Мемлекет басшысының Ресейге сапары аяқталысымен АҚШ-тың «The Diplomat» басылымы «Ресей сапарында айшықталған Қазақстанның «Мәңгілік» және прагматикалық қарым-қатынасының көрінісі» тақырыбында ауқымды мақала жариялады. Автор Альберт Откьер алдымен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақүйде Дональд Трамппен кездескеннен кейін бір аптадан аз уақыт өткен соң Ресейге барғанын атап өтеді.
«Бұл сапар Қ.Тоқаевтың Вашингтондағы жоғары мәртебелі кездесулерінен бірнеше күн өткен соң болды. Онда бірнеше коммерциялық, әсіресе сирек кездесетін пайдалы қазбаларға қатысты келісімдерге қол қойылды. Барлығы 13 қосымша үкіметаралық және ведомствоаралық келісім жасалды. Оның ішінде екі үкімет ғарышты игеру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, ядролық және радиациялық қауіпсіздік жөніндегі меморандумға қол қойды. Ресейдің «Росатомы» осы жылдың басында Қазақстанда кейінгі алпыс жылдан аса уақыттағы бірінші атом электр стансасын салатын мекеме деп таңдалған еді», делінген мақалада. Сондай-ақ Откьер Ресей Қазақстанның ең жақын серіктесі болып қала беретінін көрсетеді. Бұған қоса Қытай, кейінгі кездері АҚШ-пен де байланыс нығая түскенін айтып, осы тұрғыда «Ресей Қазақстанның алдағы уақытта басты серіктесі болып қала бере ме?» деген сұрақ қойып өтеді.
«The Kyiv Independent» басылымы еліміздің Ресеймен қатар Қытай, Батыс елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға ұмтылып жатқанына тоқталып, Украинадағы қақтығысқа еліміздің бейтарап ұстанымын тілге тиек етіп, Финляндия президенті Александр Стуббтың: «Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдері Вашингтон мен Мәскеу арасындағы Украина бойынша бітімгершілік әрекеттерінде делдал рөлін атқара алады», деген пікірін келтірген.
Жалпы, АҚШ, Батыс басылымдарының кейбірі Мемлекет басшысының Ресейге сапары Америка сапарынан соң бірден болғанын айтып өтеді. Иә, Президент Ресейге жасаған сапарынан бірнеше күн бұрын, 6 қарашада Орталық Азияның тағы төрт елінің – Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан басшыларымен бірге Вашингтонға барды. Онда олар АҚШ президенті Дональд Трамппен «С5+1» форматында келіссөздер жүргізді. Сол кездесуде Қ.Тоқаевты Д.Трамп Ақүйде қабылдады. Бұл ретте еліміз Израильдің Таяу Шығыстағы араб елдерімен қарым-қатынасын реттеуге арналған Ибраһим келісіміне қосылды. Ресейдің «РБК» ақпарат порталына берген сұхбатында Ресей Ғылым академиясының Шығыстану институты Орталық Азия мен Кавказдың қазіргі елдері зертханасының ғылыми қызметкері Дарья Сапрынская Қазақстанның АҚШ-пен байланысы оның Ресеймен диалогінен түбегейлі ерекшеленетінін айтады.
«Қазақстанның түрлі халықаралық форматтарға қатысуы елдің көпвекторлы саясатын көрсетеді. Ресей бұған заңды үдеріс деп қарайды, оған ешқандай қарсылық танытпайды. Керісінше, Мәскеу мұны Астананың өз егемендігін нығайтуға, негізгі әріптестерінің мүдделерін теңестіруге ұмтылысы ретінде қабылдайды», дейді сарапшы.
Сондай-ақ Ресей Ғылым академиясының Қытай және қазіргі Азия институты Орталық Азияны зерттеу орталығының жетекшісі Дмитрий Новиков Вашингтондағы кездесуді Астананың көпвекторлы көзқарасы тұрғысынан қарастыру керек деген пікірде.
«Кейбір сарапшылар Қазақстан көшбасшысы АҚШ-тағы саммиттен кейін бірден ресейлік әріптесімен кездесіп жатыр деген пікірлерін білдіріп жатыр. Бұл кездейсоқтық, әрине. Мәскеу Астананың түрлі серіктестерімен қарым-қатынасын дамытуға ешқашан кедергі келтірген емес. Қазақстан – егемен ел», деп пікірін білдірді сарапшы.
Сонымен қатар «Deutsche Welle» – DW (Неміс толқыны) мемлекеттік телерадио кешенінің ақпараттық сайты Президент Қ.Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары өткен жылдың қарашасында В.Путин Астанаға дәл осындай сапармен келген кезде жарияланғанын айтады.
«Сол кездің өзінде бұл Қазақстан–Ресей қарым-қатынасы тарихындағы ең жоғары дипломатиялық мәртебеге ие алғашқы сапар болатыны баса айтылып, екі ел арасындағы ерекше достық байланыс аталып өтті. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Ресейде тең дәрежеде диалог жүргізетін серіктес ретінде әрекет етті», деп атап өтілген.
«DW» сондай-ақ Президенттің мемлекеттік сапарын жіті бақылаған саясаттанушы Виталий Колточниктің: «Қ.Тоқаев Астананың көпвекторлы тәсілі тәуелсіздік стратегиясына айналғанын көрсетті. Әрбір вектор бірін-бірі күшейтетін стратегиялық тепе-теңдік жүйесін құрып отыр. Мысалы, Мәскеуде В.Путинмен кездесуінде Қ.Тоқаев «прагматикалық серіктестік» терминологиясын қолданып, Ресеймен одақтастық үшінші елдерге қарсы саяси қадам ретінде қабылданбау керектігін баса айтты», деген пікірін келтіреді.
Қытайдың «Xinhua», түріктің «Anadolu» ақпарат агенттіктері Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойғандарын жазды.
«В.Путиннің айтуынша, қол қойылған декларация Кремльде өткен Ресей–Қазақстан келіссөздерінің маңызды бөлігі болды. Ал өз кезегінде Қ.Тоқаев бұл декларацияның тарихи маңызы бар екенін атап өтті. «Құжаттың өзара сенімнің мызғымастығын және біздің халықтарымыз арасындағы ынтымақтастықтың кең келешегін көрсететін тарихи маңызы бар», деді ол. Кремль сайтында жарияланған декларация мәтініне сәйкес Ресей мен Қазақстан өздерінің одақтастық қарым-қатынастары аясында саясат пен қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық пен интеграция, ғылымды қажет ететін озық өндірістер, гуманитарлық қарым-қатынастар сияқты салаларда жан-жақты стратегиялық серіктестік орнатуды көздейді», деп жазды «Xinhua» ақпарат агенттігі.
Мұндай декларацияны Ресей бұған дейін Қытаймен жасасқан. Енді Орталық Азиядағы өкілі Қазақстанмен келісімге келіп отыр.
Ал «Reuters» агенттігі екі елдің мұнай саласындағы әріптестігін баса жазды. Онда мұнай, мұнай өнімдерін, көмір, электр энергиясын өндіру, тасымалдау мен жеткізу саласындағы әріптестікті нығайтуға келіскенін атап өтеді. Сондай-ақ газ саласындағы ынтымақтастықтың келешегі, атап айтқанда, еліміздің Ресеймен шектесетін аймақтарын газбен қамтамасыз ету, үшінші елдерге транзиттік тасымалдауды жеткізу тетіктерінің талқыланғанын жазады.