Жасанды интеллект • Бүгін, 08:15

ЖИ саласына серпін беретін заң

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында «Жасан­ды интеллект туралы» заңға қол қойды. Еліміз әлемде мұн­дай кешенді реттеу тет­ігін алғаш қабылдаған мемлекет­тердің қатарына қосылды. Бұл құжат ЖИ арқылы жасалған контентті міндетті түрде белгілеуді, азаматтардың жеке дерек­терін қорғауды, ақпарат­тық манипуляцияға жол бермей­тін тетіктерді қамтиды. Сарап­шы­лардың айтуынша, жаңа заң цифрлық қауіпсіздік пен жауап­кершілік мәдениетін күшейтеді.

ЖИ саласына серпін беретін заң

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Жасанды интеллектіні әрбір салаға енгізу еліміз үшін басым бағыттардың бірі ретінде бекітілген. Президент биылғы Жолдауында: «Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет», деді. Цифрлық мемлекетке айналуды мақсат еткен ел үшін жаңа саланы заң аясында реттеу – күн тәртібіндегі мәселе. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл жасанды интеллектіні дамытудың негізі болмақ.

«Бұл заң жобасы жасанды интеллек­тіні реттеудегі негізгі міндеттерді айқын­дайды. Оған жасанды интеллект саласындағы білікті мамандар санын көбейту, халықтың цифрлық сауатын арттыру, ғылыми зерттеулерді қолдау, жасанды интеллектіні дамыту­ға қажетті жоғары сапалы дерек­терге қолжетімділікті жақсарту кіреді. Осы шаралар жасанды интеллект са­ласын­дағы адам ка­пи­талын нығай­тып, оны эконо­ми­кадағы әртүр­лі сектор­ларға енгізуге қолайлы жағ­дай туғызуға бағыт­тал­ған. Біз бұл бас­тама­лардың жасанды интеллектінің дамуын жыл­­дамдатып қана қоймай, елімізге осы са­­лада әлемдік нарықта берік орын алуға мүм­кіндік беретіндігіне сенімдіміз», дейді ол.

ЖИ дамыту қауымдастығының төрағасы Бақытжан Ешмұхамбетовтің сөзінше, бүгінде әлем технологиялық төңкеріс кезеңінде тұр, ал жасанды интеллект соның негізгі себепшісі. Жаңа мүмкіндікпен қатар жаңа қатер де пайда болады. Сондықтан технологияларды қауіпсіз әрі әділ қолдануды қамтамасыз ету үшін нақты ережелер мен стандарттар қажет.

«Еліміздегі жасанды интеллект туралы заң азаматтардың құқығын қорғауда маңызды. Жасанды интеллект – жүйелерге адам интеллектісін қажет ететін тапсырмаларды орындауға мүмкіндік беретін технологиялар. Мысалы, ол оқыту, бейнелер мен үлгілерді тану, шешім қабылдау сияқты қабілеттерге ие. Заң жасанды интеллектінің қоғам мүддесі үшін қолданылуын қам­та­ма­сыз етіп, адам құқын бұзбауға бағыт­талған. Сонымен қатар этикалық стандарттарды орнатуға, жасанды интеллектіні қолданудың шегін белгілеуге, оның теріс пайдаланылуын бол­дырмауға, компаниялар мен ұйымдарға нақты ережелер орнатып, тәуекелдерді азай­тып, пайдалы әсерін арттыруға жұмыс істейді. Азаматтар жасанды интеллект қалай шешім қабылдап жатқанын түсінуге тиіс. ЖИ этика нормалары шеңберінде әрекет етіп, кемсітушіліктен аулақ болуы керек. Ал жасау­шылар мен пайдаланушылар оның салдары үшін жауапты. Заң арқылы деректерді қорғау және технологияның теріс қолда­нылуын алдын алу қамтамасыз етіледі. Сон­дай-ақ бұл құжат жасанды интеллек­тіні әртүрлі салада қолданылуын реттеп, дерек­терді жинау, өңдеу, сақтау, құпиялықты сақтау тәртібін белгілейді. Жалпы айтқанда, «Жасанды интеллект туралы» заң тех­но­­ло­гиялардың адамға қызмет етуін қам­тамасыз етеді, олардың қауіпсіз, этикалық және ашық дамуына жағдай жасайды», дейді ол.

