Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның мәліметіне бақсақ денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спорт салаларындағы 16 ұйым толық цифрландырылған. Шілдеден бері 9 мыңнан астам ұйымның штаттық кестелері декларациядан өтіп жатыр.
Цифрлық бақылау нәтижесінде әлеуметтік саладағы бірқатар бұзушылық анықталған. Атап айтқанда 40 мыңға жуық азаматқа ресми еңбек шарты болмағанымен, зейнетақы жарналары аударылған. Кейбір қызметкерлер бір аймақтағы мектепте штатта болғанымен, өзге облыстардағы ұйымдарға жалған еңбек шартын рәсімдеген. 9,6 мың мектептің штат кестесінде Тізілімде жоқ, ұйым басшылары өздері қосқан 75 лауазым табылды.
Министр БЦП-ны «адам игілігіне бағыттау» концепциясын таныстырды. Платформада 4,5 млн адамның дерегі қамтылған. Жаңа тәсіл әлеуметтік қолдаудың барлық түрін – АӘК пен жәрдемақылардан бастап, мектепке дейінгі білім мен спорт секцияларын субсидиялауға дейін – бір жүйеде көрсетуді көздейді.
Премьер-министр цифрландыру нақты нәтижеге жеткізуі керектігін атап өтті. Автоматтандыру мен әлеуметтік алаяқтыққа қарсы шаралардың арқасында 2024 жылы бюджетке 299 млрд теңге қайтарылған. Алдағы үш жылда қосымша 135 млрд теңгені үнемдеу жоспарланып отыр.
Жиында жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселесі де қаралды. Бұған дейін мемлекеттік білім беру тапсырысына бөлінетін қаражаттың ашықтығын арттыру мақсатында «Қаржы орталығы» АҚ Қаржы министрлігіне берілген еді.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, e-Qazyna.kz порталында іске қосылған OrtaBilim сервисі білім беру мекемелерінің қызметін автоматты бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе рұқсат құжаттарын, оқушылар санын, мектеп қуаттылығын салыстырып, деректердің дұрыстығын тексереді.
Тексеру барысында айтарлықтай заңбұзушылықтар анықталған. Онда 745 жекеменшік мектептің 155-і өз кірісін жасырған. Цифрландырылған 427 мектептің 30%-ы өз қызметін мақсатқа сай жүргізбеген. Мысалы, Түркістан облысында мектеп ретінде тіркелген нысан – тойхана, Шымкентте – сауда орталығы болып шыққан. Бұған қоса 64 мекемеде оқушылар саны жобалық қуаттылықтан екі есеге артық. Алматы облысында 60 орындық мектепке 702 оқушы қабылданған. Ал Астанада 241 орындық мектеп құжаттарында 1 003 оқушы көрсетілген. Жалған мұғалімдер мен қосарланған қаржыландыру фактілері жиі тіркелген.
OrtaBilim жүйесі мұндай заңсыздықтарға тосқауыл қойып, бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсауды болдырмауға бағытталған. Бүгінде жекеменшік мектептердің 86%-ы жаңа жүйе арқылы авторизациядан өтті. Келесі жылдың қаңтарынан бастап қаржыландыру толықтай жаңа талаптармен реттеледі.
Олжас Бектенов жағдайдың өте күрделі екенін айтып, жауапты органдарға тәртіп орнатуды тапсырды. «Мемлекет жоқ оқушылар үшін жиі ақша төлеп келгені белгілі болды. Бұл салада заңсыз индустрия пайда болды. Бірде-бір теңге жосықсыз адамдардың қалтасына түспеуге тиіс», деді Премьер-министр.
Жиын соңында Премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы, Оқу-ағарту министрліктеріне, сондай-ақ өңір әкімдіктеріне бірқатар тапсырма жүктеді. Оның қатарында цифрландыруды жеделдету, заңсыз схемаларды түбірімен жою, әлеуметтік қолдау шараларын нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау, білім беру саласындағы қаржыландыру тәртібін қатайту, жаңа платформаларды толық енгізу жөнінде шара бар..
Үкімет әлеуметтік қолдау мен білім беру саласын қаржыландыруға бөлінетін бюджет қаражатының әр теңгесін тиімді пайдалануды басты міндет ретінде қойып отыр.