Биыл 10 айда облыс экономикасына 892 млрд теңге инвестиция тартылған. Жалпы құны 110 млрд теңгеден асатын жел электр стансасы, қой жүнін өңдеу цехы, агрохимикаттар, гофроқаптама, өртке қарсы құралдар шығаратын кәсіпорындар мен ERG Green «Қазхром» ТҰК» АҚ флотациялық учаскесі жұмысын бастаған.
«Атап өтсем, «KazFeltec» компаниясының бастамасымен елімізде алғаш рет қой жүнін терең өңдеп, одан құрылыс материалдарын шығаратын жаңа цех ашылып отыр. Жыл соңына дейін жалпы құны шамамен 350 млрд теңгені құрайтын 4 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұған қоса алдағы жылдары карбамид, битум, цемент өндіретін зауыт салынады», деді А.Шахаров.
Инвесторларды тартуға да қолайлы жағдай қажет. Облыс Әлия Молдағұлова атындағы Халықаралық әуежай базасында жалпы ауданы 858 гектарды қамтитын «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы мен Хромтау қаласында жалпы аумағы 150 гектарды құрайтын республикалық маңызы бар «Хромтау» индустриялық аймағын құрған.
Ауыл шаруашылығы – облыс дамуының басым бағыттарының бірі. Биыл салаға 15 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат мал, өсімдік шаруашылығын қолдауға, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалған. Нәтижесінде мал басы орта есеппен 7 пайызға өскен. Атап айтқанда, ірі қара – 100,7, қой – 105,3, жылқы – 113,1, түйе басы 108,6 пайызға артқан.
«Мал басын арттыруда Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін енгіздік. Мәселен, «АЙС» сүт-тауар фермасын (1 600 басқа дейін) кеңейтуге 2,5 пайызбен 7,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Бүгіннің өзінде 800 бас ірі қара мал әкелініп, бірінші кезеңі іске қосылды. Жалпы, сүт өндірісін қосымша 20 мың тоннаға ұлғайту жоспарымыз бар. Нәтижесінде, өңір өңделген сүтпен 90 пайызға қамтамасыз етіледі, қазір бұл – 62 пайыз. Ал өсімдік шаруашылығына келер болсақ, көктемгі егіс пен күзгі орақ жұмысына жалпы 5 пайызбен 5,9 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл да нәтижелі болып, биыл 554 мың тонна өнім алдық. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 40 мың тоннаға артық», деді өңір басшысы.
Ақтөбе облысы географиялық жағынан ауқымды транзиттік әлеуетке ие. Сондықтан жол сапасы алыс-беріске кедергі келтірмеуі қажет. Биыл жол жұмыстарына 68 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Әкімнің айтуынша, бұл қаржыға жергілікті маңызы бар жолдар, қалалық, ауылдарға кіреберіс, ауылішілік жолдар салынып жатыр. Өңірде осы жылы 565 шақырым жол жабындысы (оның ішінде асфальт 371,8 шақырым) төселген. Бұл ретте облыс орталығы Ақтөбе қаласы да қамтылған. Жыл соңына дейін 150-ден аса көше жөнделмек.
«Халықаралық маңызы бар «Самара – Шымкент» автожолының «Ақтөбе – Ұлғайсын» бағытындағы 262 шақырымы қайта жаңғыртылып жатыр. Соның ішінде Ақтөбе – Хромтау учаскесінде (Ақжар ауылынан Жазық стансасына дейінгі) жаңа өтпелі көпір мен 28 шақырым жол жөнделді. 4 жолақты жолдың (791–819 шақырым) 2 жолағы көлік қозғалысына ашылды. Сонымен қатар республикалық Орталық – Батыс көлік дәлізінде орналасқан «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» автожолында орташа жөндеу жалғасып жатыр. Биылға жоспарланған 110 шақырымды толық аяқтап, пайдалануға бердік», деді облыс әкімі.
А.Шахаров өңірді толықтай газ, ауызсумен қамту үздіксіз жалғасып жатқанын айтады. Жыл соңына дейін табиғи газ 12,3 мың тұрғыны бар 28 ауылға жеткізілмек, осылайша облыс 97 пайыз газбен қамтылады. Қазір 28 ауылдың 22-сі газ қолданып отыр.
