Хакатонға қазақ тілін үйретуге арналған платформалар, жасанды интеллект негізіндегі чат-боттар, ойындар мен мобильді қосымшалар бағытында өз жобаларын қорғаған Білім-инновация лицейі, Назарбаев зияткерлік мектебінің 10, 11, 12-сынып оқушыларынан, ұстаздарынан, ЖОО студенттерінен, IT мамандарынан құралған 11 команда қатысты.
– Бұл хакатон – қазақ тілін цифрлық кеңістікте дамытудың нақты қадамдарының бірі. Біз бүгінгі іс-шарада көрген жобалар тек технологиялық жаңалық емес, сонымен қатар қазақ мәдениеті мен дәстүрін жаңа формада таныстырудың бір тәсілі. Әрбір команданың жұмысы – қазақ тілінің заманауи контексте қалай өмір сүре алатынын көрсететін тәжірибе. Мысалы, жасанды интеллект негізіндегі чат-боттар немесе мобильді қосымшалар арқылы балалар мен ересектер қазақ тілін қызықты әрі тиімді үйрене алады. Бүгінгі қатысушылардың шығармашылық ойы, жаңа технологияны қолдану шеберлігі және мәдени құндылыққа деген құрметі – ұлттың рухани кодын сақтай отырып, оны цифрлық дәуірге бейімдеудің көрінісі. Хакатон барысында жобаларды бағалау ғана емес, идеялардың қоғамға әсер ету әлеуетін, оларды нақты іске асыру мүмкіндігін де қарастырдық. Бұл – жаңа бастамалар мен креативті шешімдердің шынайы жарыс алаңы, әрі жас ұрпаққа өз қабілеттерін көрсетуге, тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Осындай жобалардың арқасында қазақ тілін үйренуді тек міндетті іс ретінде емес, қызықты әрі тартымды үдеріс ретінде ұсынамыз. Жас команда мүшелері өз идеяларын қорғап, техникалық шешімдерін көрсету арқылы білім мен инновацияның үндестігін дәлелдеді. Әрбір жоба қазақ мәдениетін жаңа қырынан ашып, оны заманауи технологиялармен ұштастыруға бағытталған. Болашақта бұл бастама облыс деңгейінде ғана емес, республикалық масштабта да кеңейіп, қазақ тілін цифрлық ортада кеңінен насихаттауға жол ашады, – дейді облыстық лингвистикалық орталығының директоры Қуандық Кенжебекұлы.
Қатысушылардың жұмыстарын кәсіби тіл мамандары мен IT саласының өкілдерінен құралған қазылар мен сарапшылар тобы жоба идеясы мен техникалық іске асыру мүмкіндігі негізінде бағалады. Сонымен хакатон қорытындысында 1-орынды Brutal Fairies командасы (Әділхан Әлишер, Нұрдәулет Анарбеков, Медахмет Асылмұрат), 2-орынды COR командасы (Ниязбек Ельнар, Әлия Толымханова, Рахым Райымұлы, Аяжан Тәңірберді), 3-орынды Anyz Game командасы (Әділ Қайратұлы, Мирас Алмасұлы, Равиль Маратұлы, Ақбота Нұрғалиева) иеленді. Ал бас жүлде РухAI командасына (Еркежан Серікқалиева, Мақсат Жетенбаев, Еркебұлан Маратов, Роллан Сәрсембаев) табысталды. І, ІІ, ІІІ орын иегерлері Home Credit Bank демеушілігімен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Гран-при иегерлері қазақ тілінің дамуына бағытталған жобаны жүзеге асыру үшін Абай облысының лингвистикалық орталығымен ынтымақтастық келісімшартқа қол қояды. Барлық жеңімпаз республикалық «Тәрбие басы – тал бесік» форумына қатысып, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті, «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» және Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығы өкілдерімен кездеседі деп жоспарланып отыр. Осылайша, жүлделі орын иегерлері алдағы уақытқа жоспарланған республикалық форумда өз жобаларын таныстыратын болды.
Абай облысы