Қоғам • Бүгін, 08:05

Әзербайжан Орталық Азияның әлеуетін арттырады

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Ташкентте Орталық Азия мемлекет басшыларының жетінші консуль­та­тив­тік кездесуі өтті. Аталған жиында Әзербайжан Республикасының Орталық Азия мемлекет басшыларының консультативтік кездесуінің толыққанды қатысушысы ретін­де шешім қабылданды. Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан президенттері бұл шешімді тарихи сәт деп атап, Оңтүстік Кавказ елін ресми түрде қатарына қосты. Сарапшылардың айтуынша, Баку бұл форматқа жаңа серпін береді, екі стратегиялық маңызды аймақ арасындағы сау­да, инвестиция, мәдени байланыстардың ауқымы кеңейіп, одан әрі дами түседі.

Әзербайжан Орталық Азияның әлеуетін арттырады

Сурет: kaz.inform.kz

Әсіресе сауда-саттық бүкіл Оңтүстік Кавказды қамти отырып, Каспий арқылы әлем нарығына шығу мүмкіндігі арта түседі. Мәселен, жылына 25 млн тонна жүк өткізуге әлеуетті Алат халықаралық порты, Баку – Тбилиси – Карс теміржолы, тоғыз халықаралық әуежай, аймақтағы ең ірі жүк авиакомпаниясы Әзербайжанды халықаралық тасымалдау хабына айналдырды.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев атап өткендей, Әзербайжан арқылы өтетін Орта дәліздің жүк тасымалы үш жылда 90 пайызға артып, жеткізу мерзімдері айтарлықтай қысқарған. Ал Заңгезур теміржолының құрылысы аяқталуға жақын. Елдің цифрлық байланысы мен энергетикалық келешегі де зор. «Цифрлық Жібек жолы» Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық кабель тартуды көздейді, ал энергетикалық жоба электр энергиясын бірлесіп экспорттауға мүмкіндік ашады.

м

Осы жылдың тамыз айында Вашиңгтонда Әзербайжанның негізгі бөлігін Нахчыван Автономиялық Республикасымен біріктіру жөніндегі уағдаластық халықаралық тасымалдың транзиттік мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етпек.

Саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтің айтуынша, жалпы Орталық Азия кезінде әлемнің даму тарихына елеулі үлес қосқан. Батыс пен Шығысты байланыстырған Ұлы Жібек жолы дәл осы аймақ арқылы өтті. Бүгін де Орталық Азия Еуразия құрлығының жүрегіне айналып келеді. Әсіресе Қытай мен Еуропа арасындағы сауда-саттықты ілгерілетуде маңызды рөл атқарады.

«Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативті кездесуінде біраз мәселе қозғалды. Осы саммитте Әзербайжан кеңестің толыққанды мүшесі атанды. Біздің Президент мұны тарихи шешімге бағалады. Өйткені Каспийдің арғы бетінде қоныс тепкені болмаса, Әзербайжан – Орталық Азияның дамуына үлес қосатын маңызды мемлекеттің бірі. Саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың әлеуетін одан әрі ілгерілету мақсатында көлік жүйесін дамытудың кешенді стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Бұл – бүкіл аймақ  үшін өте өзекті. Себебі Орталық Азия – Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғайтын көпір. Айтылып жүрген «Орта дәліз» де, «Оңтүстік-Солтүстік» бағыты да дәл осы көлік жүйесін дамытуға байланысты», деді саясаттанушы.

Қ.Майгелдинов қазір аймақтағы өзара сауда-саттық артып келе жатқанын да айтты. Мәселен, былтыр алыс-берісіміз 11,5 млрд долларға жеткен. Бұған сауда кедер­гілері жойылып, жаңа өткізу бекеттері ашылып, авто, теміржол байланысы жандануы тікелей әсер етіп отыр.

«Қ.Тоқаев бұл көрсеткішті 20 млрд долларға дейін жеткізуіміз қажет деді. Бұл тұрғыдан қарастырғанда, Қазақстан жетекші елге айнала алады. Өйткені Орталық Азиядағы ең үлкен экономика бізге тиесілі. Яғни Қазақстанды өңірдің локомотиві десек қателеспейміз», деп атап өтті ол.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев консуль­тативтік кездесуде сондай-ақ шекараларды ашу, дауларды шешу, аймақтық саудадағы инвестиция көлемін арттырып 10,7 млрд долларға дейін ұлғайту қажет екенін айтты. Бұған қоса Хатшылық пен Ақсақалдар кеңесі бар Орталық Азия қоғамдастығын құруға тоқталды. 2035 жылға дейінгі аймақтық сауда бағдарламасын әзірлеп, ортақ инвестициялық кеңістік құру, электрондық коммерция саласындағы ынтымақтастықты дамытуға да ден қою қажеттілігіне тоқталды. Сонымен қатар Өзбекстан басшысы қауіпсіздікті нығайтып, Ауғанстанның энергетикалық және көліктік жобаларға қатысуын қолдауды ұсынды.