Жалпы, ЖРВИ-мен ауыратындардың 66%-ы – балалар, 34%-ы – ересектер. Кейінгі аптада елде ЖРВИ-дің 183 мың жағдайы тіркелген. Апта ішінде оқушылар арасында ЖРВИ-дің 6 мыңнан астам жағдайы және тұмаудың 13 жағдайы анықталыпты.
Қазір әлеуметтік желілерде Гонконг деп аталатын вирус туралы жалған-шыны аралас ақпараттар жылдам тарап жатыр. Салдарынан халық арасында тұмаудың жаңа ерекше штаммы пайда болды деген түсінік қалыптасқаны байқалады. Шын мәнінде Гонконг тұмауы вирустың жақында пайда болған түрі ме, әлде бұрыннан бар ма? Бұл жөнінде Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев баспасөз мәслихатында ресми мәлімдеме жасады.
– Жалған ақпарттардың таралуына байланысты ресми түсініктеме бергім келеді. Шын мәнінде Гонконг деп аталатын А (H3N2) тұмауы жаңа вирус түрі емес. Ол алғаш рет 1968 жылы анықталды. Сол кезден бастап ол әлем бойынша үнемі айналымда болды. Қазақстан Республикасының аумағында да бұл вирус көп жыл бойы бар. Оны мерзімді тіркеу маусымдық эпидемиологиялық процестің бір бөлігі саналады, – деп түсіндірді спикер.
Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері елде тұмаудың 590 жағдайы зертханалық тұрғыдан расталған. Сондай-ақ А типті тұмаудың 587 жағдайы тіркелді. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрінің айтуынша, ағымдағы жылы тұмау айналымы қазан айының бірінші жартысында басталған. Бұл былтырғы эпидемиологиялық маусымнан сәл ертерек екенін байқаймыз.
Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі тұмауға қатысы жоқ вирустардың да айналымына мониторинг жүргізіп жатыр екен. Нәтижесінде ел бойынша 3 мыңнан астам үлгі зерттелген. Нәтижесінде түрлі вирустың, соның ішінде риновирус, парогрипп, аденовирус, боковирус, коронавирус, РС вирусының айналымы анықталған. Яғни, ресми ақпаратқа сенсек, биыл ел аумағында бұрын айналымда болмаған тұмаудың жаңа түрлері анықталған жоқ.