Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына биыл ақпан айында тағайындалған Нұрымбет Аманұлы Орталық коммуникациялық қызметіндегі брифингке «бес қаруын сайланып», үлкен дайындықпен келгенін аңғартты. Шығыс Қазақстан облысы тұрақты даму үстінде дегенді нақты дәйек, сүбелі цифрларды сөйлетуге тырысты.
– Өңірімізде жұмыссыздық көрсеткіші республикалық деңгеймен бірдей – 4,6%. 23 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 17 мыңы – тұрақты. Жыл соңына дейін облыстың жалпы өңірлік өнімі 102%-ға артып, 5,5 трлн теңгеге жетеді деп бағамдаймыз. Мұның барлығы – жай ғана статистика емес. Бұл – шығысқазақстандықтардың күнделікті, адал еңбегінің жемісі. Биыл өңірдің аграрлық секторы тұрақты өсуде оң динамика көрсетуде. Астық өнімі – 101,5%-ға, майлы дақылдар 107%-ға артты. Қайта өңделген экспорттық өнім үлесі 66%-дан 71%-ға жетті. Цифрлық жүйені пайдалану арқылы егістік жерлердің 40%-ы өнімділікті гектарына 30 центнерге дейін арттыруға мүмкіндік берді. Агроөнеркәсіп кешенінде сыртқы ынтымақтастықты нығайту мақсатымен Қытай, Ресей және Өзбекстанмен өзара іс-қимыл жолға қойылды. Біз ірі қытайлық сауда компанияларымен, жалпы құны – 50 млн долларға май өнімдерін жеткізуге келісімшарт жасастық. Сондай-ақ мал шаруашылығы өнімін Қытай нарығына шығаруды айқындау мақсатымен әлемнің 112 елінде танылған арнайы сертификаттау зертханасы құрылды. Біздің жерлестер Еурокомиссия тізіміне енген алғашқы отандық кәсіпорын ретінде Еуропаның 27 еліне Шығыстың балын жеткізу мүмкіндігіне ие болды, – деді өңір басшысы.
Мұхитқа құятын Ертіс өзенінің етегін жайлап жатқан облыс балық шаруашылығында да көш бастап тұрғанға ұқсайды. Биылғы меже – 2,5 тонна тауарлы балық өндіру. Балық өсіру ісі де 2,5 есеге ұлғайған. Сібір бекіресін қалпына келтіріп, көбейту үшін Қара Ертіске 51 мыңнан астам балық шабақтары жіберілген.
152 мың адамға «екі қолға бір күрек тауып беріп» еңбекпен баулып отырған шағын және орта бизнестегі жетістіктер де мақтанарлық деді. Жылан жылының өзінде бұған 92 млрд теңге бөлінген. Әлеуметтік сала да әрқашан басты назарда екенін айтқан Н.Сақтағанов өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру бағытында басы қайырылған шаруаларға тоқталды.
– «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 3 мың орындық заманауи 7 мектеп салынды. Өз бюджетіміздің есебінен 3 мың орындық 3 мектептің құрылысын аяқтадық. Қосымша 600 орындық 7 шағын мектеп құрылысы жалғасып жатыр. Әлеуметтік ынтымақтастық аясында «Казцинк» Риддерде 600 орындық мектеп құрылысын жүргізіп келеді. Ұлттық жоба аясында 36 ауылда медицина нысанының құрылысы аяқталады. Ұлан ауданында бір ауысымда 150 адам қабылдайтын заманауи аудандық емхана ашылды. Риддерде аурухана кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Өскеменде Ана мен бала орталығы және Гематология орталығын біріктіретін заманға сай медициналық кластер құрылып жатыр. Бұған 300 төсектік орынды көпсалалы аурухана да қарайды. Мемлекет-жекешелік әріптестік тетігі арқылы Нефрология орталығын құру жобасы қолға алынады, – деген өндірісті өңір әкімі медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ісіне де тоқталды. Биылғы он айда 118 маман біліктілігін шыңдаса, оның ішінде 72 маман Түркия, Израиль, Германия, Қытай және басқа елдердің жетекші медициналық орталықтарында оқыды. Шығыстағы университет ғалымдары Ұлттық травматология және ортопедия орталығымен бірлесіп, импланттың алты түрін жасап шығарды. Омыртқааралық кейдж және пластина орнатуда 137 операция жасалды. Қазақ онкология және радиология институтымен тізе қосып, онкологиялық ауруларды емдеуге арналған титан ұнтағынан имплант жасау ісі де жолға қойылған.
