Фото: istockphoto.com
Басты жаңалықтардың бірі – тікелей өндірушіден сатып алу көлемінің артуы. Алдағы жылы 400-ден астам дәрі-дәрмек делдалдардың қатысуынсыз, тікелей зауыттардан алынады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе артық.
Мұндай өсім Денсаулық сақтау министрінің №110 бұйрығымен енгізілген жаңа сатып алу ережелерінің арқасында мүмкін болды. Енді өндірушілерден тікелей баға ұсыныстарын сұрауға басымдық беріледі. Бұл бағаны төмендетуге, сатып алу процесінің ашықтығын арттыруға және құнын қалыптастыруды бақылауды күшейтуге бағытталған.
«Сатып алу бұрынғыдай халықаралық ұйымдар – БҰҰДБ, ЮНИСЕФ және СТОП ТБ арқылы жүзеге асырылады. Халықаралық институттар арқылы сатып алынатын позициялардың саны 87%-ға (23-тен 43-ке дейін) ұлғайды. Мұндай механизм бәсекеге қабілетті әлемдік бағалар есебінен айтарлықтай үнемдеуді қамтамасыз етеді, ал босатылған қаражат пациенттерді қосымша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталады», делінген хабарламада.
Сатып алынған өнімдер Бірыңғай дистрибьютор қоймаларына осы жылдың желтоқсанында, ал емханалар мен ауруханаларға 2026 жылдың қаңтарында жеткізіле бастайды.
Медициналық ұйымдарға қандай дәрі қажет екенін атауы, дозасы және жеткізу мерзімдері бойынша өтінімдер анықтайды. Мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану үшін тікелей сатып алуға басымдық беріледі.
«2024 жылы сатып алу ережелеріне жаңа тетік – баға ұсыныстарын сұратуды бекітетін өзгерістер енгізілді. Осының арқасында өндірушілер тікелей сатып алатын препараттардың саны 2025 жылғы науқанмен салыстырғанда 5 еседен астам өсті», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Ашықтықты сақтау үшін барлық сатып алу хабарламалары «СК-Фармация» сайтында жарияланады. Сондай-ақ, жеткізушілермен белсенді келіссөздер жүргізіліп, баға талдауы жасалады. 2025 жылғы сатып алу нәтижесінде мемлекет 70 млрд теңгеден астам қаражат үнемдеген.
Халықты дәрімен үздіксіз қамту үшін 2027 жылға арналған сатып алу жұмыстары 2026 жылдың мамырында басталмақ.