а

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жасанды интеллектінің жаппай енуінің жақсы жақтары ғана емес, көлеңкелі тұстары да көп. ЖИ пайда болғалы әлеу­меттік желіде адамның даусын айныт­пай келтіретін, сөйлеу мимикасын ұқсата алатын, тіпті эмоциясын меңгерген нейрожелілер қаптап кетті. Сала мамандары бұл болашақта алаяқтардың ең күшті қаруына айналады деп дабыл қағып жатыр. Сондықтан мұны заңмен реттеу аса маңызды. Елімізде қабылданған «ЖИ туралы туралы» заңда да дәл осы қауіпсіздік мәселесіне ден қойылған. Бұдан былай жасанды интеллект жүйелері азаматтың көңіл күйін, мінез-құлқын немесе психологиялық жағдайын оның рұқсатынсыз саралай алмайды. Себебі жоғарыда жазғанымыздай, мұндай технологиялар манипуляцияға жол ашуы, жеке еркіндікке қол сұғуы мүмкін деген қауіп басым. Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунның айтуынша, заңның бұл нормасы цифрлық кеңістікте адамның қадір-қасиеті мен құқығын қорғаудың жаңа шегін анықтап берді.

«Эмоцияны тануға арналған жүйе­лердің бәрі бірдей қауіп төндірмейді. Пай­далысы да, зияндысы да бар. Мысалы, нейрожелілер азаматтардың өтініш­теріндегі жалпы көңіл күйді саралап, шұғыл мәселелерді анықтауға көмектеседі. Бұл – мемлекеттік органдардың жұмысын жақсартатын оң тәжірибе. Ал эмоцияны адамға қарсы пайдалану қаупі де жоқ емес. Кейбір жүйелер сезімді әдейі манипуляция жасауға, психологиялық ықпал етуге қолданады. Сондықтан мұндай жағдайларда әр істі жеке қарау керек. Егер қандай да бір қосымша эмоцияны теріс мақсатта талдайтын болса, оған шектеу қойылуы керек. Бұл – Еуроодақ бекітіп отырған қазіргі этикалық қағидалармен де үндес. Қоғамға немесе жеке тұлғаға зиян келтіретін технологияны қолдану – дұрыс емес», дейді ол.

Бұдан бөлек, заң авторлық құқықты қорғауға мүмкіндік береді. Автор өз туын­дысына арнайы тыйым белгісін қойса, ол материал нейрожелілерді оқытуға пайдаланылмайды. «Мысалы, біз әзірлеген KazLLM моделін ашық архивтер мен құпия емес әдебиеттер негізінде оқыттық. Ол қазақ тілін де, Қазақстан тарихын да жақсы меңгерді. Заңның мақсаты – машинаны оқытуды тоқтатпау, бірақ авторға өз құқығын қорғау құзыретін беру», дейді Д. Мун.

Ал адвокат Айман Омарова ЖИ туралы заң болмаса, бұл салада артта қалуы­мыз мүмкін екенін айтады.

«Кез келген сала заңмен реттелуі керек. Онсыз жүйелі даму болмайды. Сондықтан қабылданған заң нақты бағдар береді. Онда жаңа саладағы түсініктерге нақты анықтама берілген. Егер біз осы заңға сүйенетін болсақ, бірінші бапта жасанды интеллект моделі дегеніміз – арнайы тапсырмаларды орындауға арналған бағдарламалық өнім деп анықталған. Заңда жауапкершілік мәселесі нақты белгіленеді. Егер заң болмаған жағдайда, жасанды интеллект арқылы қате әрекет жасалса, оны ешкім жауапқа тартпайды. Ал шындығында, жасанды интеллект өздігінен ештеңе істемейді. Оның артында адам тұрады. Яғни сол адамға қатысты ешқандай жауапкершілік қарастырылмайды. Бірақ заңды толығымен мінсіз деп айту қиын, себебі бұл сала жаңа және динамикалық сала. Сондықтан заңды тәжірибе арқылы тексеру керек. Әрине, кейін қажет болса өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі әбден мүмкін», дейді сала маманы.

Заңға сәйкес, жасанды интеллект елі­мізде ресми түрде ақпарат құралы ретінде танылды. Ол адамның нақты мақсатына жетуіне көмектесетін құрал ретінде қарастырылады. Заң жасанды интеллект жүйелерін әзірлейтіндерге, иелеріне және пайдаланушыларға тәуекел­дерді бақылау, қауіпсіздік пен сенімді­лікті қамтамасыз ету, сондай-ақ пайда­ланушыларға қолдау көрсету міндеттерін жүктейді. Заңда заңдылық, әділдік, ашық­тық, түсінікті болу, деректерді қорғау, адам­ның игілігін бірінші орынға қою және ше­шім қабылдау еркіндігін сақтау негізгі қағи­даттар ретінде белгіленген. Соны­мен қатар ЖИ қолданылған өнімдер, қызметтер мен жұмыстар міндетті түрде арнайы таңбамен белгіленеді. Ұлттық жасанды интеллект платформасы отандық модельдер мен бағдарламаларды жасау, оқыту, сынау үшін арналған орта деп танылды. Ал қосымша түзетулер жеке деректерді қорғауды күшейтіп, реттелмеген цифрлық активтердің айналымын шектейді және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын қатаңдатады.