Тұлға • Кеше

Ұлт рухының шамшырағы

80 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алаш арыстары тәуелсіздік көгіндегі самсаған жұлдыздар іспетті. Олар жақындаған сайын алыс, алыстаған сайын рухымызға жақындай берері даусыз.

Ұлт рухының шамшырағы

Астана қаласы әкім­дігінің Орталықтан­дырылған кітап­ханалар жүйесіне қарасты­­ №12 көпшілік кітапханасын­да Алаш ардақтысы Мір­жа­қып Дулатұлының туғаны­на 140 жыл толуына орай «Ұлт рухы­ның шамшырағы» атты іс-шара өтті. Онда тарих ғылым­дарының докторы, профессор, міржақыптанушы Марат Әбсемет Алаш көсемі хақында тың деректерімен бөлісіп, дәріс оқыды.

– Жалпы, Міржақып тақы­рыбына қалай келдің дегенде, мен Міржақып Дулатұлы хақында ең бірінші ғылыми диссертация қорғаған азаматпын. Өйткені Алаш арысының есімін бала күнімнен естіп өстім. Атам Әбсемет сол алаш­тықтармен байланыста болған адам. Кіш­кентайымда үйге көп кісі келетін, әкемнің ақылымен сол шежірелі ақ­са­қалдардан ескі тарихты маг­нитофон­ға ­жазып ала­тын болдым. Қарттар баяғының батырлары, Хан Кене, Әли­хан Бөкейхан туралы айта келіп, Міржақып тақырыбына да ауысатын. Тіпті бір ақсақал Міржақыптың «Бақытсыз Жамал» романындағы өлең жолдарын домбырамен айтып шықты. Мен осыған ерек­ше таң қалдым. Ол кезде Алаш арыстарының есімін ауыз­ға алу өте қиын еді. Кейін ­ға­лымдық жолға бет бұрған­да Мір­­жақып тақырыбы­на бірден қы­зы­ғушылық таныттым, – деді Марат Оралбайұлы.

мм

Іс-шараға бір топ студенттер қатысып, ойларын орта­ға салды. Ара­кі­дік сұрақтар қойылып, Алаш арысының өмірі егжей-тег­жей­лі сараланды. Жиында сөз ал­ған Астана қаласы «Руха­ният» ме­кемесінің басшысы, ақын Арман Шеризат мағыналы дәріс иесіне алғыс білдіріп, Міржақыпқа арналған жырын оқыды. Жиында профессор Марат Әбсемет Міржақып мұ­ра­сының шетелдерде де кең та­нылғанын айтып, жастарды рухты болуға шақырды.

– Міржақып Дулатұлы­ның шығармалары ерте кезден шет елде аударылып, жа­рық көре бастаған. Тіпті Түр­кияда болғанда бір ақса­қал келіп, түрік тіліндегі «Ба­қыт­­сыз Жамал» кіта­бын ұсынды. Бұл сонау 30-жылдары жарық көрген. Мұстафа Кемал Ата­тү­рік қазақ зиялылары еңбе­гімен танысты деген дерек бар. Сонымен қатар жапон Уяма Томохико 1992 жылы Хок­кайдо қаласында Міржа­қып Дулатұлы шығармашы­лығынан диссертация қорғады. Міне, осылайша арысымыздың асқақ идеялары басқа елдердің де қызығушылығын тудырған. Сондықтан, жастар, сендер рухты болыңдар, бізге дәл қазір ұлттық рух ауадай қажет. Рух көтеру үшін Міржақыптай аталарыңның кітаптарын оқың­дар, – деді ғалым.

Жиын соңында модератор Жанна Шеризатқызы Марат Оралбайұлына ризашылы­ғын білдіріп, арнайы алғыс хат табыстады. Сонымен бірге, қанаттанған студенттер Алаш арысына арналған жыр­ларын оқып, лебіздерін жеткізді.