Қоғам • Бүгін, 08:45

Технология көрмесіндегі тың ізденістер

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көлік министрлігінің қолдауымен елордада «Kaztraffic-2025» XXI халық­аралық көрмесі өтіп жатыр. Онда өн­­дірушілер жол саласындағы ең озық технология­лармен таныс­тырды.

Технология көрмесіндегі тың ізденістер

Биыл «Kaztraffic-2025» көрмесінің ауқымы кеңейіп, Қытай, Түркия, Италия, Франция, Канада, Өзбекстан, басқа да мемлекеттерден 200-ден астам компания бас қосты. Жаһандық ірі өндірушілер жол-құрылыс техникасының, материалдар мен жабдықтардың жаңа түрлерін ұсынды. Іс-шараның ашылуында Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров еліміздің көлік саласындағы әлеуеті туралы және халықаралық көрменің мән-маңызы жөнінде айтты.

– Қазір республикалық маңызы бар жолдар сапасы жағынан 93%-ға жетті. Келешекте осы үлесті 100%-ға дейін жеткізу жоспары бар. Еліміз аумағынан 13 халықаралық дәліз өтеді. Оның 5-еуі темір жол, 8-і автомобиль дәлізі. Мұнда негізгі әрі маңызды бағыт «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ірі халықаралық дәлізі. Қазір осы бағыттағы автожолды 6 жолаққа кеңейту міндеті қойылып отыр. Сол секілді Ресей-Қазақстан-Түрікменстан-Иран және Пәкістан елдерін байланыстыратын «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін дамытуға баса көңіл бөліп отырмыз. Жалпы, осы бағытта 5, 10 жылға жоспарланған жобалардың барлығы елдің транзиттік әлеуетін арттырады, – дейді М.Қалиақпаров.

Көрмеде елорданың тазалығына жауапты «Астана Тазалық» ЖШС қала көшелерін, асфальт жолдарын тәулік бойы тазалауға жәрдемдесетін, қауіпсіздікті сақтайтын жаңа экологиялық жабдықтарды көрсетті. Оның ішінде жасанды интеллект шешімдері өндірістік үдерістерді жеделдетуге, бақылау дәлдігін арттыруға, адами факторды төмендетуге мүмкіндік береді.

– Қаланың тазалығына жауапты мекеме болған соң, көліктерімізге жасанды интеллектіні енгіздік. Жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін барлық ЖИ шешімдерді бір экожүйеге тоғыстырдық. Ол үшін әрбір көлікке датчик, бейнекамера орнатамыз. Негізі мекеме балансында 400-ге жуық техника болса, соның ішінде қар тазалайтын, қар тиейтін көліктерден бөлек, шағын техникалар бар. Қазір 100 көлікке бейнекамера орнатып, ЖИ-мен байланыстырдық. Біздің жұмысшылар түнгі ауысымға да шығып, қаланы қардан тазалайды. Түнде қалада кептеліс жоқ, техникалық мақсаттағы көліктің салмағы ауыр, жылдамдығы төмен. Мұндай жағдайда жүргізушілер жолда шаршайды. Біз көліктерге орнатқан терминал жүргізушінің жанарын бақылап отырады. Егер қалғып кеткен жағдайды байқаса, небәрі 3 секундта жүргізушіні оятады. Сол секілді жүргізуші жылдамдықты шамадан тыс асырса, телефонмен сөйлессе, дерек бірден бізге түседі. Мұның барлығын әуелі жүргізушінің, жолдағы басқа да көлік­тер­дің, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жа­сал­ған қадам деп түсінген дұрыс, – деді «Астана Тазалық» серіктестігі техниканы пай­далану бөлімінің басшысы Тимур Ахметов.

Көрмеде Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты жол-құрылыс материалдары мен технологияларының бірыңғай базасын, көпір құрылыстарын басқарудың интеллектуалдық жүйесін, көше-жол желісін басқару шешімдерін таныстырды. Осы күні қонақтар елде битум өндірумен айналысатын «Qazaq bitum» компаниясының әлеуетіне қанықты. Бүгінде компания жол саласында пайдаланатын битумның барлық түрін шығарады. Оның ішінде сапасы жоғары полимерлі битум түрлері де бар. Зауыттың өзі Шымкент қаласында орналасқан. Санаулы жылда компания елімізге ғана емес, Орталық Азия елдеріне үзіліссіз битум тасымалдайтын ұжымға айналып үлгерді. Нақтыласақ, қазір өнімдерін Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстанға экспорттайды. Зауыт тәулігіне 1 500 тонна битум шығарса, жылына 450 мың тонна өнімді сұраныс бойын­ша тасымалдауға қауқарлы. 

Аталған көрмеде отандық және шетелдік компаниялардың ішінде небір ауыр техникаларды шығаратын ұжымдардан бастап, жол белгілері, таңбаларымен айналысатын кәсіп иелері де болды. Мұның барлығы алдымен жол қауіпсіздігіне, сосын сапасына әсер ететін қадам деуге болады.