Қоғам • Кеше

Зейнетақы көлемін арттырудың жолдары қандай?

70 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы көлемін өз бетінше арттырудың жолдарын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Зейнетақы көлемін арттырудың жолдары қандай?

Фото: Ашық дереккөз

Лайықты зейнетақы деген не?

Демографиялық өзгерістер, халықтың қартаюы және еңбек нарығындағы үдерістер жағдайында мемлекет үшін азаматтардың қаржылық тұрғыдан алаңсыз қартаюын қамтамасыз ету – басым бағыттардың бірі. Осыған байланысты зейнетақы лайықтылығы, әсіресе ынтымақты жүйенің үлесі азайып, жинақтаушы жүйенің рөлі артып келе жатқан тұста, бұрынғыдан да өзекті.

Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымы бойынша, кірісті алмастыру коэффициенті кемінде 40%-ы болуы тиіс. Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 41%-ды құрайды. Яғни, қазіргі орташа зейнетақы еңбекке дейінгі табыстың осындай көлемін өтейді.

Зейнетақыны қалай арттыруға болады?

БЖЗҚ болашақ зейнетақы табысының лайықтылығын арттырудың екі негізгі жолын атап өтті:

  • міндетті және ерікті зейнетақы жарналарын тұрақты түрде аудару;
  • жинақты жеке инвестициялық портфельді басқарушыға тапсырып, неғұрлым табысты стратегияны таңдау.

Қордың мәліметінше, тұрақты міндетті жарналар базалық зейнетақыға да әсер етеді. Өйткені 1998 жылдан бастап еңбек өтілі тек жарналардың нақты аударылуымен расталады. Қазір базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – күнкөріс деңгейінің 70%-ы, ал 30 жылдық өтілден кейін – 110%-ы. 2027 жылға қарай бұл сан 120%-ға  дейін өседі.

Ерікті жарнаны кім және қалай аудара алады?

Ерікті зейнетақы жарналарын жеке тұлғалар өздері немесе жақындары үшін, ал заңды тұлғалар қызметкерлерінің пайдасына аудара алады. Ұсынылған қаражат БЖЗҚ-ға банк арқылы немесе жұмыс берушіге өтініш беру жолымен түседі. ЖЗШ алғашқы жарна түскен бойда автоматты түрде ашылады. Ерікті жарналарды есепке алу үшін бөлек өтініш берудің қажеті жоқ – тізімдер немесе алғашқы төлем негіз болады.

Ерікті жарналардан төлем қашан беріледі?

Ерікті жинақ есебінен төлемді 50 жастан бастап алуға болады. Сонымен бірге олар мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға да беріледі. Өтінішті Қордың мобильді қосымшасында, сайттағы жеке кабинетте немесе бөлімшелерде рәсімдеуге мүмкіндік бар.

Ерікті жарналар мұраға қала ма?

Иә, барлық зейнетақы жинақтары сияқты ерікті жарналар Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға беріледі. Бұл процесс өсиет немесе заң бойынша жүзеге асырылады.

Ерікті жарнаның қандай артықшылықтары бар?

Ең үлкен артықшылық – салымшы жарна көлемі мен жиілігін өзі анықтайды, төлем алу тәртібін де өзі белгілейді. Жұмыс беруші тарапынан аударылған ерікті жарналар жеке тұлғаның табысы ретінде есептелмейді, ал, компания үшін бұл сома корпоративтік табыс салығынан шегеріледі. Яғни, жұмыс беруші салықтық жеңілдікке ие болады.

Ерікті жарналар қалай инвестицияланады?

Ерікті жинақтардың барлығы инвестицияланады және салымшыға табыс әкеледі. Әдетте, активтерді Ұлттық банк басқарады, бірақ салымшы жеке басқарушы компанияны таңдай алады. Міндетті жарналардан айырмашылығы, ерікті жинақты ИПБ-ға толық көлемде тапсыруға мүмкіндік бар. Басқарушыны жылына бір рет ауыстыруға рұқсат етіледі.