Саясат • Бүгін, 08:50

Медицина мекемелерінің мүмкіндігімен танысты

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық ғылыми онкология орталығы (ҰҒОО) мен Nazarbayev University Биомедициналық зерттеу орталығын аралап, Президент тапсырмаларының жүзеге асу деңгейін тексерді. Сапар барысында озық жабдықтармен жарақтандыру, жаңа терапия түрлерін енгізу, ғылыми зерттеулерді күшейту мен ядролық медицинаны дамыту мәселелері талқыланды.

Медицина мекемелерінің мүмкіндігімен танысты

Ұлттық ғылыми онкология орталығы – радиациялық онкология бойынша елдегі жетекші орталық. Мұнда жыл сайын 12 мыңға жуық диагностикалық зерттеу мен күрделі операция, 4 мыңға дейін сәулелік әрі протондық терапия курсы, 330-ға дейін ағза мен сүйек кемігін трансплан­та­циялау жасалады.

Пациенттерге көрсетілетін барлық онкологиялық көмек ТМККК пен МӘМС аясында толығымен тегін. Мем­лекет онкологиялық қызметті қар­жы­ландыруды үш жылда 6 есе ұлғайтқан. Жыл сайын бұл мақсатқа 170 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді.

Орталыққа «АЭХА-ның зәкірлік орта­лығы» мәртебесін беру жұмыс­тары жүріп жатыр. Бұл елімізді Орта­лық Азиядағы ядролық медицина мен радиациялық онкологияның аймақтық хабы ретінде танытуға мүмкіндік береді.

Радиациялық технологиялар орталығында радиофармп­репарат­тардың толық өндіріс циклі жолға қойылып жатыр. Қазірдің өзінде ПЭТ/КТ мен елде алғаш енгізілетін ПЭТ/МРТ үшін қажет 18F-FDG өндірісі іске қосылған. Жақын арада тағы 13 препарат шығару жоспарланған, оның бір бөлігі елімізде алғаш рет синтезделмек. Өндірістің арқасында жылына 12 мыңға дейін зерттеу жүргізу мүмкін болады.

Радионуклидтік терапия бөлімше­сінде қалқанша безі ісігін емдеуге ар­нал­ған йод-131 қолданылады. Мұнда жылына 300-ден астам пациент ем қабыл­дай алады. Денсаулық сақтау министр­лігі елімізде радиофармпрепа­ратпен ем алуды қолжетімді ету үшін Астана, Алматы, Шымкент, Семей, Қарағанды мен Ақтөбеде қосымша бөлімшелер ашуды жоспарлап отыр.

ҰҒОО елімізде алғашқылардың бірі болып сәулелік терапияда жасанды интеллект (ЖИ) жүйелерін енгізуде. «Varian» компаниясының EDGE мен ETHOS жүйелері сау тін­дерге әсерді азайта отырып, ісік аймағын жоғары дәлдікпен нықтайды.

Протондық терапия орталығы – Орталық Азияда баламасы жоқ нысан. ProBeam 360 жүйесімен жабдықталған орталық балалардағы күрделі ісік түрлерін емдеуге өте қолайлы. Жылына 1 мың пациентке дейін қабыл­дай алады. Екі КТ-симулятор мен алғаш рет орнатылған МРТ-симулятор арқылы жоғары дәлдікті қамтамасыз етеді. Бұл орталық медициналық туризмді де дамытуға жол ашады.

Премьер-министр Назарбаев Универ­ситетіндегі жаңа Биомеди­циналық зерттеу орталығының жұмысына да баға берді. 5,6 мың шаршы метр аумақта геномика, моле­кулярлық биология, тіндік инженерия, регенеративті әрі трансляциялық медицина бағыттарында зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Орталықтың басты ерекшелігі – халықаралық биоқауіпсіздік стандарттарына сай жабдықталған виварий. Ол AAALAC International аккредитациясын алуға дайындалып жатыр. Бұл отандық ғалымдарға дәрі-дәрмек әзірлеудің жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік береді.

Үкімет басшысына NU экож­үйе­сінде әзірленген бірнеше инновация­лық жоба таныстырылды. ALEM құрылғысы – донорлық органдарды ұзақ уақыт сақтауға әрі тасымалдауға мүмкіндік беретін отандық технология, өңірлік фармацевтикалық орталық құру жоспары – жаңа препараттарды клиникаға дейінгі сынақтан өткізуге бағытталған. Ал роботтандырылған емдеу, қалдықтарды биологиялық өң­деу, шеміршек регенерациясы бойын­ша зерттеулерде назарға алынды.

Олжас Бектенов медициналық тех­но­логиялар саласындағы ғылыми жұ­мыстың маңызына тоқталып, сала­лық министрліктерге отандық әзір­леме­лерді практикалық қолдануға енгізу үшін қолдау көрсетуді тапсырды.

Үкімет басшысының сапары еліміз онкология, ядролық медицина мен биомедициналық зерттеулер саласында серпінді даму жолына түскенін көрсетті. Жасанды интеллект, протондық терапия, радио­фар­ма­цевтика өндірісі, жаңа ғылыми инф­рақұрылым – бұлардың бар­лығы ел азаматтарының жоғары техно­­ло­гиялық, дәл әрі қолжетімді медици­налық көмек көрсетуге бағытталған.

Мемлекет медицинадағы озық технологияларды ұлттық деңгейде жүйелі дамытуға басымдық беріп отыр.

Соңғы жаңалықтар