Оқиға • Бүгін, 14:15

Түркістандағы өрттен зардап шеккендер Шымкентте немесе Астанада ем қабылдайды

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, 18 жастағы қыз, бір әйел және ер адам ауыр күйде ауруханаға жеткізілген. Барлығы  жансақтау бөлімінде қажетті медициналық көмекті алып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістандағы өрттен зардап шеккендер Шымкентте немесе Астанада ем қабылдайды

Фото: Ашық дереккөз

Науқастарға көмек көрсету үшін Түркістан және Шымкент қалаларынан санавиация арқылы бес маман – токсикологтар мен ересектер және балалар реаниматологтары жіберілген. 

Вице-министрдің мәліметінше, науқастардың жағдайы біршама тұрақтанғаннан кейін оларды Шымкент немесе Астана қаласына ауыстыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. 

Естеріңізге сала кетейік, кеше Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды. Оның 9-ы бала. Қызыл жалын 360 шаршы метрді шарпыған.

Мемлекет басшысы жеке үйде болған өрттің салдарынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.

Сонымен қатар Президенттің тапсырмасы бойынша Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке үйде болған өрттің себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.

Жеке тұрғын үйдегі өрттің салдарынан екі ересек және бір бала ауруханаға жеткізілген. Қазіргі таңда барлығы жансақтау бөлімінде жатыр.

Қаза болған балалардың ең кішісі – 2024 жылы туған, қалғандары – 2009, 2010, 2012, 2015, 2017, 2019 және 2021 жылдары дүниеге келген. Балалардың бесеуі бір отбасынан шыққан – үш қыз және екі ұл. Басқа отбасынан 2018 жылы туған қыз бала аман қалды. Оқиға орнынан суреттер жарияланды.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев өрттің себептерін тергеп-тексеру бойынша құрылған Үкіметтік комиссия мүшелеріне бірқатар тапсырма берді.