Қатысушылардың басты назары 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне аударылды.
Сарапшылар жаңартылған құжат салықтарды әкімшілендіруге деген тәсілді өзгертіп қана қоймай, сонымен қатар елдегі бизнестің дамуына жаңа серпін беруге арналғанын атап өтті. Алғаш рет салық саясаты орталығына бақылау және жазалау шаралары емес, салық төлеушілерді қолдау және сүйемелдеу енгізіледі. Конференцияға қатысушылардың пікірінше, мұндай тәсіл мемлекет пен бизнес арасындағы, әсіресе еліміздің қарқынды дамып келе жатқан экономикалық орталығы – Алматыдағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Қазақстандағы герман экономикасы одағының (VDW) төрағасы, Siemens Kazakhstan ЖШС бас директоры Диас Асанов экономиканы дамыту және мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді нығайту үшін жаңа салық саясатының маңыздылығын атап өтті.
«Салық кодексі – бюджетті толықтыру ғана емес, бизнес пен қоғамның мемлекетке деген сенімінің маңызды индикаторы. Конференция – жай ғана сарапшылық пікірталас емес, тәжірибе алмасу үшін практикалық алаң болып саналады. Бүгінде бізде тәжірибелік кеңестер мен сарапшылардың тәжірибесін тыңдауға, сондай-ақ өзгеріп жатқан іскерлік климатқа бейімделудің ықтимал жолдарын талқылауға мүмкіндік бар. Бұл жетілген және жауапты салық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам», деді ол.
Қазақстандағы герман экономикасы одағының (VDW) бақылау кеңесінің мүшесі, Орталық Азиядағы герман экономикасы өкілдігінің басшысы Эдуард Кинсбрунердің айтуынша, неміс бизнесі Қазақстанда белсенді жұмыс істейді.
«Біз тауарлар мен қызметтерді сатамыз, инвестициялаймыз, бірақ мұны консалтингтік компаниялардың кәсіби қолдауынсыз тиімді жасау мүмкін емес», дейді ол.
«SCHNEIDER GROUP» ЖШС салық жөніндегі директоры Мария Назарованың айтуынша, реформа ашықтықты арттыруға, рәсімдерді жеңілдетуге және мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестік қатынастарды нығайтуға бағытталған.
«Жаңа Салық кодексінде одан әрі пысықтауды және нақтылауды талап ететін тұстар бар. Салық төлеушілермен жұмыс істейтін қауымдастықтар құжатты әкімшілендіру тұрғысынан ғана емес, бизнес үшін барынша қолайлы ету үшін мемлекеттік органдармен белсенді өзара іс-қимыл жасайды», деді Мария Назарова.
Сарапшылар шетелдік компаниялардың қызметін реттеуге қатысты өзгерістерді, соның ішінде төлем көзінен салықты ұстап қалу тәртібін, тұрақты мекемені айқындаудың жаңа тәсілдерін, сондай-ақ халықаралық салық салу және қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдерді қолдану мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырды. Трансферттік баға белгілеу, цифрлық қызметтерден түсетін табыстарға салық салу және резидент еместердің салық есептілігіне қойылатын талаптарды күшейту аспектілеріне ерекше назар аударылды.