Руханият • Бүгін, 08:48

Сезім сандығы

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қуаныш, қорқыныш, сағыныш, реніш – барлығы жүрек ырғағына бірден әсер етеді. Халықаралық кардиология орталықтарында жүргізілген зерттеу­лер эмоция жүрек соғысын 5 секунд ішінде өзгертіп жіберетінін көрсеткен. Жүрек – ең алдымен сезімге жауап беретін жүйе, ал сезім өзгерсе, жүрек те сол сәтте жауап қайтарады.

Сезім сандығы

Сурет: psymag.info

Дәрігерлер мұны «жүректің нейро-эмо­циялық реакциясы» деп атайды. Яғни миға жеткен сезім ақпараты бірден жүйке жүйесі арқылы жүрекке беріледі. Қорыққанда жүрек қағысы жиілейді, қуанғанда кеңейеді, сағынышта баяулап, ауыр сөз естігенде қысылып қалады. Адам табиғаты осындай нәзік.

Психологтер де осыны қуаттайды. Адам көңілінің құбылуы қан қысымынан бастап, бұлшықет тонусына дейін әсер етеді. Жақсы сөздің жаныңа жылу беріп, тыныштандыруы жай символ емес, дене химиясының реакциясы. Сол секілді реніш пен ауыр сөзден жүректің бірден қысылуы да физиологиялық әрекет. Ғалымдардың айтуынша, адамға айтылған бірауыз жақсы сөздің өзі демеу болады. Тіпті сөз дәріден де күштірек әсер етеді. Ол адамның ішкі әлемін сабырға шақырып, денедегі қысымды бәсеңдетеді. Жылы сөз – жүректің соғуын қалыпқа түсіретін ең табиғи ем.

Эмоция мен жүректің байланысы осылайша көзге көрінбейтін, бірақ өте жылдам жүретін жүйе. Оның ең үлкен ерекшелігі – адам қандай сезімде болса да, жүрек соны бірінші болып түсінеді. Сондықтан мамандар эмоциялық жай-күйді реттеу жүрек саулығын сақтаудың маңызды шарты екенін айтады. Жүрек – тек қан айдайтын дене мүшесі емес, сезімді сақтайтын сандық.