.

Отырыс қорытындысында Премьер-министр тиісті министрліктер мен Алматы облысы әкімдігіне жұмысты жеделдету мен сапалы жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.