Қоғам • Бүгін, 18:00

Алғыр дрон апатты азайта ма?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай облысында дрондар өрісте бағусыз жайылған малға байланысты жол-көлік оқиғаларын азайтуға көмектесіп жатыр.

Алғыр дрон апатты азайта ма?

Бүгінде далалы жерлерде жол қауіпсіздігін тудыратын негізгі мәселелердің бірі – малдың көлік жолдарына жақын маңда жайылып, әрі-бері өтуінде болып отыр. Әсіресе, түн уақытында өз аяғымен жайылатын өрістегі ірі-қара жиі жол-көлік шырғалаңына себеп болып, жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді.

Абай облысында бұл мәселені шешу үшін заманауи технологиялар енгізіле бастады. Аудан әкімдіктерінің қолдауымен жергілікті полиция бөлімшелері патрульдік қызметі бірлесіп, аумақты тұрақты бақылауға және автожол маңында еркін жайылып жүрген малды жедел анықтауға мүмкіндік беретін дрондармен жабдықталды. Жоғары сапалы камерасы бар пилотсыз алғыр аппараттар малдың жүрген жерін анықтап, нақты уақыт режімінде көрсетіп, тез әрекет етуге жағдай жасайды.

Мәселен, Жаңасемей ауданында жүргізілген бақылау жұмыстары барысында 59 бас жылқы анықталып, жол жиегінен алыстатылған. Мамандардың айтуынша, қараусыз жүрген мал Семей – Өскемен және Омбы – Майқапшағай бағыттарындағы қозғалысы көп жолдарда жиі кездескен.  Дрондарды қолдану бұл қауіп-қатерді айтарлықтай төмендетіп, өңірдегі жол қауіпсіздігі деңгейін жақсартуға мүмкіндік бермек.

Статистика да бұл жұмыстың тиімділігін растап отыр. Мәселен, жыл басынан бері полиция қызметкерлері малдың қараусыз жайылуына қатысты 2 284 құқық бұзушылықты анықтаған. Арнайы айыптұрақтарға 9 729 бас мал жеткізіліп, олардың иелері әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша жауапкершілікке тартылған.

Әрине, бұл да оңай шаруа емес. Аяқты мақұлық қауіп-қатер дегенді қайдан ұқсын, от қуалап жайыла береді. Ол үшін мал иесінің айыппұл арқалауы да дау тудырмай тұрмайтын жайт. Осы ретте жаңа технологияның мүмкіндіктерін тиімді пайдаға асыру – қай тарапқа да құба-құп іс болып отыр.

«Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру талаптарының бұзылуына қатысты 201 дерек тіркеліп, материалдар ветеринариялық инспекцияға жолданды. Заманауи технологияларды профилактикалық іс-қимылдармен ұштастыру полицияға оқыс оқиғалардың алдын алуға ғана емес, мал иелерінің жауапкершілік мәдениетін арттыруға да мүмкіндік береді. Осындай кешенді тәсіл Абай облысының жолдарын үшін анағұрлым қауіпсіз етуге өз үлесін қосып жатыр», дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Абай облысы