Жұмысшы мамандықтар жылы • Бүгін, 08:35

Жұмысшы мамандықтарының әлеуеті зор

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордада «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдас­ты­руы­мен «Болашақтың жұмысшы мамандықтары» форумы өтті. Ауқымды іс-шараға техникалық және өндірістік салаларға қызығушылық танытатын, кәсіби өрлегісі келетін бес жүзден астам жас қатысты. Қатысушылар сұранысқа ие мамандықтар туралы жан-жақты ақпарат алып, сарапшылардың кеңесін тыңдады. Сондай-ақ Астанадағы жетекші жұмыс берушілермен пікір алмасып, заманауи өндірістің қалай жұмыс істейтінін өз көзімен көрді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, жастардың қызығушылығын арттыруға тапсырма берген. «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы маман­дық­тарын дәріп­теу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», деген еді Президент. Аталған іс-шара осы мақсатта ұйымдастырылып отыр.

Жұмысшы мамандықтарының әлеуеті зор

Форумға қатысушылар алдымен «MetalFormer» ЖШС өнді­ріс алаңына барды. Олар заманауи жабдықталған желілер­дің жұмысымен танысып, өн­ді­­ріс барысының әр кезеңін бақы­лап, шатыр мен қаптама материалдарының жасалу технологиясын, бөлшектерді да­йындау мен өңдеу қадамдарын қадағалап көрді. Сонымен қатар студенттер өндіріс орындарында қауіпсіздік талаптары, еңбек мәдениеті, кәсіби дағдылардың маңызы туралы ақпарат алды. Қатысушылар әсіресе «Knauf», «TP-Link», «GROHE» сияқты халықаралық брендтердің ресурс орталықтарына қызығушылық танытты. Онда мехатроника, желілік әкімшілендіру, телекоммуникациялар, «ақылды үй» тех­но­логиялары бойынша оқу зертханалары таныстырылды. «FESTO» аймақтық орталығы студенттерге өнеркәсіптік автоматика жұмысын көрсету арқылы цифрлық өндіріс дәуірінде білікті маман қалыптастырудың маңызды дағдыларын үйретті. Бұл тәжірибе оларға тек өндіріс барысын ғана емес, бола­шақта кәсіби техникалық маман ретін­де қалып­тасу­дың маңызын түсін­дір­ді.

Экскурсиядан кейін Поли­тех­никалық колледжде диалог алаңы ұйымдастырылды. Іс-ша­раға мемлекеттік органдардың, ірі компаниялардың, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар тәжірибелі мамандармен тікелей сөйлесіп, инженерлік және өндірістік бағыттардағы мансап мүмкіндігі туралы жан-жақты сұрап білді. Сонымен қатар студенттер қа­зір­гі еңбек нарығындағы талап­тар, компанияларда болып жатқан технологиялық жаңа­лық­тар мен жас мамандар үшін маңызды кә­сіби дағдылар туралы сұрақ­та­ры­на жауап алды. Атап айтсақ, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова, «BI Group» даму директоры Бексұлтан Олжабай, «QazaqGaz» ұлттық компаниясының техникалық директоры Уәлихан Қымбатов, Астана қаласы Энергетика бас­қар­масының орынбасары Мақсат Есмағұлов сөз сөйледі.

ва

«Жастар рухы» жас­тар қана­­­тының төрағасы Ақерке Ескендірова жұмысшы маман­дық­­­та­­рын дамыту ұлттық дең­гей­де­г­і басым бағыт екенін атап өтті. Ол жастардың техника­лық және өндірістік салаларда сапалы білім алуына мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты мүмкіндігіне тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмыс­шы мамандықтары жылы деп жариялады. Бұл еліміздің тұрақты дамуы үшін білікті кадр­лар­ды даярлаудың маңызын көр­сетеді. Бүгінде жастардың тех­никалық дағдыларды меңге­ріп, еңбек нарығына сенімді кіруі үшін көп мүмкіндік жасалып жатыр. Мұндай бас­та­ма­лар кәсіби біліктілікті арт­тырумен ғана шектелмей, жас­тар­дың шығармашылық ойлау қабілетін, жауапкершілік сезімін және практикалық дағ­дыларын қалыптастыруға сеп­тігін тигізеді. Сонымен қатар жас­тар­дың өндіріс орындарын­да тәжірибе жинауы, ірі компаниялар­мен тікелей байланыс орнатуы олардың мансабын өсіреді», деді ол.

