Жасмина финалға өткенін қуанышпен бөлісіп, бұл кезеңнің өз өміріндегі ең әсерлі сәттердің бірі екенін атап өтті.
– Мен «Голос. Дети» финалына өттім! Бұл өте жауапты әрі толқытқан кезең болды. Керемет қатысушылармен бірге ән салдым, бұл нағыз музыкалық мерекеге айналды. Қолдау көрсеткендеріңізге рақмет, алда финал! – деп жазды ол.
Әншінің вокал сахнасындағы жолы ерте басталған. Анасы Гүлзияның айтуынша, қызының музыкалық қабілеті төрт жасында байқалған.
– Ол кішкентай кезінде “Балапан” арнасындағы әндерді дәл айта бастады. Дыбысты тап басатын, дауысы таза әрі ашық болатын. Музыкант ретінде мұны бірден сездім, – дейді ол.
Түзеловтар отбасында Жасминаның жобаға қатысуы ортақ іс ретінде қабылданады. Туған-туыстары репертуар таңдауға, сахналық бейнелерге, әлеуметтік желілерге қолдау көрсетеді.
– Біз оны бүкіл отбасымызбен қолдаймыз. Ағалары мен апайлары да көмектеседі, бірі әлеуметтік желілерді жүргізеді, бірі сахналық образын ойластырады, бірі ән таңдауға идея береді. Әр пікірді тыңдап, педагогпен бірге ақылдасып шешім қабылдаймыз. Сахнаға шыққанда әрдайым жанында болуға тырысамыз. Оның кәсіби өсуіне үлкен үлес қосқан – ұстазы Карина Каренина, – деді Гүлзия.
Жобаны оқу және жаттығумен қатар алып жүру оңай болмағанымен, мектеп пен музыка мектебі қолдау көрсетіп келеді. Әнші волейболды жақсы көреді және спортпен де белсенді айналысады.
– Мұндай үлкен жобаларға қатысу көп күш пен төзімділік талап етеді. Біз де қатты уайымдадық. Қызымның финалға өткенін естігенде бәріміздің көзімізге жас келді, бұл қуанышты сөзбен жеткізу қиын, – деді Гүлзия.
Гүлзияның айтуынша, Жасмина өмірде ашық, көңілді, көпшіл қыз.
– Сахнада жүрегімен ән айтады, сезімін жасырмай жеткізеді. Тыңдарман оның шынайылығын бірден сезеді. Өмірде – мейірімді, көңілді, отбасының кенжесі, еркесі. Ешнәрсені жүрегіне жақын алмайды, ренішті тез ұмытады, – дейді ол.
Сахнаға шығар алдында анасы әрдайым қызына демеу береді.
Жасминаның ұстазы Гүлмира Сейітованың айтуынша, соңғы екі жылда әншінің кәсіби деңгейі айтарлықтай өскен.
– Жасмин маған келгенде-ақ жобаларға қатысқан, тәжірибесі бар болатын. Дауысы күшті, жасына сай диапазоны кең. Біз техникасын күшейттік, репертуарын кеңейттік, музыканы түсініп айтуға үйреніп жатыр. Жасмин өте мақсатшыл, батыл, төзімді. Психологиялық тұрақтылығы да байқауларға қатысу үшін өте маңызды, – деді педагог.
Ұстаздың айтуынша, бір жыл бұрын Жасмина осы «Голос» жобасына қатыса алмаған.
– Әр нәрсенің өз уақыты бар. Биыл ол барлық жағынан дайын болып келді. Осы бір жылдың ішінде бірнеше байқауда жеңіске жетті, үлкен концерттерге қатысты. Мәскеуге барған кезде моральдық, физикалық және вокалдық тұрғыдан толық дайын болды, – деді Гүлмира.
Ол жобаның финалы ең әсерлі кезең болуы мүмкін екенін айтты.
– Жасминаның жолы болатынына сенемін. “Голос” – оның шығармашылық жолындағы бір қадам ғана. Алда әлі талай жоба, байқау, үлкен сахналар бар. Ол небәрі 12 жаста, ең қызығы әлі алда, – деп түйіндеді педагог.
Жасминаның анасы қыздың алдағы жоспарларымен де бөлісті.
– Ол музыкант болуды шын жүректен қалайды. Спортты да жақсы көреді. Оқуда да алда. Қызығушылығы бар әр нәрседе өзін дамытқысы келеді. Ал мүмкіндіктер ашылғанда оларды пайдалану керек. Біздің міндетіміз – қолдау көрсету. Жоспарда – үлкен сахналарды бағындыру, әлемді шарлау, өнер қуанышымен бүкіл отбасымыз бірге жүру, – деді ол.
Шоудың финалы 28 қарашада өтеді.