Сурет: kff.kz
Матч алдында ұлттық құраманың бас бапкері міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов тас бүркеніп қорғаныста бұғып алмай шабуылмен ойнауға басымдық берілетінін айтты. Әрі солай да болды.
– Біз бірер күн бұрын сырт алаңда Солтүстік Македония ұлттық құрамасына қарсы тартысқа түскенде шабуылға күш салуды мақсат тұтты. Тіпті бірінші таймның алғашқы 15 минутында дүркін-дүркін шабуылдап алаң иелерінің «есін екеу, түсін төртеу» етіп түтіп жібердік. Жеңісті жұлып алуға да болатын еді, екінші тайм орта тұсынан ауғанша алда едік. Қорғанысымыз қожырап 74-минутта қарсыластар есепті теңестірді. Бельгия ұлттық құрамасына «не бел, не белбеу кетер» деп қайрап шығарамыз. Біз бұл жолы да әлем чемпионатына жолдама ала алмайтынымыз айдан анық. Десе де әлемнің таңдаулы құрамасына қарсы қорғанып емес, шабуылдап ойнаудың үлгісін көрсетеміз, – деді.
Білікті маман сөзін жұтқан жоқ. Ойынның 9-минутында түбіт мұрты тебіндеп келе жатқан 17 жастағы Дастан Сәтбаев гол соғып, ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын еншісіне жазды. Дастан Сәтбаев ұлттық құрамада ойнап, гол соққан ең жас ойыншы атанды. 15 қараша ол 17 жастан 3 ай, 3 күн асқан болатын. Бұған дейін бұл мәртебе Еркебұлан Сейдахметтің еншісінде еді. Ол 2018 жылы 18 жастан 1 ай 19 күн асқанда Мажарстан ұлттық құрамасының қақпасына гол соққан еді.
Бұған дейін көбіне бес қорғаушы жүйесімен ойынды өрбітуді құп көріп келген біздің құрама бұл жолы қорғанысты төрт ойыншыға тапсырды. Сөйтті де шабуылға үш футболшыны қатар салып, тактикалық тәуекелге бел буды. Шабуылды мығым етуге Дастан Сәтбаевтың алғашқы минуттардан зор екпін қосқаны көңіл сүйсінтті. 48-минутта Бельгия құрамасының ойыншысы Ванакеннің есепті теңестіруі уыста тұрған үш ұпайды сусытып жіберді. Бұл матч жігіттердің «болат қайнауда шынығатынын» көрсетті. 79-минутта шабуылшы Ислам Чесноковтың қызыл қағаз алып алаңнан қуылуы да жігіттердің жігерін жасыта алмады.
Ұлттық құрама әлем чемпионатына іріктеу аясында өткізген 8 матчтан 8 ұпай жинады. Бүгін биылғы жылжабар ойынды Хорватияның Пула қаласында түйіндеп, Фарер аралдары құрамасына қарсы жолдастық матч өткізеді.