Алматының жаңажылдық бас шыршасы бұрынғыдай Республика сарайының жанында (Абай-Достық қиылысы) орнатылады.
– Қаланың бас шыршасы 18 желтоқсанда Абай алаңында жағылады. Сонымен қатар Медеу ауданындағы жаңажылдық шыршаны жағу рәсімі Панфиловшылар саябағында өтеді. Нақты күні мен уақыты келісім бойынша анықталады, - деп хабарлады Алматының Медеу ауданы әкімдігі.
Мемлекеттік сатып алу веб-порталында жүргізілген ашық конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз анықталып, Медеу ауданы әкімдігі тиісті қызметтерді көрсетуге келісімшарт жасасқан. Мердігер дер кезінде анықталғандықтан, шамамен 40 млн теңге үнемделіп, келісімшарттың жалпы сомасы 160 млн теңге болған.
– Ауданның жаңажылдық безендірілуі бекітілген жоспарға және бөлінген бюджет шеңберінде жүзеге асырылады. Бұған дейін сатып алынған әшекейлер қайта қолданылады. Биыл қолда бар декор элементтерін қалпына келтіріп, оларды мерекелік безендіру кезінде пайдалану жоспарланған, - деп хабарлады Медеу ауданы әкімдігі.
Алматының Түрксіб ауданы әкімдігінің хабарлауынша, биыл ауданның жаңажылдық безендірілуіне жергілікті бюджеттен ҚҚС-ты қоса есептегенде 200 млн теңге бөлінген.
– Қазіргі уақытта мердігер ұйымды анықтау үшін конкурс өтіп жатыр. Техникалық ерекшелікке сәйкес, аудан аумағындағы түрлі локацияда жаңажылдық әшекейлерді монтаждау, бөлшектеу және шығару жұмыстарын конкурс жеңімпазы орындайды. Былтырғы материалдар қайта қолданылады, - деп хабарлады Түрксіб ауданы әкімдігі.