Пікірталас барысында «BI Group» компаниясының даму жөніндегі директоры Бексұлтан Олжабай сөз алып, құрылыс сала­сындағы жас техникалық маман­дар­ға деген сұраныстың артқанын айтты.

«Қазіргі таңда құрылыс индус­триясында білікті жас кадрларға қажет­тілік күннен-күнге артып келеді. Компаниялар теория­лық білімге ғана емес, нақты өндіріс­тік тәжірибесі бар мамандарға басым­дық береді. Сондықтан жастардың оқу барысында прак­тикалық дағдыларын жетіл­діруі өте маңызды. Жастар ұйым­да­ры­мен бірлескен жобалар арқы­лы студенттер өндіріс барысын өз көзімен көріп, тәжірибе жинай алады. Бұл болашақта олардың кәсіби мансабын жылдам бас­тауға мүмкіндік береді. Біз жас кадр­лар­ды оқытып қана қоймай, оларды нақты жобаларға тарту ар­қылы да қол­дау­ды мақсат етеміз», деді ол.

Энергетика мамандығының екінші курс студенті жас маман­дар­дың жұмысқа орналасу және тәжірибе жинақтау мүмкіндігі туралы сұрақ қойды: «Мен энергетика факультетінің 2-курс сту­дентімін. Болашақта өз маман­ды­ғым бойынша жұмыс істегім келеді. Бүгінде жас мамандар үшін қандай мүмкіндік бар және оқу кезінде мансапты бастауға бола ма?» деп сұрады форумға қатысушы. Бұл сұраққа Астана қаласы Энергетика басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Қайыркешұлы жауап берді. Ол алдымен елордада энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға ба­ғыт­­­талған ірі жобалардың жүзе­­ге асырылып жатқанын атап өтті.

«Бұл жобалар жас инженер­лерге сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Елордадағы энер­ге­тикалық секторда маман­дарға деген қажеттілік артып отыр. Қазір­гі кезде студенттерге өндіріс­тік тәжіри­беден өту, салалық жоба­ларға қаты­су, мамандық бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарас­­тырылған. Белсенділік таныт­­қан студенттер оқып жүріп-ақ кәсіби жолын бастай алады. Тәжіри­беден өткен жастар еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасады», деді ол.

пр

Қалалық мәслихат депутаты, «Жастар рухы» Астана қалалық филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұм форумның маңызын атап өтіп, мұндай алаңдардың жастарға біліммен шектелмей, еңбек нарығындағы өзгерістер мен қазіргі заманғы талаптарды түсінуге көмектесетінін айтты.

«Біз жастарға өндірісті өз көз­де­рімен көрсетуге тырысамыз. Қалай ұйымдастырылғанын, қан­дай жұмыстар жүретінін, даму­дың қан­дай келешегі бар екенін көрсету маңызды. Бүгінгі студент­тер ертең ұлттық және жеке компанияларда жұмыс істейтін болады. Жастар өз қабілетін көрсете отырып, кәсіби өсуге, мансап жолын сенімді бастауға мүм­кіндік алады. Мұндай тә­жіри­белер оларға теориялық білім­мен шектелмей, өндірісті түсінуге, заманауи технологиялармен танысуға, болашақ маман ретінде қажетті дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі. Форумға қатысқан жас басшылар елімізде талантты болсаң, кез келген салада жоғары сатыға көтерілуге болатынын дәлелдеп отыр. Бұл жастарға сенім береді деп ойлаймын», деді депутат.

Ұйым­дастырушылардың ай­­туын­ша, мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты өткізіліп, жастардың жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуына, өндіріс орындарын аралауына, мамандық таңдау бойынша нақты кеңес алуына мүмкіндік жасалатын болады. Форум жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттырып, бұл бағыттың тұрақтылықты қам­та­масыз ететін ғана емес, сонымен қатар нақты кәсіби өрлеуге мүмкіндік беретінін көрсетті. Сондай-ақ іс-шара студенттерге инженерлік және техникалық салалардағы білікті маман болуға бағыт сілтеп, жастарды қолдауға дайын ірі компаниялармен байланыс орнатуға септігін тигізді.