Руханият • Бүгін, 18:19

Олжас ақынның тұлғасы ТҮРКСОЙ-да ұлықталды

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Анкарада белгілі қазақ ақыны, академик, дипломат, түрколог және Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтің әйгілі «АЗ и Я» (1975-2025) кітабының жарық көргеніне 50 жыл толуына орай «Олжас Сүлейменов. Масштаб. Планета. Жер» атты халықаралық көрменің ашылу салтанаты өтті, деп жазады Egemen.kz.

Олжас ақынның тұлғасы ТҮРКСОЙ-да ұлықталды

Аталған шараға «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, ЮНЕСКО қамқорлығындағы «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі директорының орынбасары Салтанат Әшімова, осы мемлекеттік музейдің «Мәдениеттер өзара ықпалдастығы орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Үмітхан Мұналбаева, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының Түркиядағы өкілі Ержан Уәйіс қатысты.

Бас хатшы С. Раев бұл шараның Түркі әлемі үшін маңыздылығын айтып өтті.

«Алып ақынның еңбектері адамзатқа терең ой салып, өзінің тұрмысы мен болмысын зерттеуге шабыт береді. Қазақ академигінің еңбектері тек мәдениет саласымен ғана шектелмей ғылымның бар маңызды аумағын кешіп өтеді», – деді Бас хатшы.

Олжас Сүлейменов видеобайланыс арқылы «ТҮРКСОЙ» ұйымының өзіне арнап ұйымдастырған шарасына алғыс білдіріп, сәлемін жолдады. Ақын ұйымның беделі артқан сайын дүниежүзілік қоғамдастықтың Түркі халықтарының мәдениеті мен тарихына деген қызығушылығының да өсіп жатқанын байқағанын жеткізіп, ғалымдардың енді түркілердің тарихи ықпалы тақырыбына бет бұратынына сенім білдірді. Сүлейменов «Аз и Я» кітабының 50 жылдығына арналған шараның «ТҮРКСОЙ» шаңырағында өткізіліп отырылғанына ризашылығын жеткізді.