Өндіріс • Бүгін, 14:39

Жаңа май зауытының ашылуы диқандардың түйткілін қалай шешті?

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Азық-түлік бағасының өсуін тежеп, отандық тамақ өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Үкімет отырысында аталған мәселеге назар аударған премьер министр Олжас Бектенов агроөнеркәсіптік кешенде өнімді терең өндеуге басымдық беру қажет екенін айтты. Үкімет нарықтағы өңделген өнімдер үлесін арттыру арқылы инфляцияны тежеп, халықтың әл-ауқатын арттыруды көздеп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа май зауытының ашылуы диқандардың түйткілін қалай шешті?

Солтүстік Қазақстан – топырағы құйқалы, жері жомарт, өсімдік шаруашылығына қолайлы өңір. Шаруалардың ерен еңбегінің нәтижесінде биыл өңір қамбасы астыққа толып, рекордтық өнім жиналды. Жыл сайын облыстағы майлы дақылдар себілетін алқаптардың үлесі де артып келеді. Күзде еңбек адамдары егіс алқабынан 1,2 млн тонна майлы дақыл жинаған. Ендігі кезекте өнімді шашпай-төкпей, керекке жаратып, тиімді өндеу қажет. Үкіметтің алдында ауыл шаруашылығындағы өнделетін өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу міндеті тұрғанын ескерсек, аталған салаға ауқымды қолдау қажет.

Облыс орталығында «Масло-Дел» май зауыты ашылғалы жергілікті диқандар өнімін өткізу үшін алысқа сабылмайтын болды. Жаңа өндіріс орны күніне 1,5 мың тонна майлы дақыл қабылдайды. Одан шығатын өнім түрлері де сан алуан. Осылайша, бір ғана ірі жоба өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына серпін беріп, жүздеген адамды жұмыспен қамтып, азық-түлік өндірісіндегі облыс әлеуетін арттырып отыр. Бұл нәтижеге қол жеткізуде Қазақстанның Даму Банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) көрсеткен жүйелі қолдаудың орны ерекше.

«Зауытта күнбағыс, рапс, соя, зығыр дәні өңделеді. Былтыр ашылған өндіріс орнында 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жыл сайын нарыққа 200 мың тонна май шығаруға мүмкіндігіміз бар. Дәннен май сығу үшін еуропалық озық технологияларды пайдаланамыз. Мұның бәрі Қазақстанның Даму Банкінің қаржылай қолдауынсыз жүзеге аспас еді. Берілген қаражатты ондаған жылдар бойы ақтайтын ұзақ мерзімді жобаларға қаржы құятындарды табу қиын. Ал мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында Қазақстанның Даму Банкі арқылы төмен пайызбен қаржы тартуға мүмкіндік бар», дейді «Масло-Дел» компаниясының бас директоры Павел Селиванов.

Отандық банк зауын құрылысына 11 миллиард теңге қаржы құйған. «Масло-Дел» серіктестігі мен Қазақстанның Даму Банкінің әріптестігі әлі де жалғасып келеді. Қазір өндіруші банктің экспортты қаржыландыру бағдарламасы арқылы қолдау көріп отыр. Нәтижесінде 2014 жылы сыртқа 3 миллиард теңгенің өнімін сатқан серіктестік биыл бұл көрсеткішті 28 миллиардқа жеткізген. 

«Алдағы таңда зауытты кеңейтіп, өндіріс қуаттылығын арттыру жоспары бар. Өнімін бізге өткізгісі келетін диқандар көп. Алайда жеткізілетін майлы дақылдың бәрін қабылдап үлгере алмаймыз. Сондықтан биыл дәнді кептіретін қосымша қондырғылар орнатып, шикізатты сақтау орнын кеңейтеміз. Бұл бастамаға да Қазақстанның Даму Банкі арқылы қаржы тарту қарастырылып жатыр. Оған қоса мемлекеттік қолдау шаралары арқылы Алматыдағы май комбинатын жаңғыртқымыз келеді», дейді Павел Селиванов.

Бүгінде өңірдегі май зауыттары толық қуаттылықта жұмыс істей алмай отыр. Оған себеп – шикізаттың жеткіліксіздігі. Соның салдарынан кәсіпорындар арасында бәсекелестік пайда болған. Бұл тығырықтан шығу үшін де «Масло-Дел» компаниясы Қазақстанның Даму Банкінің қолдауына иек артып келеді. Банктің дер кезінде берілген қаржысы есебінен зауыттың айналымдағы қаражаты артып, шикізатты тиісті мерзімде тиімді сатып алып отыр.