Сонымен қатар биыл 1,3 мың тұрғыны бар 4 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылған. Жыл соңына дейін шамамен 2 мың тұрғыны бар тағы 6 ауылға ауызсу тартылмақ.
Тұрғын үй құрылысы да қарқын алып келеді. 10 айда 745 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға тұрғын үй сатып алуға 14,3 млрд теңге бөлініп, 419 отбасы баспаналы болған.
«Сондай-ақ ауылдық жерлерде 22 медициналық нысан салынып, қажетті жабдық, мамандармен қамтамасыз етілді. Ал жыл соңына дейін 7 нысан құрылысы аяқталып, тағы 4 мыңнан аса адам медициналық көмекпен қамтылмақ. Олар Шалқар ауданындағы Тоғыз, Сарысай, Шоқысу ауылдарында, Ырғыз ауданындағы Нұра ауылы, Мұғалжар ауданындағы Жарық, Қайынды ауылдарында, Қобда ауданындағы Бегалы ауылында ашылады», деді облыс басшысы.
Білім саласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста 3 500 орындық 5 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, тағы бір мектеп Үкімет резерві есебінен салынған. Жыл соңына дейін 5 800 орындық 7 жайлы мектеп ашылмақ, оның төртеуі – Ақтөбе қаласында, үшеуі – ауылдық жерлерде. Сонымен қатар Ащысай, Жазық, Ойылда жаңа мектептер, қосымша спорт залдары мен жапсарлас ғимараттар салынып жатыр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақтөбеде жаңа заманауи драма театры салынып жатыр.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инклюзивті спорт кешенінің құрылысы да аяқталуға жақын, онда 25 спорт түрі бойынша оқыту жоспарланып отыр. УЕФА-ның төртінші категориясына сай келетін 35 мың орындық жаңа стадионның құрылысы да басталған.
Мемлекет басшысының жаппай цифрландыру тапсырмасы аясында бірқатар жұмыс атқарылған. Мәселен, өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге облыс аумағындағы 19 600-ден аса бейнебақылау камерасы Жедел басқару орталығына қосылған. Оның ішінде 834 камера жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған.
«Биыл Ақтөбе облысының көпсалалы ауруханасы базасында «Ахуалдық орталық» іске қосылды. Оған Телемедицина мен PACS информациялық жүйесі енгізілді. Телемедицина бағыты өңіріміздің шалғай аудандарындағы науқастарға заманауи цифрлық технологиялар негізінде сапалы кеңес береді. Сондай-ақ науқастардың барлық радиологиялық зерттеулеріне (КТ, МРТ, рентген) жасанды интеллект қолдана отырып, PACS ақпараттық жүйесі арқылы орталықтандыру мен өңдеу жүзеге асырылады. Бұған қоса елімізде алғашқы облыстардың бірі болып «Яндекс.Карталар» платформасы арқылы бірінші санаттағы жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын нақты уақыт режімінде бақылау жобасы іске қосылды», деді А.Шахаров.
Келер жылға да жоспар көп. Өңірдің экономикалық өсімі кемінде 105 пайызды құрау қажет екенін айтты әкім. Өнеркәсіп саласында 3 трлн теңге өнім өндірілмек. Сондай-ақ Үкімет қойған жоспарға сәйкес облысқа 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылады. Ал нормативтік жағдайдағы автожолдардың үлесі 85 пайызға жеткізіледі. Өңір халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында 2 мыңнан аса тұрғынды қамтитын 3 өтпелі жобаны аяқтап, 3 жаңа жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Барлық қаржыландыру көзінен 1,1 млн шаршы метр тұрғын үйді де пайдалануға беру жалғасады. Бұған қоса шалғай ауылдарда жергілікті бюджет пен басқа қаржы көздерінен 3 300 орындық 12 білім нысаны салынады. Ал республикалық қаражат есебінен Ақтөбе қаласында «Облыстық қан орталығының» құрылысы басталады. 35 мың адамға шақталған футбол стадионының, 5 мың орындық көпфункционалды спорт кешенінің, жаңа драма театрдың құрылысы жалғасады.
Облыс басшысының айтуынша, қазіргі уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты. Өзекті мәселелердің барлығы әкімнің бақылауында.