Жапон жерінде сурдо дзюдошыларымыз жүлдеден тау тұрғызып, бұрын-соңды бұйырмаған жетістікке кенелді. Бұған дейін осы спорт түрінен Хамза Ғұлама (66 кг), Шадияр Қуандық (-73 кг), Еркебұлан Қанафиннің (81 кг) топ жарып, әнұранымызды шырқатқанын сүйіншілеген едік. Әйелдер арасындағы тартыста Әмина Файзулина (70 кг) Сурдлимпиада чемпионы атанды. Ерлер сайысында Айдарбек Тоқтарбек (100 кг) күміс жүлдені місе тұтты. Ал Сабыржан Хапизов (+100 кг), Алтынбек Кәкітаев (60 кг), Айым Жетпісбаева (48 кг) мен Анна Карморова (78 кг) қола медаль иеленді. Балуандарымыз командалық тартыста да табандылық танытты. Еліміздің ерлер командасы дзюдодан командалық жарыста жеңімпаз атанса, әйелдер құрамасына күміс жүлде бұйырды. Сурдо жеңіл атлетикадан да 1 алтын, 1 қола жүлдеміз бар. Жеңісті сапар әлі де жалғасары сөзсіз. Сурдлимпиада бәсекесі 26 қарашада мәресіне жетеді.
Есту қабілетіне зақым келген спортшылардың ең беделді бәсекесі саналатын Сурдлимпиада сайысына 81 елден 3 мыңға тарта спортшы қатысып, 21 спорт түрінен медальдар жиынтығы үшін бағын сынап жатыр. Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің президенті Серік Сәпиев спортшылардың орасан жетістігі тынымсыз жаттығу мен ерен еңбектің жеңісі екеніне тоқталды.

– Сіздер сенімді ақтап, жанкүйерлерді қуантып, ерен табысқа жеттіңіздер. Бұл – ұжымның ортақ жеңісі. Елімізде сурдо спорт түрлерімен шұғылданушылар үшін инфрақұрылымды жақсартуға айрықша көңіл бөлініп, кешендер бой көтерді. Әлі де салынып жатыр. Мұның барлығы да спортты дамытуға тың серпін береді, – деді С.Сәпиев.
2022 жылы Бразилияда өткен XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарында спортшыларымыз 29 медаль (оның төртеуі алтын) еншілеп, рекордтық нәтижемен оралған еді. Ал Токио төрін ұсынған төртжылдық аламанының алғашқы күндерінде-ақ 13 медаль (алтауы алтын) олжалауы ел спортын өркендетуге айрықша көңіл бөлінгенін аңғартса керек. Доданың көрігі енді қызып келеді, қанжығамыз әлі де майлана түсетіні анық.