– Бұқаралық спортты дамытуға басымдық беріліп, биыл үш мыңға жуық іс-шара өтті. 3,5 мыңнан аса спортшымыз табысты нәтиже көрсетті. «Торпедо» хоккей клубы Қазақстан кубогінде жеңіске жетті. Волейболдан әйелдер командасы Ұлттық лигада күміс жүлдегер атанды. «Алтай» футбол клубы Бірінші лиганың қола жүлдесін олжалап, Премьер-лигаға шықты. Бұл өңірде кәсіби футболдың қайта жандануына серпін берді. Экологиялық ахуалды жақсарту бағытында да ауқымды жұмыс атқарылды. Өскемендегі ауа сапасының сын көтермейтіні бәрімізге белгілі. Қаланың географиялық жағынан таулы ойпатта орналасуы мен екі өзеннен тұманның пайда болуы да қолайсыз ауа райының қалыптасуына әсерін тигізіп отыр. Ауа сапасына экологиялық мониторинг жүргізу бағдарламасы аясында экологиялық тәуекелді төмендету үшін 25 бақылау бекеті желісін құру жобасы іске асып отыр. Алдағы уақытта бұл платформа кәсіпорындарда орнатылған тіркеу аспаптарын біріктіру арқылы кеңейтілмек, – деді өңір басшысы.
Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөнінде жүктеген тапсырмасын орындауда да көрсеткіш көңіл көншітерлік. Сомасы 1 трлн теңгеден асатын 81 жобаның 64-і – іске асырылу кезеңінде. Биыл құны 55 млрд теңге болатын 15 жоба іске қосылады, нәтижесінде 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Қыркүйекте өткен «Altai Invest» форумына 10 елден 300-ден астам қатысушы жиналды. 740 млрд теңгеге 40 меморандум жасалды.
Н.Сақтағанов тұмса табиғаты туризмді өркендетуге сұранып тұрған өңірде өркен жайған істерді атап өтті. Туризм – ШҚО экономикасының негізгі қайнарының бірі. Катонқарағайдағы Wellness-туризм, Марқакөлдегі экологиялық туризм, Риддердегі тау шаңғы туризмі, Өскемен мен көршілес аудандардағы демалыс туризміне баса назар аударылмақ. Курорттардың тиімділігін арттыру жоспары аясында Риддер маңында «Анатау» жыл бойы жұмыс істейтін кешені салынып жатыр, ол тау туризмі мен спортшыларды даярлау орталығы болады. Халықаралық қонақүй компаниясы PanaAsia халықаралық стандарттарға сай заманауи қонақүйлер салуда. Медициналық туризм де қарқынды дамып келеді. Онкология және хирургия орталығы базасында ЧЕК-АП қызметтері көрсетіледі. Бағасы да қолжетімді. Өскеменде 500 доллар сомасына он екі мүшеңізді тексертіп аласыз. Ал мұндай медициналық қызметті Оңтүстік Кореядан аламын десеңіз, 5–10 мың доллар мөлшерінде қаражатыңызды шығындайсыз.
Шығыс Қазақстан облысын дамыту заманауи инфрақұрылымсыз мүмкін емес. Екі жаңа әуежай салынып жатыр, «Майқапшағай» және «Үбі» кедендік өткізу пункттері мен бес теміржол вокзалы жаңартылуда. Былтыр Өскеменнен Мәскеу мен Новосібірге сыртқы рейстер ашылды. Келесі жылдан бастап Қытайға Өскеменнен төте ұшақпен қатынайтын мүмкіндік туады. «Өскемен – Алматы» бағытында тальго теміржол рейсі іске қосылады. Биыл 856 шақырым жол жөнделіп, 98 млрд теңге қаражат жұмсалды. Жыл соңына дейін 380 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, оның ішінде көпқабатты 29 үйде 2,3 мың пәтер және «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 350 пәтер салынады. Сондай-ақ биыл 8 жаңа орталықтандырылған су құбыры нысаны пайдалануға беріліп, өңірдегі 4 мыңнан астам тұрғын сумен қамтамасыз етіледі. Осы жылы жабдықтар мен желілерді жаңғыртуға бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Риддер ЖЭО-да жүргізілген жөндеу жұмыстары кәсіпорынды «қауіптің қызыл аймағынан» шығаруға мүмкіндік берді, жабдықтардың тозуы 3%-ға, жылу желілерінің тозуы 8%-ға азайды.
Облыс әкімі ретінде брифингке алғаш қатысқан Нұрымбет Аманұлы регламенттен ауытқымай 15 минутта баяндамасын оқып, журналистердің сауалына жауап берді. Шығыстағы екі ауданның әкімі болған, облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарып, өңірдің тыныс-тіршілігін жете білетінін аңғартып, сұрақтарға дәйекті мысал келтіре жауап қатты. Кей шаруаның түйінін тарқатуда мәселе де бар екенін жасырмады.